• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Тамыз, 2020

Досжан хазірет кесенесі жөнделіп жатыр

1143 рет
көрсетілді

Шұбарқұдық маңындағы бұдан 150 жылдай уақыт бұрын салынған, өз кезеңінде осы аймақтағы барша қазақтың сүйініші, сүйеніші, жақсы үміті болған, кейіннен кеңес билігі дүкен, астық қоймасы, мал қора ретінде «пайдаланып», ақырында керексіз ғып қалдырған Досжан хазірет мешіті мен оның айналасында былтырдан бері қызу жұмыстар жүріп жатыр.

Бұл көне тарихи ескерткіш – діни кешенді 1979 жылы зерттеуші Серік Әжіғали «Ишан ата кешені» ретінде тір­кеп, ол кезде күмбездері құлап, ішкі-сырт­қы сылағы жартылай түсіп қалса да, қабырғалары мен іш жағындағы көне ою-өрнектер мен ғажап бояулардың ізі сақталған мешіт көріністерін суретке түсіріп алған. Зерттеуші бұл кешенге қатысты: «Әсіресе шикі кірпіштен қаланған көп камералы мешіт ерекше қызықтырады, оның ішкі көрінісінде ганч үстіне түсірілген әсем фрескалық өрнектер әлі де сақталған», деп түсінік береді.

Жалпы, өткен ғасырдың 80-90 жыл­дарындағы еңбектерде бұл ескерткіш қазіргідей «Досжан хазірет мешіті» деп, нақтыланған нұсқада емес, сол кездегі көнекөз қариялардың аузынан жазып алынған қалпында «Ишан ата кешені», «Ишан ата мешіті» аталған екен. Бұл атаудың алда да ұмытылмай, қолданыста болғаны дұрыс: мұндағы «ата» сөзінің әулие, аруақты тұлға деген ұғымды меңзейтіні белгілі.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қуғын-сүргін кезінде Досжан ишанның ұрпақтары қудаланып, бірі «халық жауы» ретінде өлім жазасына кесілсе, кейбі­рінің мал-мүлкін тартып алып, өзін айдауға жіберген. Осындай аласапыран шақта бұл әулет жан-жаққа шашырап кеткен. Тек беріде ғана ес жиып, даңқты бабаларына іздеу салып, оның мешіті жанындағы қабірінің басына құлпытас қойыпты. Архивтерде, әдебиет пен баспасөзде және ел аузында қалған деректер бойынша Досжан атаның өмірі мен қызметі аз-кем зерттеліп, мақалалар, сұхбаттар, т.б. еңбектер жарияланды. 2015 жылы Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде Досжан ишан Қашақұлының туғанына 200 жыл толуына орай ас беріліп, ғылыми-практикалық конференция өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Досжан хазірет мешіті «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде енді.

Ал былтырдан бері Досжан хазіретке арнап кесене тұрғызу, көне мешітті жан-жақты зерттеу мақсатында қазба жұмыстарын жүргізу, оның маңына жеміс ағаштарын отырғызу, яғни бұрынғы діни кешен орнында жаңа рухани орталық ашу бағытындағы істер қолға алынды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен қолға алынған бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы билік, Ишан атаның ұрпақтары, «Алаш парызы» қоғамдық қоры, т.б. атсалысып отыр.

Мешітте жүргізілген зерттеулердің қорытындылары жайлы айтпас бұрын, сол мешіт салынған дәуірдің көріністеріне аз шегініс жасасақ…

 

Тар заман

Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы» романында елді аштық жайлаған тұста Ақтөбе өңіріне ақын Сәкен Сейфуллиннің іссапармен келіп, сол сапарында Бақытжан Қаратаевпен кездескені, екеуінің сұхбат құрғаны баян­далады. Романдағы Бақытжан қарттың әңгімесінен үзінді алдық:

«Кейкіман және Қожақметтің туған әкесі 1869 жылғы «Ел ауа» кезінде, кәдім­гі Жем бойындағы «Ал келді» дей­тін жердегі патша әскерімен шайқаста қаза тапқан… Кейкіманның інісі сол уақи­ғадан кейін Шора батыр, тана Жал­мұқамбет молда, Ишан Досов дейтін адамдар соңына ерген қырық үймен «Тескен тау» өтіп кеткен. «Тескен тауы» түрік жеріндегі бір тау ма, қалай? Түркия мемлекетінің рұқсатымен сол қырық үй қазақ сол жылжудан жылжып отырып, Шам шаһарының түбінде орын тебеді. Мешіт ұстап, медресе ашып, тіршілік етіп, қазақтың ескі ғұрпын, салтын сақтаумен қатар, қолөнер шеберлігіне де бейімделеді… Өздері қырық жыл ішінде екі есе көбейіп, бір тайпа ел болған. Мұны мен қажыға барып келген ілуде бір ғана қазақ әйелі – Мағрипа Шығаева дейтін кісінің 1908 жылы өз аузынан естідім. Мағрипа ханым Бөкейліктегі Шығай төренің, кәдімгі Нұралы ханның әулеттерінен. Сол кісінің айтуынша, қажыға барған дәулетті адамдардың көбі Шам қаласына және сол жердегі қазақтарға соғып кететін көрі­неді. Еркіндік көксеген ел зұлым патша­ның құрығынан құтылудың осындай ауыр жолдарын да іздеген».

Зерттеушілердің пікірінше, Дос­жан ишан мешітінің құрылысы ХІХ ға­­сыр­­дың 60-жылдарының соңы мен 70-жыл­дарының басында қолға алын­ған. Бұл – «Жүнісовтер трагедиясы» ро­ма­­нын­дағы жоғарыда айтылған оқиға­лар­дың тұсы. Бұл кезде патша әскері қазақ жерін толығымен басып алып, оның шекарасынан әрі өтіп, Қоқан, Бұхар хандықтарын да тізе бүктірген еді. 1868 жылы «Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ереже» бекітілді. Соған байланысты қазақ жерінде үш генерал-губернаторлық әкім­шілік құрылды. Батыс Қазақстан, яғни Орал және Торғай облыстары Орын­бор генерал-губернаторлығына қара­ды. Облыстарды әскери губернатор­лар басқаратын болды, сонымен бірге олар казак әскерлерінің атамандары бо­­лып есептелді. Уезд бастықтарын да пат­ша өкіметі өзі тағайындады. Жер­гі­лікті жұрттың өкілдері басқарудың ең төменгі сатысындағы болыс пен ауыл старшындығын ғана місе тұтуы тиіс болды. Қазақтың жері мемлекеттің, яғни Ресей империясының меншігі саналды. Бұл реформалар қазақ мемлекеттілігінің ең соңғы белгілерін жоюға бағытталды.

Тар заманда тығырықтан шығудың жолын әркім әрқалай іздеді. «Қорлықпен өткен өмірден, Көсіліп жатар көр артық» (Абай) санап, ыза-кек буып, ашық нара­зылыққа шыққан халықтың көтерілісі 1868 жылдың соңына қарай басталып, бүкіл Батыс аймақты шарпыды. Бұл көтеріліс, жоғарыда көрсетілгендей, тарихта «Ел ауа» деген атпен қалды. Патша әскері оны аяусыз басып-жаншығаннан кейін, көтерілісшілердің бір бөлігі үшін аман қалудың бірден-бір жолы – шет жерге өтіп кету болған секілді.

Сонымен бірге көтеріліске дейін-ақ тынышы кеткен қазақ жерінен гөрі, бейбіт жатқан көршілес халықтардың арасына барып сіңуді дұрыс көргендер, тіпті сол кезде қазақты шоқындыру үшін бар айла-амалды жасаған патша өкіметі саясатының ықпалымен христиан дініне өтіп кеткендер де көп болды.

