Биыл халықаралық ауқымда кеңінен әйгілі Алтын Орда мемлекетінің құрылуының 750 жылдық тарихына сәйкес келіп отырғандықтан осы ұлы мемлекеттен бізге мұра болып қалған көне тарихи орындарды анықтау аса маңызды. Сондай қасиетті ескерткіштердің бірі – Алаша хан кесенесі. Аты да заты да жұмбақ бұл кесенеде кім жатқаны туралы нақты тарихи деректер табылмағандықтан бүгінде осыған қатысты «болжампаздар» қатары көбейе түсуде.
Онда кімді жерлемедік десеңізші? Басы Шыңғыс хан болып, оның ұрпақтары Орыс ханды да, Ақназар ханды да осында «жатқызып» көрдік. Алайда дәлелдеулер осал болғандықтан бұл айтылғандар тұспалдау түрінде қалды.
Естір құлақ болса, біз де осыған байланысты өз пікірімізді айтып жүрміз. Ең алдымен айтарымыз, бұл мәселеде сөйлеу үшін ең алдымен «Алаш» немесе «Алаша» атауларының басын ашып алуға тура келеді. Ал олардың тарихы арғы замандардан бастау алады. Алайда Орхон жазуларында кездеспеуіне қарағанда бұл ұғымдар VІІІ ғасырға дейін әлі де қолданысқа кеңінен ене қоймаған. Қашқари өзінің әйгілі еңбегінде бұл мәселеге «АЛАШҰ – баспана, кепе» деген нақты түсініктеме берген еді. Дәл осыған ұқсас мағынаны түрік тілінің білгірі В.В.Радловтан да кездестіреміз. Ол Алаша деген сөзді «аласа, яғни кіші» деп түсіндіреді. Бұдан және басқа да деректерден аңғаратынымыз, ХІ ғасырдағы түркі сөзі «Алашұ» немесе «Алаша» біртіндеп қолданыстан шығып, оның «Аласа» деген баламасы кейінгі қазақ тілінде сақталып қалған. Кезінде хан емес, бірақ ханнан кейінгі саяси тұлғаларға түркілер «Алаша» (кіші, аласа) деген есімді берсе, шағындау ұлыстар мен екінші қатардағы ордаларды да осылай атаған.
Осыған қосымша дәлел – кезінде Алаш қозғалысы қатарында болған Мұстапа Бұралқыұлы жасаған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қазақша «Алашақ» сөзінің мағынасы «Аласа» екендігі, сондай-ақ «Аласаның» «биік емес, тапал» дегенді аңғартатыны тағы да атап көрсетілген. Алаш қозғалысының қайраткерлерімен бірге қуғындалған бұл кісінің пікірі жоғарыдағы В.Радловтың айтқанымен үндесіп жатыр.
Осындайда тағы бір айтпағымыз, бүгінгі тарихтағы қателіктердің бірі – зерттеушілердің бәрі «Алаша» сөзінің қалмақ-моңғол аудармасына ғана мән береді де, ал XI ғасырда Махмұд Қашқари айтып кеткендей, оның көне түрік сөзі екендігін біле бермейді. Мұның басты себебі, біздің ойымызша XIII ғасырға қарай, моңғол жаулауынан кейін «Алашаның» көне түрікше айтылуының қолданыстан шығып, оның моңғолша (қалмақша) мағынасының көп қолданыла бастауында деп ойлаймыз. Сондықтан да тарихи әдебиетте: қазаққа ұран болған «Алаша» ма, жоқ әлде «Алаш» па? – деген нақты сауал ешқашан да туындамай, бұл екеуін бір сөз, бір тұлға ретінде қабылдап, мәселе онан ары шатаса түсті. Оның үстіне қазақтың жауға шапқанда «Алаша» деп емес, «Алаш» деп ұрандағаны және белгілі. Және бұл екеуі әртүрлі мағынаны білдіретін бөтен сөздер болып табылады. Сондықтан, бұл мәселеде бұрынғылар жіберген қателікті қайталамай, «Алашты» «Алашадан» бөліп, жеке қарастыруымыз қажет болады.
