Кітап дүкеніндегі балаларға арналған кітаптардың арасынан кездейсоқ «Күлшеқыз» ертегісін көріп қалдым. Бұл ертегіні білмейтін адам жоқ шығар. Біз де бала кезімізде осы ертегі желісімен түсірілген орысша мультфильмдер мен киносын көргенбіз, қазақша кітабы кейін шықса керек.
Қызық үшін қолымызға алып, көз жүгірттік. Жақсы тәржімаланған, қағазы да сапалы, атақты ертегінің атауын да дәл тапқан сияқты. Орысшасы тұпнұсқа емес екені анық. Соны ойлап, одан әрі ғаламтордан теріп көрген едік, Күлшеқыздың тарихы біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде болып шықты.
Біздің дәуірімізге дейінгі ғасырларда сонау көне Мысыр билеушілерінің заманында папирусқа жазылған шығармаларда қазіргі Күлшеқыздың прототипі бар екен. Одан бергі бірнеше мыңдаған жылда не нәрсе жоғалып, жойылып кетпеді десеңізші. Уақыт мүжісе де, жойылмаған тек Пирамида ғана шығар. Пирамидалардың да тұрғызылу технологиясы ұмытылып, әлем ғалымдары сырын аша алмай бас қатырып жатыр. Яғни тек «Күлшеқыз» ертегісінің негізгі мазмұны ғана пирамидалармен бірге сақталғаны ғой.
Бірнеше жүздеген жыл бұрын француз Шарль Перро, неміс ғалымдары һәм ертекшілері ағайынды Гриммдер, итальян Базиле, бәрі осы ертегіні зерттеп, түрлі нұсқаларын қағазға түсіріп, өздері де жанынан қосып, мазмұнын жаңғыртқан екен. Бірнеше жүздеген жыл ішінде ондаған, бәлкім жүздеген нұсқасы пайда болды. Уақыт өте келе басқа шығармалар, кейіпкерлер ұмытылып қалып жатса, перғауындардың заманында папирусқа жазылған шығарма керісінше одан сайын жер жаһанға таралып барады. Оның желісімен опералық шығармалар жазылып, әлемнің ең үлкен театрларында сахналанды, қысқа метражды, толық метражды, анимациялық фильмдер, сериалдар түсірілді. Голливудтағы кинокомпаниялар үшін Күлшеқыз өтімді кейіпкерлердің біріне айналды.
Айтпақшы, аты аңызға айналған Дисней түсірген анимациялық туындылар қазақша дубляждалды. Қазір отандық арналардан көрсетіліп жүр.
Неге Күлшеқыз туралы ертектің ғұмыры соншалықты ұзақ? Жетім қыздың тағдыры әлемнің әр бұрышындағы халықтың бәріне қызық болуының сыры неде? Біздіңше, өмірдің өзіндей шынайы, қарапайым әрі тартымдылығында. Ең бастысы, сюжетіндегі идеясының қай дәуірде де өзекті болуы. Бұл идея – адамдардың бәріне берілетін ұлы мүмкіндік туралы. Осы мүмкіндікті пайдаланатындар да, пайдалана алмайтындар да, тіпті ондай мүмкіндік берілгенін байқамайтындар да болады.
Атақты ғалым Сейіт Қасқабасов айтқандай, өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті. Ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайып етуге күш салады. Ертегі адамның рухани азығы болумен қатар, идеологиялық та қызмет атқарған.
Естеріңізде болса, анасыз өскен жетім қыз ертегіге тән кереметтің құдіретімен әсем көйлек киіп, алтын күймеге мініп, патша сарайындағы балға барады. Түн жарымда күймесі асқабаққа, қосарлап жеккен жүйріктері егеуқұйрыққа айналған кейіпкер үйіне қайта оралады. Осылай үш мәрте қайталанады. Ақыр соңында ханзаданың назарына ілінген Күлшеқыз барша мұратына жетіп, бақытты болады. Ертегі солай аяқталады.
Ойлап қарасаңыз, адамның өмірінің әр кезеңінің өзіндік бір сипаты, миссиясы бар сияқты. Жастық шақта жастыққа тән қызықтардан құр қалмауға тырысамыз. Сонымен қатар Шәкәрім айтқандай «Талаптанып білім мен өнер үйрену» парыз, себебі «Өнерсіз, білімсіз болады ақыл тұл» . Одан кейін алған білімді тәжірибемен байыта отырып, еңбек ететін кезең туады. Осы үдеден көрінген адамға бақыт пен байлықтың өзі-ақ бас ұрары хақ. Ал үдеден көріне алмасаңыз, оның да салқыны болмай қоймайтыны тағы рас.
Адам ғана емес, тұтас халықтарға да, мемлекеттерге де ұлы мүмкіндіктер беріледі. Сол кезде гүлденген ел әлемдік өркениетке де үлес қосып үлгереді. Рабиндранат Тагор айтқандай, «әр ұлт өзінің ең асыл қасиетін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыра алмаса, ол ұлттың қасіретті қылмысы саналады». Яғни уақытында пайдаға жарата алмасаңыз, мүмкіндіктердің өзі күндердің бір күнінде «асқабаққа айналады».
Біздің Қазақстанымыз тәуелсіздік жылдарында осындай ұлы мүмкіндіктердің алаңы болды. Уақыт та, материалдық немесе басқа да игіліктер мол. Алайда соны кәдеге жаратып жүрміз бе? Ертегінің бәрі жақсы аяқталып, кейіпкерлері бай болып, барша мұратына жетеді. Ал өмірде мұратымызға жете аламыз ба?..