Қызылорда облысында қылмыстардың ішінде кең тараған бөтеннің мүлкін ұрлау оқиғалары азайып келеді. Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыруда мүдделі органдармен бірлесе кешенді іс-шаралар жүргізудің нәтижесінде осы жылдың 7 айында облыс бойынша бөтен мүлік ұрлығының тіркелуі 58,5 пайызға (2180-нен 904-ке) төмендеген, - деп жазады Egemen.kz
"Бөтен мүлік ұрлықтарының ішінде пәтер ұрлығы 63,3 (433-тен 159-ға), мал ұрлығы 37,4 (230-дан 144-ке), ұялы телефон ұрлығы 59,4 (409-дан 166-ға), қалта ұрлығы 37,3 пайызға (59-дан 37-ге), автокөлік айдап кету 30-дан 13-ке азайған", – дейді Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шалқаров.
Ұрлықтардың алдын алу, ескерту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, пәтерлерді дабыл сигнализациясымен жарақтау, мал ұстайтын орындарда автономды сигнализация және техникалық құралдармен жабдықтау ұсынылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ұрлықтардың алдын алу, ашу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті әкімдіктер және ветеринариялық қызметкерлермен бірлесіп жедел-профилактикалық іс шаралар өткізіледі.
Ал тіркелген пәтер ұрлықтарының басым бөлігі облыс орталығында болған. Осыған байланысты ұрлыққа бейім адамдар мен бұрын шартты түрде сотты болғандардың тізімдері жасалып, оларға қатысты жедел бақылау орнатылып, тексерілуде.
Қоғамдық автокөліктерде жасалатын қалта ұрлықтарының алдын алу мақсатында Жергілікті полиция қызметі және жедел қызмет салалары қызметкерлерінен мобильдік топтар құрылып, қоғамдық көліктерде азаматтарды шамадан тыс тасымалдап, жолда жүру ережесін бұзғандары үшін көлік жүргізушілеріне заңда белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қолданылады.
Жыл басынан облыс бойынша мал ұрлығымен айналысқан жалпы 13 қылмыстық топ құрықталып, олардың 43 эпизод құрайтын қылмыстары әшкереленді.