Сондықтан да Алашаны қоя тұрып, алғаш Алаш атанған тарихи тұлғаларға қысқаша тоқтала кетер болсақ, олар біздің білуімізше үшеу. Нақты атап айтар болсақ, олардың алғашқысы – дәстүрлі қазақ шежіресінің басында тұрған Алаш баба (шамамен біздің заманымыздан бұрынғы XIV ғасырдың екінші жартысы), екінші – Түргеш қағанатындағы Бес Түрік Дулу құрамындағы бір тайпаны басқарған және VIII ғасырда өмір сүрген Түргеш Алаш шор және үшінші – Өзбек ұлысының ханы Әбілқайырмен замандас Ақ Орда аймағын билеген Алаш баһадүр. Бұл кісілердің әрине, Алаша ханға еш қатысы жоқ. Алғашқы Алаш соңғы шежіре мәліметтері бойынша, Мұхаммед пайғамбар туғаннан бір мың тоғыз жүз жыл бұрын өмір сүрген адам. Халық жадында осы Алаш қазақтың арғы бабасы ретінде есте сақталған тұлға. Ал енді аталған Алаш атты тұлғалардың қайсысы қазаққа ұран болды дегенде Алаша ханға емес, аталған үшеудің соңғысы Алаш баһадүрге тоқталатынымыздың себебін бұрынғы зерттеулерімізде де айтқан едік. Иә, Моңғол ұлыстаӨры ыдырай бастаған тұста ХІV-ХV ғасырлар тоғысында Қазақ хандығы құрылардан 20-30 жылдай бұрын Дешті Қыпшақ (Ақ орда) даласын Алаш баһадүр атты тарихи тұлғаның дара билегені ортағасырлық автор Масуд ибн Осман Кухистанидің «Тарих-и Абулхайрхани» атты шығармасында нақты айтылған.
Ал енді Алаша хан мазарына келсек, жаңа зерттеулер мынаны көрсетіп отыр: мұнда бұрын айтып жүргеніміздей, қарадан шығып халыққа ұран болған біз әңгімелеп отырған Алаш баһадүр емес, Шыңғыс тұқымы, яғни ақсүйек тұлға Алаша (Аласа) хан атанып кеткен, Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ежен жатыр демекпіз. Әкесі Жошымен қатар Алаша ханның айшықты кесенесінің ғасырлар қойнауынан бүгінге аман-есен жетуінің басты себебі оның қазақ хандары мен сұлтандарының арғы бабасы болуында.
Алаша хан кесенесінде Орда-Еженнің жатқанына мынадай дәлелдеріміз бар:
1. Әкесі Жошыға жақын аймақта тұрғызылған еңселі де айшықты кесенеде жатуға Ежен әбден лайық еді. Ол Жошы ұлысы – «Ұлығ ұлыс» аталған мемлекеттің алғашқы бастауында Жошыдан кейінгі саяси ірі тұлға болды. Ежен осы ұлыстың ғана емес, бүкіл Моңғол империясының ірі қайраткері ретінде 1223-1224 жылдары өткен мемлекеттік жоғарғы жиындарға, 1229 жылы Өгедейді, одан соң 1246 жылы Күйікті қаған сайлаған ұлы құрылтайларға Жошы әулетінің басты тұлғасы ретінде қатысты. 1235 жылы Қарақорымда өткен ұлы құрылтайда ол інісі Бату ханмен бірге батысқа жорық жасайтын моңғол әскерінің басқарушы құрамына еніп, Жошы әулетінің әскерін басқарып, Еуропадағы Тисса өзені аймағына дейін барып, ерекше ерліктерімен көзге түсті. Күллі Моңғол империясының ұлы қағаны шығарған ресми жарлықтарда Еженнің есімі әрқашанда інісі, Алтын Орда ханы Батудан жоғары тұрды. Бұл оның рухани-әлеуметтік тұрғыдан көрнекті де ірі тұлға болғанын дәлелдейді.