Осындай қысылтаяңда ел ішіндегі Досжан хазірет сынды беделді адамдардың дін мен дәстүрді берік ұстануға, жерді сақтап қалу мақсатында, халықты бірте-бірте отырықшылыққа баулуға мүдделі болғанын, сол жолдағы істерге жан сала кіріскенін деректерден аңдаймыз. Өлкетануға зор үлес қосқан тарихшы-ғалым Беркін Құрманбековтің «Темір тарихы» еңбегінде Орынбор генерал-губернаторы Николай Крыжановскийдің 1869 жылғы 23 маусымда Ресей ішкі істер министріне жолдаған қатынас қағазының мәтіні жарияланған. Құжат: «Эмба (Жем) уезінің қырғыздары (қазақтары) назарлар, шүрендер және басқалар, барлығы 7 мың шаңырақ, сонымен қатар ең жырақ шеттегі 1500 шаңырақтан тұратын шөмішті табын руының өкілдері генерал-майор Баллюзекке өздерінің жаңа ережені қабылдайтынын айтқан және оларды Торғай облысының құрамына қосуды талап еткен.

Генерал Баллюзек бұл ұсынысты мен өзіңізге бұрын жазған себептерге байланысты қабылдамаған болатын. Осының артынан қазақтардың депутаттары маған келіп, мынадай талаптар қойды:

1) мүфти тағайындау, мешіт салуға және молдалар ұстауға рұқсат беру;

2) уезд начальнигін мұсылман өкілі­нен тағайындау…» деген жолдардан бас­талады.

Осы еңбекте табынның шөмішті тар­мағына қарасты қоңыр руының ауыл­дары Эмба уезіндегі (Орал облысы) Қал­­маққырған болысының құрамында болғаны айтылған. Ал Досжан ишанның қабіріне қойылған құлпытаста руының қоңыр екені көрсетілген. Яғни аты атал­мағанмен, бұл құжатта Досжан ишан­ның мүфтилік ашу жолындағы күресінің ізі тұр.

Айта кетейік, 1881 жылы Эмба уезінің орнына Темір уезі құрылған.

Мүфтилік ашуды талап ету, мешіт-мед­реселер тұрғызу үшін жер сұрау секіл­ді істердің артында қайткенде елдіктің іргетасы – халықтың бірлігін аман сақтап қалуды, өз жерінен айырылмауды көздеген ұлы мұраттар тұрды. Және Досжан хазіреттің, онымен тұстас, есімі бізге жеткені мен жетпегені бар, көптеген діни қайраткерлердің осы жолда төккен маңдай тері текке кеткен жоқ. Кейін Әлихан Бөкейханов Ресей империясының құрамындағы түркі халықтары үшін рухани мекемелерде татар тілін ортақ тіл ету жөніндегі ұсынысқа қарсы уә­жін­де: «Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып, қалың отырған іргелі ел жоқ», – деген болса, ХХ ғасыр басындағы ұлтымыздың сол артықшылығына алдыңғы буын – Досжан ишан заманындағы діни қайраткерлердің сіңірген еңбегі өте зор еді. Олардың елдік жолындағы қызметіне қатысты дерек­терді тірнектеп жиып, зерттеу, тарихтағы лайықты бағасын айқындау бағытында біз ғалымдарымыздан сүбелі еңбектер күтеміз.

 

Үш тұлға

Өткен аптада «Алаш парызы» қоғам­дық қорының директоры Серік Әбіл­жановтың ұйымдастыруымен Темір жеріндегі көне мешіт тұрған қорымда болып, осындағы жұмыстармен таныстық, Досжан ата рухына Құран бағыштадық.

Мешіт туралы сөз қозғағанда, оның тарихта аттары айшықталып жазулы тұрған үш бірдей тұлғаны қатар еске түсіретін ерекше ескерткіш екенін атап айту керек. Олар: Досжан хазіреттің өзі, мешітті салған Бірман шебер және ақын Әбубәкір Кердері.

