• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Абай 13 Тамыз, 2020

Ұлы ақынның мұрасы – әлем игілігі

416 рет
көрсетілді

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасын әлемде насихаттап жүрген шетелдік бірқатар тұлғаның еңбегін бағалап, оларды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған болатын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларын ағылшын, испан, қытай, неміс, араб және өзге де тілдерге аударып, дананың ілімін әлем оқырмандарына тарту еткен бұл азаматтардың ерен еңбектері үлкен құрметке лайық.

Абай мұрасын өзге тілдерге аударып, ақын шығармаларының әлемдік ауқымда таралуына үлес қосып жүрген шетелдік қаламгерлер, аудармашылар мен ғалымдардың кімдер екенін, қандай жұмыс атқарғанын білу, олармен таныс болу қазақ жұртына қашанда қызық. Мемлекеттік марапатқа ие бол­ған тұлғалар қатарында жазушы, аудармашы, ғалым, өз елінің әдебиет саласында үздігі атанған адамдар бар. Мәселен, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған Мария Санчес Пуиг (Испания) Украинаның Харьков қаласында испан отбасында дүниеге келген. 2013 және 2020 жылдары Абайдың «Қара сөздерінің» толық мәтінін аударған. Женева уни­вер­ситетін орыс филология­сы және Мадридтегі «Комплутенсе» уни­вер­ситетін роман филологиясы маман­ды­ғы бо­йынша бітірген зерттеуші испан халқына қазақтың өзге де ақын-жазу­шы­ларының шығар­маларын ұсынған. 2019 жылы ол қазақ әдебиеті антологияларын БҰҰ-ның 6 ресми тіліне аудару жобасы аясында қазақстандық 60 ақын-жазушының шығармаларын испан тіліне аударған.

Ал қытай азаматы, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері Ха Хуанчжан ғұлама мұрасын насихаттаудағы еңбегі үшін Абай ауданының құрметті азаматы атағына ие болған екен. Ол Абай өлеңдерінің толық жинағы мен «Абай жолы» романын қытай тіліне аударған. Қазақтың дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының туындыларын қытай оқырманына ұсынған тағы бір қаламгердің еңбегі еленді. Қытайда тұратын қазақтар арасынан шыққан танымал қаламгер, қоғам қайраткері, ІІ дәрежелі «Достық» орде­нінің иегері Мәжит Ақбар – Абай ғақлияларын қытай тіліне асқан көркемдікпен жеткізе білген аудармашы. Ол Қытайдың Іле аймағына қарасты Қорғас ауданында дүниеге келіп, 7 жасынан қытай тілінде білім алған. 1976 жылы қытай әдебиеті мамандығы бойынша Ланьчжоу университетін тәмамдаған. 24 жасында әдебиет саласындағы Қытай Мемлекеттік сыйлығын иеленген, ал 1982 жылдан бері қытай жазушылар ұйымының мүшесі. Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнап қаламгердің «Абайдың қытай тіліндегі шығармалары» атты кітабы жарыққа шықты.

Қытай халқының Абай мұрасымен жіті таныс екенін бұған дейін де талай байқағанбыз. 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь Назарбаев Университетінде сөз сөйлегенде Абай­дың 37-ші қара сөзінен үзінді айтқан еді. Ал 2019 жылы Абай шығар­ма­ла­рын оқу эстафетасына Джеки Чан, Джек Ма сынды танымал тұлғалар қатысты. Бұл Абайды қытай тілінде сөйлеткен қаламгерлер еңбегінің нәти­же­сі екені сөзсіз.

Қазақ әдебиетінің маржандары Еуропа жерінде де жоғары бағаға ие. Әсіресе Қазақстан мен Германия ара­сын­дағы көркем әдебиет пен аударма саласындағы жетістіктерді ауыз тол­тырып айтуға болады. Қазақ әде­бие­тіне сіңірген еңбегі үшін Михаил Дудин атындағы қазақстандық ПЕН-клубының арнайы сыйлығына ие болған белгілі неміс әдеби редакторы, аудар­машысы, ІІ дәрежелі «Достық» орде­­нінің иегері Леонард Кошут Абай өлеңдерін ерекше ықыласпен тәржімалады. Неміс тіліне аударылған өлеңдеріне Қазақстанның халық жазушысы Герольд Бельгер жоғары баға беріп кеткен. Л.Кошут 2003-2006 жылдары Герольд Бельгердің қолдауымен Абайдың қара сөздерін неміс тіліне аударған. Ол одан бөлек қазақ әдебиетінің 17 шығармасын неміс оқырманына ұсынып, қазақтың белгілі қаламгерлерімен тығыз шығар­ма­шылық байланыс орната білді. Оның Абай шығармашылығына қызы­ғушылығын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» оятқан екен.

