«Атына тұрман болсам деп, Жұртына құрбан болсам деп, Астана жұртын айналған», деп дауылпаз жыршы Махамбет Өтемісұлы айтқандай, ХХ ғасырда қазақ төрт астананың жүзін көріпті.
Әңгімені әуелден бастар болсақ, өткен ғасыр басында патшалық Ресейді дүр сілкіндіріп, 1917 жылдың 25 қазанында (7 қараша) жеңіске жеткен «Қазан төңкерісі» нәтижесінде, қазақ даласына да жаңа билік орнады. Яғни 1919 жылдың 10 шілдесі күні РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жарлығымен Қазақ өлкесін басқару жөнінде Кирвоенревком (Қазақ әскери революциялық комитеті) құрылып, 19 қыркүйекте республика орталығы ретінде Орынбор қаласы таңдалды.
Жазушы Қалмұқан Исабаевтың 2007 жылы жарық көрген «Патшадан шен алған қазақтар» атты естелік жазбасында: Ревкомның алғашқы төрағасы С.С.Пестковскийдің болашақ социалистік мемлекет астанасы пролетариаты бар қала болу керек. Осы есептен мен Кеңес үкіметі алдына Орынборды Қазақ АКСР құрамына қосып, оны республика орталығы етуді сұрадым, деген баянхатын келтіреді. Сонымен...
Орынборда алғашқы декрет қабылданды
Орынбор қаласы 1925 жылға дейін Қазақ елінің астанасы рөлін атқарды. Бұл қалада ұлт тарихы үшін ойып алар оқиғалар көп болды. Атап айтқанда, 1920 жылы 17 тамызда РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі «Қазақ республикасы» жөнінде Декрет қабылдап, кешікпей 26 тамыз күні Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» шешімге қол қойды. Сөйтіп, 2-12 қазанда Орынборда өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі РКФСР құрамында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылғанын жариялады.
Сонымен қатар аталған съезде Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясы қабылданды. Осындағы құқықтық құжаттар кейін тәуелсіз Қазақстан Республикасы атануымызға негіз болғаны анық. Жоғарыдағы тарихи оқиғалар уақыттық тұрғыдан дәл бүгін ғасырлық межеге жетіп, 100 жылдық датаға иек артып отыр.
Келесі, яғни 1921 жылы 11-18 маусым аралығында Орынборда Қазақ облыстық 1-ші партия конференциясы ұйымдастырылып, оған 162 делегат қатысса, 7-13 шілде аралығында комсомолдың қазақ өлкелік I съезі болып өтті. Қазақ тарихында тұңғыш рет «1923 жылдың қазақ календары» осында жарық көріп, күнтізбеде демалыс күнін жұмаға белгілесе, «Қазақ» және «Ұшқын» газеттері мен «Айқап» журналы осы қалада басылды.
Халқымыз «Қазақ» атауына Қызылордада ие болды
1924 жылы Орынбор облысы дербес губерния ретінде РКФСР құрамына кіргендіктен 1925 жылы ақпан айында республика астанасы Ақмешітке көшіріліп, маусым айында қала аты «Қызылорда» болып өзгертілді. Осы тұста Түркістан республикасы таратылып, Түркістан АКСР-нің құрамында болған Сырдария және Жетісу облыстары, Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді. Нәтижесінде, республикадағы қазақтар саны 35 пайызға артып, территориясы кеңейді.
Республика астанасы Қызылордада алғаш рет Қазақ ұлттық драма театры ашылды. Онда Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Шара Жиенқұлова және тағы басқа өнер тарландары өзінің талантын ұштады.
Қызылорда қаласында ұлт тарихы үшін айта жүрерлік үлкен оқиға – бұған дейін «қырғыз» аталып келген халқымыз өзінің ежелгі ұлттық титулы «Қазақ» атауымен қауышты. Нақтырақ айтқанда, 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 5-ші съезі халқымыздың орысша «киргиз» аталуын «қазақ» деп, «Киргиз АКСР-і» атауын «Қазақ АКСР-і» деп өзгерту жайлы қаулы қабылдады.
