Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек», деген болатын. Осы орайда қол астындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың жұмыстан босатылуы, сондай-ақ тәртіптік жазаға тартылуы жөнінде соңғы кездері заңнамалық норманың орындалуы барысына аз-кем тоқталғанды жөн көрдік.
Биылғы жылдың 7 айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан мемлекеттік органдарға қылмыстық құқықбұзушылықты және басқа да заң бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою туралы 1118 ұсыныс жолданған. Осы ұсыныстарды қарастыру нәтижелері бойынша 575 тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде 72-сі жұмыстан, 81-і лауазымынан босатылған. А 68-іне лауазымға толық сәйкес келмеу туралы ескерту берілсе, 10 тұлғаның лауазымы төмендетілген, 145-іне қатаң сөгіс жарияланған.
Бақылаудың болмауы мен бағыныштыларымен заң бұзушылықтарға жол бергені үшін әр түрлі деңгейдегі 250 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. оның 46-сы лауазымынан, жетеуі жұмыстан босатылған.
Осы арада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі таратқан бірқатар деректерге тоқтала кетейік. 25 шілдеде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Молдағұловқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Осы жылдың мамыр айында ол тұлғалар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы кәсіпкерден 700 мың теңге сомасында сыйақы алып, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында аттестат алуға қатысты оң шешім қабылдауға уәде берген.
Шенеунік қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Соның салдарынан оған он есе көп 7 млн теңге мөлшеріндегі айыппұл төлеу мен мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Баитовқа тікелей бағынысты қызметкердің тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлығы үшін комитет басшысын тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуы тиіс еді. Алайда комитет төрағасы Баитов жауапкершілікке тартылған Молдағұловқа қатысты сот үкімінің заңды күшіне енуіне дейін өз еркімен қызметінен босатылды.
Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдіктің бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар дүкен құрылысына арналған жер учаскесінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгертумен және сәулет-жоспарлау тапсырмасын берумен айқындалған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
23 шілдеде Қостанай қаласы әкімінің өкімімен теріс себептер бойынша тергеудегі Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Финк атқарып отырған мемлекеттік лауазымынан босатылды. Егер оның кінәсі сотта дәлелденсе, онда 10 күнтізбелік күн ішінде қала әкімі отставкаға кетуі мүмкін.
Сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің өкімімен Білім басқармасының басшысы Цымбалюк өз еркімен жұмыстан босатылды. 29 шілдеде оған бағынышты Білім басқармасы жанындағы «Ақпараттандыру және білім сапасын бағалау орталығы» КММ-нің басшысы Павличенко қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша кезекті төлемді жедел аударуға пара алғаны үшін ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігі бойынша сот үкімімен кінәлі деп танылды (үкім заңды күшіне енбеген).
3 тамызда әкімшілік құқық бұзушылық бойынша екі сот шешімі қабылданды.
Жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде мемлекет қазынасы 2,2 млн теңгеге жуық еселенген айыппұл есебінен толықтырылмақ.