Өтеміс қажының XVI ғасырдағы «Шыңғыснаме» атты еңбегінде Жошы хан қайтыс болған соң, оның Ежен (Ордана Ежен) мен Сайын (Бату) бастаған балалары әкенің босаған тағына кім отыратынын шеше алмай, аталары Шыңғыс ханға барғандары айтылады. Шыңғыстың «Жасақ» заңы бойынша таққа балалардың үлкені Ежен отыруы керек еді. Алайда ол, інісі Сайынның (Батудың) Ұлы даладағы үлкен беделін және мемлекет басқару қабілетін мойындап, тақтан бас тартады. Мұны бектерімен кеңескен Шыңғыс хан мақұлдап қана қоймай, оларға Жошы ұлысының екі қанатын бөліп берді. Ол бойынша Сайын ұлыстың оң қанатына, Еділ бойындағы аймақтарға ие болса, ал ағасы Ежен ұлыстың сол қанатын – Сырдарияның төменгі ағысынан Ұлытауға дейін созылып жатқан аймақты иемденді (Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. Алма-Ата, 1992, 122 б.).
Шыңғыс қалыптастырған дәстүр бойынша ұлыстың оң қанатын билеуші аға хан болатын еді де, ал сол қанатты билеуші кіші (аласа) хан болып есептелді. Осыдан бастап, Орда-Ежен Батудан жасы үлкен бола тұрса да, билік лауазымы аласа болғандықтан, өзі өмір сүрген ортада – қыпшақтілдестер қауымында екінші хан, яғни Алаша (Аласа) хан аталды. Осыған байланысты осы аймақтағы Алаша хан мазары деп жүргеніміз қазақ хандарының арғы және алғашқы бабасы Орда-Еженнің мазары деген қисынды қорытынды туындайды.
Осы жерде Орда-Еженнің қосақталған екі есіміне байланысты өз пікірімізді айта кеткенді жөн көрдік. Зардыхан Қинаятұлы Еженнің өз аты Орда (Ордана) да, ал Ежен оның қосымша аты деген пікірді айтады. Біздіңше, бұл жерде мәселе керісінше моңғолша, «Ел иесі» деген мағынаны білдіретін «Ежен» оның туғанда азан шақырып қойған өз аты деп ойлаймыз. Өйткені Өтеміс қажының «Шыңғыснамесінде» оның есімінің алдында тұрған «Орда» есімі мүлде аталмай, «Ежән», «Ежән-хан» деген атау ғана қолданылады (көрсетілген еңбек,121-123 б.). Ал енді «Орда» (түрікше-Орду, моңғолша – Ордана) ежелден келе жатқан билік лауазымы. Ежелгі қытайдың Хән әулеті тұсында «Орданай» – Орда әкімі, бас ұлықнайдың қолқанаты» дегенді білдірген. Уаң Бинхуа,Уаң Миңжы. «Үйсін туралы зерттеу». Іле халық баспасы. 2009; Мына кітап бойынша беріліп отыр: Жанболат Сұлтан. Ежелгі ұлыс тарихы.Тарихи зерттеу. «Атажұрт». 2012, 162 б.). Махмұд Қашқариде де «Орду» сөзі дәл осындай қызмет лауазымын, Орда бақылаушысы деген мағынаны білдіреді. Моңғол империясының Ұлығ ханы Мөңкенің өзінің жарлықтарында Орда-Ежен есімін Батудан жоғары көрсетуі, кезінде Шыңғыс ханның Батудың «оқ хан» лауазымынан кейінгі «Ордана (Орду)» билік дәрежесін Еженге тапсырғаны байқалады. Осы негізде Шыңғыс хан қалыптастырған Жошы ұлысындағы (Алтын Орда мемлекетіндегі) алғашқы кезеңдегі ел басқару жүйесі XIII ғасырдың 20-50 жылдарында төмендегі билік сатыларынан тұрды:
Мемлекеттегі ең жоғарғы билік – Ұлұғ хан Ұлыстың оң қанатын билейтін аға хан – «Оқ хан» (монғ. Khan huu) немесе «Яссақ ханы» («Хан йосуқын») Ұлыстың сол қанатын билейтін кіші, Алашұ хан – «Алаша хан» (Аласа хан-«Орду».