Досжан ишан, толық аты-жөнімен атар болсақ, Досмұхамбет Қашақұлы «Ел ауаға» дейін Доңызтау өңірінде 18 жыл бойы бала оқытып, шәкірт тәрбиелеген. Доңызтау – көптеген (кейбірі бүгінге дейін біршама жақсы сақталған) діни-тұрғын кешендерімен, өз заманында қазақ руханиятының ірі орталықтарының бірі болуымен әйгілі өңір. 1868-1870 жыл­дар­дағы дүрбелең кезінде Досжан ишан Темір жағына қоныс аударып, жоға­рыдағы деректен білгеніміздей, Орын­бор генерал-губернаторынан талап ете жүріп, Шилі бойында мешіт, медресе салуға рұқсат алған. Мешіт маңынан егін егіп, жеміс ағаштарын отырғызуға 10 гек­тар жер де алған. Бау-бақша өнімдерін күз­де Орынбор көпестеріне сатып, түскен та­быс медресенің, осында оқып жүрген ке­дей балалардың қажеті үшін жұмсалған. Бұл тірліктің бәрі көшпелі жұртты жаңа өмір­ге бейімдеу жолындағы қадамдар еді…

Досжан ишанның өмірі мен қызметіне арнаған толғауында Әбубәкір Кердері:

«Рұқсат пірден алып, болды ишан,

Сондай бол, ізгілікке жанды қисаң», – деп, оның ел-жұртына ерекше қадірлі адам болғанын жеткізеді.

Шилі жағасындағы мешітті Бірман есімді ұстаның салғаны да осы толғауда айтылған:

«Мешітті таңғажайып салды оңдап,

Ұстаны Бірман атты алды таңдап.

Ойы мен зейіні артық шеберлерді

Қасына жүз шамалы қосты жалдап», – дейді.

Бірман ұста туралы деректерге ойыс­сақ, жас жағынан ол Досжан хазірет­тен едәуір кіші, Досжан хазірет 1815 жы­лы туған болса, Бірман Көшімқұлұлы 1846 жылы дүниеге келген. Яғни мешіт салынған тұста 23-24-тердегі жас адам болған. Дегенмен оған дейін Уфа, т.б. алыс қалаларда құрылыс жұмыстарында болып, тәжірибе жинақтаған деседі. Оның үстіне жас күнінде Түркияда, Орталық Азияның сол кездегі ірі қалаларында оқып, Мекке-Мәдинеге қажылыққа барып, сол жақтардағы мешіттерді көріп қайтқан Досжан ишан да жаңа мешітті жобалауға, оның іші-сыртын көркемдеуге өзінің ақыл-кеңесімен атсалысса керек.

Алты күмбезді, ішіне бір мезгілде жүз­ден астам адам сыятын бұл мешіт­тің құры­лысын Бірман ұста өзінің көмек­ші­лері­­мен бірге бір жылдың ішінде аяқ­та­ған. Бұл оның шебер ретіндегі даңқын бү­кіл өңірге жайған ғажап ғимарат болды.

Ақтөбе аймағындағы көптеген мешіт­тер осы Бірман ұстаның қолынан шыққан деп саналады. Соның ішінде бүгінге дейін қабырғалары берік тұрған Сарытоғайдағы Шәкен ишан мешіті, Жаманкөлдегі Бисен хазірет мешіті бар. Бірақ кейіннен қазақ шеберлеріне өз қиялы, жобасы бойынша мешіт тұрғызуға тыйым салынып, татар мешіттерінің үлгісіндегі шағын ғимараттармен шектелуді міндет­тегендіктен, құрылысына Бірман ұста басшылық еткен мешіттердің көпшілігі патша билігі ұсынған дайын жобамен салынған деген пікір бар. Бірман ұста кеңес билігінің бастапқы кезеңінде, 1922 жылы дүниеден өткен.

