• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Тамыз, 2020

Қасқабұлақтағы қақтығыс: кінәлілер анықталып, тергеу жүргізілуде

198 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта Жамбыл облысында орын алған Қордай қақтығысы қоғамда қызу пікір қалыптастырды. Өзара келіспеушіліктен туған ерегестің соңы жаппай төбелеске ұласып, оған тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласты. Президент пәрменімен нақты тапсырмалар беріліп, тиісті шаралар қабылданып, қақтығыс дер кезінде тоқтатылған болатын. Жуырда Талас ауданының Қасқабұлақ ауылында да бұзақылық әрекет орын алып, абырой болғанда бұл да уақытында ауыздықталды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалпы, Қасқабұлақ ауылында күрді ұлтының өкілдері тұрады. 1937 жылы Әулиеата өңіріне келген олар содан бері Қаратау аймағына тұрақтап қалған. Бүгінде ол ауылда 1204 үй бар. Соңғы он жыл көлемінде бұл ауылда бірде-бір қылмыс орын алмаған екен. Алайда, 10 тамыздан 11-не қараған түні бір топ жастар жергілікті бірнеше тұрғындардың үйінің және кітапхана ғимаратының терезелерін сындырған. Бұл бұзақылық әрекеттің қалай, неден басталғаны бүгінде анықталу үстінде. Бүгінде қылмысқа қатысы барлардың бәрі де ұсталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, бұзақылық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қасқабұлақ ауылында орын алған жағдайға байланысты хабар жеткен мезетте бірден оқиға орнына полицейлер мен облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары аттанған. Жағдай жедел бақылауға алынып, барлық бұзақылар қолға түскен. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын, кінәлілер мен араңдатушыларды анықтау үстінде. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, жергілікті тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Олардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қасқабұлақ ауылына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және қоғамдық тәртіпті бұзғандардың барлығы заң аясында жауап береді. Ең бастысы – қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен тыныштық сақталуы керек", деді әкім. Сонымен қатар, ол жастар, әсіресе бұзақылыққа қатысы бар жастардың ата-аналары арасында да тәрбие жұмыстарын күшейту қажеттігін айтып өтті.

"Мұның бәрі істейтін істің жоқтығынан туындайды. Егер адамның он екі мүшесі сау болса, онда ол ата-анасына масыл болмай, еңбек етуі керек. Ата-аналар өздері балаларының бос уақытын қалай өткізіп жүргендігінен хабарсыз. Біздің жалғыз Отанымыз бар, ол – Қазақстан. Біз өзіміздегі ең құнды дүние – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді бағалай білуіміз керек. Тағы да қайталап айтамын, заңды бұзған әрбір адам қатаң жауапқа тартылады. Шамасы, бұл бұзақылықты арнайы ұйымдастырушылар болған секілді. Полицияның міндеті – оларды табу және осыған ұқсас оқиғалардың алдын алу. Ата-ана, мектеп, қоғам және билік, бұлардың бәрі бірлесе отырып, өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, мейірімділік және адамсүйгіштік, әрбір азаматқа құрметпен қарау секілді игі қасиеттерді қалыптастыру жолында жұмыла жұмыс атқаруы тиіс", деді Бердібек Сапарбаев.

Кездесуде ауыл тұрғындары да өздерінің ойымен бөлісті. Осы уақытқа дейін бірде-бір бұзақылық оқиғасы тіркелмеген ауылдың тұрғындары да бұл жағдайға таңдануда.

"Біздің қоғамда ешкім алауыздық тудыра алмайды және бір топ жастардың бұзақылық әрекеттерінен ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ", дейді ауыл ақсақалы Махмуд Темиров. Сонымен қатар, ауыл қариясы Аманжол Ділдабеков те сөз алып, болған оқиға туралы өз пікірін білдірді.

"Мен Қасқабұлақ ауылының тұрғындарынан жастарымызды бақылай алмағанымыз үшін кешірім сұраймын", деді ол. Сонымен қатар, кездесуге ұсталғандардың туыстары да қатысты. Бүгінгі таңда Қасқабұлақ ауылында жағдай тұрақты. Жергілікті тұрғындар қайтадан қалыпты тіршілігіне көшкен.

 

Жамбыл облысы