Таяуда Атбасар аудандық полиция бөліміне белгісіз біреулердің «John Deere» және «Case» маркалы астық комбайдарының салонына кіріп, тоғыз түрлі құрал-сайманды ұрлап кеткені туралы хабар түскен болатын, - деп хабарлайды Egemen.kz
Шығын көлемі 480 мың теңге төңірегінде. Егін орағына енді кіріскелі отырғанда нағыз қолбайлау болатын түрі бар. Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы техникасы елді мекеннен 16 шақырым қашықтықта болған екен.
Оқиға орнына учаскелік полиция қызметкері жетісімен мәселенің мән-жайын анықтай бастаған. Қылмыс орын алған жерден бейсауат автокөліктің іздері табылған. Іле полиция қызметкері 23 және 28 жастағы жергілікті екі тұрғынның қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін екендігін анықтады. Арада көп уақыт өтпей, айғақ заттар да табылды. Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ұрланған заттар иесіне қайтарылды.
Шаруашылық басшылары кәсіби шеберлік танытқан полиция инспекторына ақ алғыстарын жаудыруда.
Ақмола облысы