• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Тамыз, 2020

Жеті айда 5 мыңнан астам жетісулық зейнетке шықты

184 рет
көрсетілді

Өткен жылдың сәйкес мерзіммен салыстырғанда өңірде зейнетке шығушылар қатары едәуір көбейген. Мысалға, былтыр 4770 тұрғын құжат өткізсе, биылғы  жеті айда 5253 адам зейнет жасына жетіп отыр, - деп хабарлайды egemen.kz.

Жалпы, Алматы облысы зейнетке шығушылар саны жөнінен  республика бойынша көш бастап тұр. Дерек бойынша зейнет жасына жеткен тұрғындардың үлесі бойынша екінші орында 4 500 өтініш қабылдаған Түркістан облысы, үшінші орында 3 800 адаммен шығыс Қазақстан облысы тұр. Ал «ең жас тұрғындар» Атырау облысында тұрады екен, мұнайлы өңірде жыл басынан бері 1295 адам ғана зейнетке шығуға өтініш берген көрінеді.

Елімізде орын алған эпидемиялық жағдай зейнет жасына жеткен адамдардың өтінішін қабылдауға да әсер етіп отыр. Бұл іспен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері тыңғылықты айналасып келеді. Адамдар көп шоғырланатын орын болғандықтан халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы санитарлық талаптар күшейтіліп, тұрғындарға қажет қызмет түрлерін қашықтан көрсету ісі жолға қойылды. Қазір «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының фронт-кеңселері құжаттандыру жұмысын толықтай қалыпқа түсіріп, тұрғындарға қажетті құжатты беру мен қабылдау ісін жолға қойды. Оның ішінде жасына байланысты зейнетке шығу бойынша құжат рәсімдеу де бар. Дәл осы бағытта «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Алматы облыстық филиалының қызметкерлері 5253 адамның өтінішін қабылдап, тиісті қызмет көрсеткен.

"Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті зейнет жасы толғанға дейін 10 күн бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі арқылы беру керек. Санитарлық талапқа сәйкес, қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарына келу үшін алды нала кезек алу міндетті. Яғни, құжат рәсімдеуші алдымен egov.kz порталы немесе eGovKzBot2.0 телеграм-боты арқылы кезек уақытын брондау қажет. Бұл адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және індеттің таралу қауіпін бәсеңдету үшін жасалған амал. Сондай-ақ, мемлекеттік корпорация eGov.kz порталына электронды өтінішті жіберу арқылы қашықтан зейнетақы тағайындау мүмкіндігін жолға қойды. Қазір тұрғындар бұл қызметті үйден шықпай-ақ пайдаланып жатыр", - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Алматы облыстық филиалының басшысы Ермек Бекжүнісов.

Жалпы, кез келген құжат рәсімдеуді қашықтан істеп үйрену пандемия кезінде індет қауіпін жұқтыру тәуекелін азайтумен қатар адамның уақытын үнемдеу үшін аса қолайлы. Әрі бұл қиын шаруа емес екен. Мысалға, қажет анықтама мен құжатты алу үшін азамат электрондық цифрлы қолтаңба немесе біржолғы құпия сөз арқылы egov.kz порталына кіруі керек. Одан арғы жұмыстың бәрі көрсетілген нұсқаулық бойынша жалғаса береді.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.