2. XVII ғасырда өмір сүрген Әбілғазы Бахадұрхан Орда-Еженнің қосымша аты «Алшын» болғанын атап көрсетеді. Алайда әңгіме бұл жерде тағы да Алаша туралы болып отыр. Өйткені ол, өзі Есім хан мен Тұрсын хан заманында жырақтағы Тәшкент-Самарқанд аймағында өмір сүргендіктен, Ұлы далада таралған «Алшын» мен «Алашаны» бір тайпалық атау деп қабылдаған. Бұл жерде қазақтардың Алшын одағында Алаша деген рудың бар екендігі және белгілі. Осыған байланысты әйгілі профессор-филолог Сәрсен Аманжолов А.Левшиннің, Ш.Уәлихановтың айтқандарына сілтеме жасай отырып, былай деп жазған еді: «по легендам казахов и киргиз, слово «алшын» (иногда «алакчын», «алачен») часто связывается с племенным названием алача // алаша) или с именем Алаш (Алач), которое выступает как синоним слова «казах»...». Бұл жерде зерттеуші Н.Аристовтың Рашид ад-Диннің шығармасына сүйене отырып, «алшын» сөзі «алашадан» немесе «алаштан» шыққан болар деген тұспалдауына да назар аударады және ол лингивистикалық көзбен қарағанда бұл пікірдің толық қисынды екендігін айтып, мақұлдайды. Бұдан туындайтын қорытынды біреу: Орда-Еженнің қосымша атын «Алшын» деп көрсетіп отырған жоғарыда аталған Әбілғазы шын мәнінде оның «Алаша» («Аласа») деп аталғанын айтып отыр.
3. Алаша хан кесенесінің Жошы хан кесенесімен бір өзен – Қаракеңгір бойында, бір аймақта – Жошы ұлысының алғашқы орталығы болған Ұлытау өңірінде жатуы да аталмыш кесенеде әкесіне әрқашан жақын болған, үлкен ұл – Еженнің жатқанын дәлелдей түседі. Әкелі-балалы бұл екеуі де осы өңірде өмір сүріп, осы аймақта дүниеден өтті. Олардың Ордасы да осында болды. Осындайда, кейбір тарихшылардың Жошы мен Еженнің ордаларын кезінде Шыңғыс ханға жаздық Орда болды делінетін алыстағы Ертіс бойынан іздестіретіндері түсініксіз. Мұндағы қателік – Шыңғыс хан өзінің Ұлұғ Ордасын мұрагерлікпен Жошыға емес, Үгедейге қалдырғанын ескермеу. Ал атадан келе жатқан Моңғолиядағы қара шаңыраққа, үлкен үйге дәстүр бойынша кенже бала Төле ие болғанын білеміз. Сондықтан да Жошының да, оның үлкен ұлы Еженнің де Ордаларын Ертіс бойынан іздеу қате деп ойлаймыз. Күні бүгінге дейін оны бұл маңнан ешкім таба алмаған себебі – Ертіс аймағы ешқашан да Ежен ұлысына қараған жоқ. Орда Ежен ұлысына қандай аймақтар қарағаны бір ғана деректе – ортағасырлық Муин ад-Дин Натанзи жазып қалдырған «Аноним Искандера» атты шығармада көрсетілген. Онда Жошы ұлысының Орда-Ежен ұрпақтарына қараған сол қанатына «Ұлытау, Сегіз ағаш және Қаратал аймақтары, Туйсенге (Тюменге?) дейінгі аймақтар» жатқызылған (Тизенгаузен В. СМИЗО.Т.II.-СПб, 1884, 127 б.). Мұнда Ертіс аймағы мүлде аталмайды. Яғни Ежен ұлысының шығыс шекарасы деректе көрсетілгендей, Қаратал-Іле өзендері аңғарынан арыға бармайды. Кейінгі археологиялық зерттеулер де Жошы-Ежен ұлыстарының орталығы Ертіс бойы емес, Ұлытау аймағы болғанын дәлелдеп отыр. Сондықтан да әкесі Жошының да, баласы Еженнің де қабірі осында, Ұлытауда жатыр. 1242 жылы Моңғолияға бара жатқан жолында Плано Карпини Орда-Еженнің Алакөл маңын мекендеп отырғанын жазып кетеді десек, мұнда әңгіме – Еженнің Ордасы туралы емес, осы аймақтағы оның көшу жолдары туралы болып отыр. Сондай-ақ мұнда да Ертіс бойы аталмайды. Оның үстіне соңғы жылдардағы зерттеулерде Еженнің ұлысының үш орталығының бірі Ұлытау (Орда Базар) болғаны да айтылып жүр.