Өз заманының шежіресін жыр-толғаумен жеткізген Әбубәкір Кердері – жоғарыда аталған туындысымен Ишан ата және оның мешіті туралы құнды деректерді хаттап кеткен ақын. Ол да Досжан хазіреттен көп кейін, 1861 жылы дүниеге келіп, 1912 жылы қайтыс болған.

Ақын мешіт туралы:

«Бір жылда салып болды керегесін,

Қондырып кісі бойы терезесін.

Төбесі бөлме-бөлме, іші бұрау,

Бағана асты-үстіне жоқ-ты тіреу.

Қиық жоқ, белдігі жоқ үстін басқан,

Төбесін күмбез қылып, бұрып қосқан.

Ғажайып нақыштары әрбір түрмен,

Жазулы аят, хадис қызыл сырмен.

Көргенде сүйек еріп, тәнің балқып,

Толғандай мұсылманның

көңілі нұрмен»,

– деп, тебірене жырлаған.

 

Қалпына келтірілген бейне нұсқасы әзірленді

Мешіт халыққа жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен, осында жүздеген шәкірт­тер біліммен сусындап, әрі қарай күллі қазақ даласына имандылық ілімін таратқан.

Мешіттің ұзындығы – 28 метр, ені – 11 метр, ал биіктігі 5 метр шамасында болған. Қабырғалары бірнеше қабат етіп, қалың қаланған. Бөлмелер саны алтау болыпты. Әбубәкір Кердері ақын жырға қосқан ғажайып нақыштар қазір өшіп, әр-әр жердегі сылақ бетінде іздері ғана қалған…

Былтыр мұнда Ә.Марғұлан атын­дағы ар­хеология институтының Батыс Қазақ­­стан аймағы бойынша өкілі, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисен­баевтың жетекшілігімен қазба жұ­мыстары жүргізіліп, мешіт астын­дағы мінәжат орындары, яғни қылует бөлме­лері анықталған. Сондай-ақ ғимаратта желдету жүйесінің болғанын айғақтайтын шағын терезелердің орны табылған.

Досжан хазіреттің өзі мешіттің дәл түбіне жерленген. Қазіргі күні оның кесенесі көтеріліп, енді ішкі-сыртқы көркемдеу жұмыстары қалған екен. Бұл жұмыстарға Маңғыстау өңірінен шеберлер шақырылыпты. Кесененің алдынан көне құдық табылып, аршылып, бет жағы таспен өріліп, көтерілген. Құдық ішінен табылған түрлі ұсақ-түйек бұйымдарды музейге табыстау жоспарланған.

Республикалық маңызы бар ескерт­кіш ретінде тіркелген көне діни кешен аумағындағы жұмыстарға Темір ауданының әкімдігі де атсалысып отыр, атап айтқанда, 8 гектар жер бөлініп, рәсім­делген, ағаш отырғызу, т.б. шаруа­ларға көмек көрсетілген.

Тарихшы, өлкетанушы Айшуақ Дәрмен­ұлының айтуынша, кешен аумағын­да мешіттен бөлек, медресенің орны, тілеухана, шаруашылық үйлері және тұрғын үйлердің орны бар. Мешіт­тің сақталған бөлігін жауын-шашыннан, тікелей түсетін Күн сәулесінен қор­ғау мақсатында айналасын ашық етіп, жоғары жағын шатырлау жоспарланған.

– Кешен аумағына аэрофото түсірілімі жасалып, мешіт айналасында 40-қа жуық үй болғаны анықталды. Осы түсірілім арқылы кешеннің қалпына келтірілген бейне нұсқасы жасалды. Бұл жұмысты Досжан ишанның тікелей ұрпағы Асқар Хабибуллин басқаратын холдингтің мамандары атқарды, – деді Айшуақ Дәрменұлы.

Аталған бейнероликті izbasar. kz сайтынан тамашалауға болады.

 

Индира ӨТЕМІС,

журналист

 

Ақтөбе облысы,

Темір ауданы