• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2013

Сүттен бұлақ ағызған

344 рет
көрсетілді

«Еңбек етсең емерсің» деген даналықты берік ұстанып, уақытпен санаспай еткен еңбегінің жемісін көріп отырған жандар Жетісуда да баршылық. Аграрлы өңірде қарапайым тұрғындар еңбегі жануының бір себепшісі мемлекеттен ауыл шаруашылығы құрылымдарына дер кезінде түрлі жеңілдік­термен шағын несие берілуі болып отырғаны анық.

«Еңбек етсең емерсің» деген даналықты берік ұстанып, уақытпен санаспай еткен еңбегінің жемісін көріп отырған жандар Жетісуда да баршылық. Аграрлы өңірде қарапайым тұрғындар еңбегі жануының бір себепшісі мемлекеттен ауыл шаруашылығы құрылымдарына дер кезінде түрлі жеңілдік­термен шағын несие берілуі болып отырғаны анық.

Нақты өмірден мысал алсақ, Талғар ауданы, Рысқұлов ауылының тұрғыны Ерлан Халықовтың қорасындағы бүйірлері торсиып, желіндері сүтке тола сыздаған сиырларын, бақшасында сап түзей өсіп әбден піскен алмұрттарының әне-міне үзіліп түсуге шақ қалғанын, ауласында түрлі қажеттілікті өтеуге сақадай сай тұрған шағын тракторларын көрудің өзі бір ғанибет! Себебі, бұл адал еңбектің өтеуі.

Рас, бәрі бірден үйлесе қойған жоқ. Алғашында ауылшаруашылық құрылымда­рына несие берілетіндігін теледидардан естіп, ертесінде аудандық әкімдікке барып мән-жайды сұрастырғанында несие алу үшін қажетті құжаттар тізімі қолына тиген-тін. Заңнама талабына сай әрекет етіп «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамыту мақсатында небәрі бір айдың ішінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2,9 млн. теңге несие алды. Сол қаржысына сатып алған ірі қара малының саны 16-ға жеткенде күнделікті тірлікке бой суытпай тереңірек ойланып, қатардағы әр сиырдан күніне 10-12 литр сүт сауғанша күніне 30 литрден астам майлы сүт беретін сүт бағытындағы «Алатау» тұқымды сиыр сатып алуға шешім қабылдаған еді.

Сол ойы ұтымды болып, сатып алған асыл тұқымды малын күтімге алып баға білгендіктен сүтті тұқымды сиырларынан күніне 30 литрге дейін сүт сауады. Сиыр сауу арнайы аппаратпен жүргізіледі. Өнімін алматылық сүт зауытының қызметкерлері күніне екі рет арнайы келіп алып кетеді. Сол зауыт шаруашылықты тоңазытқышпен, сүттің майлылығын анықтайтын   құрал-жабдықтармен қамтығаны тағы бар.  

Құнтты шаруа бау-бақшаға да назар аударып, 3,7 гектар жер телімінде алма, алмұрт ағашын, сондай-ақ, 1 гектар жерге картоп өсіреді. Шаруашылықтың жұмысын отбасымен жабылып атқару байырғы әдеті.

«Мемлекет тарапынан берілген несие бізге өте жақсы көмектесті. Енді ше, банк­терден берілетін несиенің өсім пайызы өте жоғары. Оның үстіне олар қалалық жерде тіркелгендіктен кепілдік талап етеді. Ал ауыл шаруашылығын қолдау қоры 6 пайыз өсіммен 4,5 жыл мерзімге 3 миллион теңгеге дейін несие береді. Оның тағы бір артықшылығы бір жылға дейін сол қаражатыңды айналымға шығарып алуға мүмкіндік беруі болып отыр. Сондықтан қазір мен алған несиемнің тек пайызын ғана өтеп отырмын. Ал негізгі қарызды бір жылдан кейін төлей бастаймын», – дейді Ерлан Халықов.

Шаруа, сүт өндірушісі және мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен сүттің тауарлы өндірісі Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры қызметінің жаңа бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты қор қызметкерлері сүт өндірісінің кластерлік жобасын әзірлеп, қанатқақты режімде Қарағанды облысында енгізуде. Асыл тұқымды мал сатып алатын шаруаларға жеңілдетілген несиелермен қатар, мемлекеттік субсидиялар қарастырылғанын айта кеткен жөн.  

Талғар ауданындағы шаруашылықты жуырда ғана «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасының төрағасы Нұрмұхан Сарыбаев арнайы келіп көріп, жарты жылдан бері «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында шағын несие берумен айналысып жатқан қор республика бойынша 5 мыңға жуық ауыл тұрғынына10 млрд. теңгеден астам несие берсе, соның 813,4 млн. теңгесі жетісулық 445 жобаға берілгенін тілге тиек етті. Бұл қуана құптарлық жайт. Өйткені, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражаттың қарапайым тұрғындарға дер кезінде беріліп әрі өзіндік пайдасын келтіретіндігі елді қуантады.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

Соңғы жаңалықтар