4. Алаша хан кесенесінің Орда-Ежен және оның балалары заманындағы құрылыс болып табылатынын жөндеу жұмыстары кезінде оның қабырғасындағы кірпіштердің бірінен XIII ғасырдың екінші жартысындағы – XIV ғасыр басындағы Алтын Орда-Ақ Орда төрелердің тұтқалы тарақ рулық таңбасының табылуы да дәлелдей түседі.
Ал енді бұл жерде Орда-Еженнің ұрпақтарының қайсысы оған Ұлытауда кесене тұрғызды деген нақты сауалға жауап іздер болсақ, ханның немересі Қонышқа тоқталамыз. Мұның негізінен екі себебі бар. Оның алғашқысы жоғарыда айтқанымыздай, Қоныш атасы Орда-Еженнің жаулары тынышталған, көзден тайған бейқуат заманда жиырма жылдан астам ел биледі. Бұл маңызды құрылыс тұрғызуға аса қолайлы кезең еді. Екіншіден, Алаша хан кесенесінің өзіндік, дәстүрлі және исламдық ерекшеліктері, және мұндай ескерткіштің Қазақстан ғана емес, Орталық Азия аймағында да кездеспеуі мұны тұрғызған ханның ел ішінен ғана емес, басқа елдерден де шеберлер шақырғанын байқатады. Бұл кесене туралы өткен ғасырдың 50-ші жылдарында оны арнайы зерттеген архитектор-тарихшы Г.Г.Герасимов былай деп жазған еді: «Прямых прототипов мавзолея Алаша-хан мы не знаем не только в Центральном Казахстане, но и на всей территории Средней Азии».
Ал енді басқа елден де шеберлер шақыру мәселесіне келсек, осындайда Қоныштың қоңырат руынан шыққан анасының Иран аймағын билеген Хулагу ханның ықпалды әйелімен туған апалы-сіңлілі болғаны еске түседі. Бұл байланыстарды өзі 1250-1251 жылы қайтыс болғанға дейін Ежен негіздеп кеткен еді. Сондықтан да Еженнің немересі Қоныш хан 1280-1301 жылдары Ақ Орданы басқарған кезінде Иранды билеген хулағулық елхандармен тығыз туыстық және дипломатиялық байланыстар орнатты. Сондықтан да біздің ойымызша, Алаша хан кесенесін салуға жергілікті қыпшақтармен қатар парсы шеберлері де атсалысқан. Сондықтан да кіре берісі қасиетті Меккеге қарап салынған, кесене архитектурасында парсылық және мұсылмандық элементтер жергілікті дәстүрге сәйкестендірілген.