Шетелде Абай философиясын зерттеп, оны өзінше саралап, кітап жазған тұлғалар да жетерлік. Мысыр азаматы, ІІ дәрежелі «Достық» орде­ні­нің иегері Халед Ас-Саид Ғанем «Абайдың Қазақстан халқына өсиет­те­рі» атты кітабын араб тілінде шы­ғарған. Қазіргі уақытта ол қа­зақ­стан­дық шығыстанушылармен бір­ле­сіп, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры басып шығаратын Абайдың «Қара сөздері» мен өлең­де­рінің жинағын араб тіліне тәржімалап жатыр.

Абай мұрасы Латын Америкасында да жарық көрді. Оған филология ғылымдарының докторы, Бразилияның Сан-Паулу университетінің профессоры, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері Эдельсио Америконың үлесі орасан. Ол Абайдың «Қара сөздер» жинағын португал тіліне аударды. Сонымен қатар зерттеушінің «Абай сөзі­нің құдіреті» атты мақаласы жарық көрді.

Жоғары марапатқа, яғни ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері болғандар қатарында қазақ ұлтының ұлы ақы­нын Иранда насихаттап жүрген Қажымұхамет Шатқам да бар. Оның Абай өлеңдері мен қара сөздерінің парсы тіліндегі аудармасы үздік деп танылған.

Абай әлемі Түркияда да кеңінен танылып, шығармалары ел тұрғындарына түрік тілінде жол тартқан. Бұл жолда түрік жазушысы, аудармашы, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері Зафер Кибар еңбек етіп келеді. Ол Абайдың ой-пікірлері Қазақстан үшін ғана емес, барлық әлем үшін өзекті екенін алға тартады, ғұлама еңбектері түркілердің ортақ құндылығы екеніне кәміл сенеді. Ал Абай мұрасының болашақта Гете, Конфуций секілді жалпы адамзаттың игілігіне айналуына көмектесетінін ақын мерейто­йына арналған шаралардың бірінде айтқан еді. Ол Абай өлеңдері мен қара сөздерін және М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын түрік тіліне аударып, шығарды.

Сондай-ақ мемлекеттік марапатқа ғұламаға арналған арнайы жобалардың жетекшілері де лайық деп танылған екен. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Абай – әлемдік деңгейдегі ұстаз» кітабын басып шығару жобасының жетекшісі академик, Орыс әдебиеті академиясының вице-президенті, Ресей Жазушылар одағының хатшысы, «Художественная литература» баспасының бас редакторы, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері Георгий Пряхиннің еңбегі жоғары бағаланды.

Ал Джейн Манн – Маргарет Тэтчерден кейін Қазақстанның ІІ дәрежелі «Достық» орденімен мара­пат­тал­ған ұлыбританиялық екінші әйел. Кембридж университеті баспасының Білім реформасы жөніндегі депар­та­мен­тін басқарушы Джейн Манн хакім Абайдың шығармашылық мұрасын аудару жобасында жинақтың ағылшын тіліндегі нұсқасын дайындау жұмысын үйлестірген. Қазақстанға 17 рет сапарлап келген ол БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологияларының аударма жобасына да қатысқан.

Әлемде Абайдың туындыларын ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдар да жетерлік. Со­лар­дың бірі армениялық абайтанушы, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері Шушан Хачатрян 2008 жылдан бастап Абайды зерттеу жұмысына арқау еткен. Ол Ереван мемлекеттік университетінде М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша жұмысын қорғаған. 2011-2013 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде тағылымдамадан өтіп, Абай жөнінде ғылыми жұмыс жүргізген екен.

Осылайша қазақ халқының ұлы тұлғасы Абайды шетел жұртшылығына сол елдің ана тілінде таныстырып жүр­ген тұлғалардың еңбегі елеусіз қал­ма­ды. Олардың әрқайсысының Абай ілімінің әлем игілігіне, жас ұрпақ­тың өмірлік бағдарына айналуына қосқан үлесі зор.