Бұл істе РК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы Сұлтанбек Қожановтың рөлі зор. Тарихшы-зерттеуші Сәбит Шілдебайдың жазуына қарағанда, «қазақ» атауын қайтару мәселесі съездің күн тәртібіне қойылмаған. Бірақ С.Қожанов жоғарыдағы ұсынысты өз тарапынан жасағанда, делегаттар орындарынан тік тұрып, қызу қол шапалақтап қолдау көрсетіпті. Осылайша жаңадан шешім қабылданып, оны бекіту Бүкілресейлік ОАК қарауына ұсынылды. БОАК жоғарыдағы шешімді 1925 жылы 15 маусымда ресми мақұл-дап, қазақ халқы өзінің тарихи атына ие болады.
Осы жылдары Қызылорда қаласын Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретінде танытуға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, М.Тынышпаев, А.Кенжин, С.Ақаев, А.Серғазин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Есқараев, т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысты. Қала 1929 жылы мамыр айына дейін Қазақ АКСР-інің астанасы болды.
Ел тәуелсіздігі Алматыда жарияланды
Сыр бойының экономикалық және табиғи жағдайы өмір сүруге қолайсыз дегенді желеу еткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті ел астанасын Алматыға ауыстыруды жөн деп тапты. Сөйтіп 1927 жылы 3 наурызда Қазақстан астанасын Алматыға көшіру жөнінде Қазақ АКСР-і ОАК мен республика ХКК-нің қаулысы жарияланды.
Жоғарыдағы қаулы Қазақстан Кеңестерінің VІ съезінде бекітіліп, бұл шешімді РКФСР ОАК мен ХКК мақұлдады. Сөйтіп Алматы қаласы 1929-1936 жылдары Қазақ АКСР-інің, 1936 жылдан бастап 1991 жылға дейін Қазақ КСР-нің, 1991-1997 жылдары Қазақстан Республикасының астанасы міндетін атқарды.
Тарихшылар астананың Алматыға көшірілуіне Түрксіб теміржолының салынуы түрткі болды деген пайым айтады. Орталықты 1927 жылы 3 сәуірде көшіру туралы қаулы қабылданғанымен, нақты іс 1929 жылы іске асырылып, ауа райы қолайлы, табиғаты көркем Алматы қаласы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналып, 70 жыл ел астанасы болды.
Кеңес жылдарында сәулет өнерінің тамаша ескерткіштер жиынтығы ретінде танымал Алматы қаласында: Опера және балет театры, «Қазақстан» қонақ үйі, Республика сарайы, Әуезов атындағы академиялық театр, Орталық мұражай, Ғылым Академиясының бас ғимараты сияқты алып құрылыстар салынды. Әсіресе, теңіз деңгейінен 1700 метр биіктіктегі «Медеу» мұз айдыны мен теңіз деңгейінен 2200-2780 метр биік Шымбұлақ шаңғы курорты дүние жүзіне белгілі.
Қазақ тарихындағы аса елеулі оқиға –1991 жылы 10 желтоқсанда Алматы қаласында «Қаз КСР» атауы «Қазақстан Республикасы» деп өзгертіліп, кешікпей 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, Жоғары Кеңес Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады.
Нұр-Сұлтан – Алаштың арманы
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін астананы елдің оңтүстік-шығысынан республиканың орталық бөлігіне көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқалардың ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жылдар мен ойлар» атты кітабының 50-ші бетінде, «өткен ғасыр басында алғашқы қазақ либералдары – «Алаш» партиясы көсемдері де саяси орталықты әуелден зор стратегиялық маңызға ие осы аймаққа (Сарыарқаға) көшіріп әкелуге күш салды», дейді. Расында, Әлихан Бөкейханның «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы болса, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген өзекжарды сөзі бар. Демек, Ақмоланы астанаға айналдыру – Алаш арыстарының арманы болған.
1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Заң күші бар Жарлығын жариялады. Жарлық бойынша Республика үкіметі Ақмола қаласын абаттандыру жөніндегі бюджеттен тыс қаражатты жинақтау мақсатында «Жаңа Астана» қорын ашты. 1997 жылы 20 қазанда Н.Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салу рәсімі өтті. 1997 жылы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министр кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмолаға ресми түрде аттанды. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты «Астана» болып өзгерді. Қаланың астана ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. 2019 жылы наурыздың 20 жұлдызында Астана қаласының атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.