5. Ал енді осындайда, Алаша хан кесенесінде Орда-Ежен жатқан болса, онда неліктен ханның өз аты ұмыт болып, қосымша есімі ғана халық есінде сақталған деген орынды сауал да туындайды. Мұның біздің ойымызша екі себебі бар: 1.XIV-XV ғасырларға қарай Ұлы даладағы Шыңғыс тұқымы толық түркіленіп, олардың моңғол-тұңғыс тіліндегі есімдері қыпшақтық ортада ұмытыла бастады. Сондықтан да біз негізгі дерек ретінде пайдаланып отырған, Өтеміс қажының XVI ғасырдағы жергілікті халықтың тілінде жазылған «Шыңғыснаме» атты еңбегінде Батудың аты да аталмай, ол тек Сайын деп аталса, ал Орда-Еженнің қосалқы «Орда» аты да бұл еңбекте ауызға алынбайды. Себебі, халық бұл заманда, Еженнің моңғолша атын емес, елге кеңінен таралған қосымша түркілік есімі «Алаша ханды» ғана есте ұстап қалды. Ал енді ғасырлар тезінен аман өткен әкесі Жошы ханның ескерткіші тәрізді Алаша хан кесенесінің қирамай аман қалуының арқасында ғана мұндай тарихи тұлғаның өмір сүргенін біліп отырмыз. 2. Одан соң, Орда-Еженнің өз атының ол жерленген кесенеде сақталмауына бәрінен бұрын Жошы тұқымдары мүдделі болды. Алғаш Бату мен Ежен тұқымдарының, одан соң Шайбан және Ежен әулеттерінің Алтын Ордадағы және Ақ Ордадағы таққа таласқан өзара қырқысулары, кесенені дұшпандардың қирату қаупі оны қорғауды басты мәселеге айналдырды. Сондықтан да Ежен әулеті аталарының кесенесін оның жергілікті халыққа ғана әйгілі қосымша есімімен – Алаша хан атымен атағанды жөн көрді. Бұл өзі халықтық байырғы шежіредегі Алаш бабаның есімімен үндесіп жатқандықтан көп кешікпей-ақ Алаша хан кесенесі де қасиетті орынға айналды. Айтылғандардың қисындылығы кейін Ақ Ордаға астана болған Сығанақта Орда-Ежен тұқымынан шыққан хандар кесенелерінің қиратылуы және сақталмауы айқын дәлел бола алады.
Алайда бұл жерде мынаны да айтқан жөн: кейбір зерттеушілер Алаша хан кесенесінде Ақназар хан жатыр деп ойлайды. Бұл қате. Ұлытау өңірі Ақназар билікте болған заманда әлдеқашан, хандықтың саяси орталығы болудан қалған еді. Оның үстіне Ақназар хан жорытқан және қайтыс болған аймақ оңтүстікте, Ұлытаудан шалғай жатыр. Мұндай көзқарасты кезінде архитектура тарихын жақсы білетін Г.Г.Герасимов те дәлелді түрде теріске шығарған болатын.
Тағы бір айтарымыз, Орда-Еженнің жетінші ұрпағы Ақ Орданың даңқты ханы Орыс ханды Алаша хан жасағысы келетіндер бар. Орыс ханның Алаша аталуы мүмкін емес. Біріншіден Орыс ханның Ұлытау аймағына еш қатысы жоқ. Ол бұл аймақта көшіп-қонбаған және оны ешқашан да атамекенге айналдырмаған; Екіншіден, оның саяси-әкімшілік орталығы, ресми астанасы Сығанақ қаласы болды. Оның бүкіл өмірі, барлық негізгі әскери жорықтары Ұлытауды емес, осы Сыр бойындағы қалаларды Әмір Темір мен Тоқтамыс ханнан қорғауға және Еділ бойындағы Сарайда Алтын Орда тағын иемденуге арналды.
Сонымен осы айтылған қисындарды тұжырымдай келе тағы да айтарымыз: Алаша хан кесенесінде әкесі Жошымен қатарласып, әкенің қара шаңырағына ие болған және інісі Батының (Батудың) Алтын Ордасына бағынышты сол қанаттағы кіші орданы билеген, сондықтан да Аласа (Алаша) хан атанған Жошының үлкен ұлы Орда (Ордана) Ежен жатыр.
Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д. профессор