Жамбыл облысының аумағында орналасқан Меркі-Шу-Бурылбайтал тасжолының жайы талай жылдан бері шешілмей келе жатқан күрделі мәселенің бірі. Халықаралық "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолының бойында орналасқан Меркі ауданынан соң, ары қарай Шу ауданына баратын тозған жол тұрғындардың титығына әбден тиген. Жолаушылар Шуға қарай небәрі 100 шақырым жолды екі-үш сағат жүруге мәжбүр. Аталған мәселе талай рет тұрғындар тарапынан облыс басшылығының алдына да қойылды. Бірақ одан еш нәтиже болған жоқ. Талай жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқан мәселе жуырда қолға алынды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жуырда Шу ауданына барған жұмыс сапарында өңірдің автожол саласындағы ең ірі жобасы болып саналатын Меркі-Шу-Бурылбайтал тасжолының 266 шақырымдық құрылысын барып көрді. Жұмысты жүргізіп отырған қытайлық мердігер компания өкілінің айтуынша, аталған жұмысқа 500-ге жуық адам мен 271 техника жұмылдырылған. Бүгінгі таңда 18 шақырым жолға асфальт, ал 20 шақырым жолға негізгі жол жабындысы төселген. Жаңа асфальтбетон зауытын іске қосу, оны реттеу жұмыстары да аяқталыпты. Сонымен қатар, мердігер аталған тасжолдың бір бағытын ағымдағы жылы аяқтауға берген уәдесін тағы да қайталады. Дегенмен, бұл мердігер аса сенімді емес. Алайда олар тапсырманы орындау үшін бар күшін салатынын айтуда. Бердібек Сапарбаев №8 карьерде құм өндірудің рұқсат етілген көлемін ұлғайту мәселесін шешуге және шетелдік мамандардың елімізге кіруіне көмек көрсететінін айтты. "Күн суымай тұрғанда алдағы үш ай ішінде барлық топырақ жұмыстарын аяқтап үлгеру үшін екі ауысымда жұмыс істеу қажет. Мәселе туындаған жағдайда аудан әкіміне тікелей хабарласыңыздар", деді ол.
Көпшілік Меркі-Шу-Бурылбайтал тасжолының құрылысы биыл аяқталады деп күтуде. Десек те, әкімнің айтқанын уақытында орындау үшін жұмысқа құлшына кірісіп отырған қытайлық компания жолды биыл пайдалануға беретін шығар деген үміт бар.
Жамбыл облысы