Елбасы Ақжайыққа екі күндік сапарының қорытындысы бойынша осындай түйін жасады
Елімізде іске асырылып жатқан экономикалық жаңғырулар мен өзгерістер, түптеп келгенде, азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеруге, өмір сапасын жақсартуға қызмет жасауға тиіс. Осындай оң нышандар ел өңірлерінен де анық байқалады. Соның бірі республикамыздың батыстағы қақпасы – Орал өңірі.
Елбасы Ақжайыққа екі күндік сапарының қорытындысы бойынша осындай түйін жасады
Елімізде іске асырылып жатқан экономикалық жаңғырулар мен өзгерістер, түптеп келгенде, азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеруге, өмір сапасын жақсартуға қызмет жасауға тиіс. Осындай оң нышандар ел өңірлерінен де анық байқалады. Соның бірі республикамыздың батыстағы қақпасы – Орал өңірі.
Еуразиялық ендікке кіретін, тұтастай мемлекетіміз үшін геосаяси мәні мен маңызы жоғары шекаралас аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Аға ұрпақ пен бүгінгі буын арасындағы сабақтастық өңірдің одан әрі өркендеуіне нендей ықпалы мен игі әсерін тигізіп отыр? Осынау көкейкесті мәселелерді екінші немесе үшінші кезектегі іс деп кейінге ысырып тастай аламыз ба? Әрине, ысырып тастай алмаймыз.
Дәл солай болғандықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақжайыққа сапарының екінші күні қазақстандық қоғамның биік әлемдік өлшемдер деңгейінде қалыптасуына септігін тигізе алатын құндылықтар мен рухани мәселелерге назар аударды десек, қателесе қоймаймыз. Руханият әлемінің тамыры да, табиғаты да мейлінше тереңде. Бүгінгі Қазақстан мемлекеттілігі жағдайында бұл, біріншіден, өткен тарихымызды қастерлеу, аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың өмірлік тәжірибелерін егеменді ел мүддесіне орайластыра, ыңғайластыра пайдалана білу болса керек.
Елбасының Жайық өзенінің жағалауында құрылысы аяқталған саябақтың жанында батысқазақстандық ардагерлермен кездесіп ой-пікір алмасуға уақыт табуы – кішілік пен кісіліктің басты көрінісіндей әсер қалдырды. Осы бір сәтте біз халқымыздың: «Ұлық болсаң, кішік бол», деген қағидасы тұп-тура Нұрсұлтан Әбішұлына айтылғандай асқақ та адами сезім ауанын бастан кештік.
Мемлекет басшысының аға ұрпақ өкілдерінен жасыратын ешқандай сыры болған емес. Бұл жолы да Елбасы оларға егемен елімізде атқарылып жатқан ұлан-асыр істер туралы баяндап берді. Біздің қоғамның артықшылығы – оның ізгілігінде. Адамдарға тұрақты қамқорлық жасалып, үнемі ілтипат білдіріліп тұруында. Осындай адами ізгі ниеттегі жүйелі жұмыстар көріністері Ақжайықта да мол екеніне көзім жетіп отыр. Ең бастысы – бұл аймақтың тату-тәтті тірлігі мен берекелі бірлігі ризашылық сезімін туғызады. Бұл – біздің барлық жеңістеріміз бен табыстарымыздың бастауы. Мұндай жарасымды қарым-қатынасты орнықтыруда өздеріңіздің қосқан еңбектеріңіз қомақты деп есептеймін, деді Елбасы батысқазақстандық соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу сәтінде.
Өз кезегінде самайларын ақ қырау шалған, өңірдің өркендеуі мен дамуы үшін бар күш-қайраттарын сарп еткен қазыналы қариялар да өздерінің Елбасына деген жүрекжарды лебіздерін іркіп қалған жоқ.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Сіздің қай кезде де әріден ойлап, тереңнен толғап, кеңінен пішетін қасиетіңізді мақтан тұтамыз. Бәріміздің ортақ мекеніміз – Қазақстанның болашағына кем дегенде алдағы 40-50 жылдың биігі мен бедерінен көз тастап, нақты стратегиялық міндеттерді айқындап бергеніңізге сүйсінеміз. Ең бастысы – Сіз үлкенді сыйлап, оған қашан да шексіз құрмет көрсете білесіз. Тұтастай ел азаматтары алдындағы парызыңыз бен қарызыңызды ұмытпай, ел-жұртпен емен-жарқын жүздесуге уақыт тауып отырасыз. Дәл осы сәттегі Сіз бен біздің үнқатысуымыз да алдыңғы пікірімнің дәлелі. Елдің бағы мен болашағы үшін қашан да аман-сау жүріңіз. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын, – деді Елбасымен кездесу сәтінде есімі елге елеулі ақсақал, соғыс және еңбек ардагері Иван Гапич.
Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ, Мемлекет басшысының хал-жағдайына қызығушылық танытып, көңіл күйі туралы сұраған еді. Оған Нұрсұлтан Назарбаев жымия тұрып былай деп жауап қайтарды: Бұл барлық бірінші басшылардың, барлық президенттердің басындағы жағдай – адамдарға қашанда мемлекет басшыларының хал-жағдайын, денсаулығы қандай екенін білу қызық көрінеді.
Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, құдайға шүкір, өзінде бәрі дұрыс.
– Халық мені 2016 жылдың желтоқсанына дейін сайлады, сол кезге дейін жұмыс істейміз, одан әрі не болатынын көре жатармыз, – деді Президент.
Бүгінде Орал қаласының Жайық өзені жағалауындағы «Жеңіс алаңы» тұсы адам танымастай өзгерген. Оның бұрынғы қалалық жағажай жағындағы бөлігінде құрылысы аяқталып келе жатқан демалыс саябағы мұнда тұрғындардың еркін де алаңсыз демалуы үшін тағы бір айрықша нысанның тұсауы кесілгелі тұрғанынан хабар береді. Қайталанбас кескін-келбеті бар бұл тамаша демалыс орны құрылысын Хайдар Қощанов басқаратын «Болашақ» ЖШС-нің құрылысшылары жүргізген. Биылғы көктемде осы «сақалды» құрылыс жөнінде газетімізде «Басталды да тасталды» деген сын мақала да жарияланғанын айта кетудің орайы келіп тұр. Бұл ретте орынды сынға дер кезінде құлақ асқан қала, облыс әкімдерінің парасаттылығына тәнтіміз.
Айтайын дегеніміз, осындай көңілді көкке, қиялды қияға шаптыруға әсерін тигізе алатын ерекше мүйісте Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа батыс қақпаның таяудағы тактикасы мен алыстағы стратегиясы жөнінде баяндап берді. Атап айтқанда, 2030 жылдарға қарай Орал қаласының тұрғындары 500 мыңға жетеді деп күтілуде. Сондықтан орталық көшелердегі бүгінгі әкімшілік ғимараттарды қаланың бос, шеткі аймақтарына қарай ауыстыруға тура келеді. Қазірдің өзінде Оралда тұрғындарды жұмыспен қамтудың кең ауқымды бағдарламасы жасалуда, деді қала басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына.
Батыс қақпаны көркейту мен одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстар мен тілектер Елбасы тарапынан қолдау тапты.
Бүгінде елімізде Мемлекет басшысы белгілеп берген «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына сәйкес республика өңірлерінде жаңа құрылыс алаңдары өркен жайып келеді. Баспасөзде бұған дейін хабарланғанындай, Орал өңірінде Отанымызда баламасы жоқ жас отбасыларға арналған тұрғын үй жобасы жүзеге асуда. Оны облыс орталығындағы «Ақжайық-Жас отау» ЖШС жүргізуде. Елбасы Батыс Қазақстан облысына сапарының екінші күні осынау бюджеттік-инвестициялық жобаның жай-күйімен танысты. Бұл жөнінде Мемлекет басшысына аталған құрылым директорының орынбасары Айнұр Медеуова баяндап берді.
Мәселенің мәнісі мынада. Жас отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына қажетті қаражат облыстық бюджеттен бөлінеді. Осы үйден пәтер алуға өтініш берген жас отбасылар үш жыл уақыт аралығында баспананың жалпы құнының 50 пайызын төлеуге тиіс. Ал қалған 50 пайызын өтеу үшін оларға жеңілдетілген несие берілмек. Бір ескеретін жайт – пәтер алудан үміткер жастардың белгілі бір жұмыс орны болуы қажет. Орал қаласында мұндай тұңғыш үйдің құрылысы 2008 жылдың тамызында аяқталған. Бұдан кейінгі кезектегі тұрғызылатын тұрғын үйлерге алғашқы пәтерлерді сатудан түскен қайтарымды қаражат жұмсалатыны – «Жас отау» жобасының басты ерекшелігі.
Жайық жастары өз өңіріндегі аталған жобаның өкіл әкесі Елбасының өзі деп есептейді. Бұлай болатын жөні де бар. Егер, жас отбасыларға арналып тұрғызылған алғашқы үйдің лентасын жоғарыда айтылғандай, осыдан бес жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қиған болса, осылай демегенде не деуге болады. Қазір бұл үйдің тұрғындары қарыздарынан толық құтылған. Сөйтіп, пәтерлер өздерінің меншігіне басыбайлы көшкен.
Жас отбасыларға арналған сыңғырлаған жаңа 108 пәтерлік үйдің біріне кіріп танысып шыққан соң, Елбасы осы жерге жиналған тұрғындарға Қазақстандағы қолжетімді баспананың бүгінгі жай-күйі туралы айтып берді. Яғни, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүгінде елімізде жалға берілетін үйлерге сұраныс өсіп келеді. Сонымен бірге, қазақстандықтар арасында жеке меншік үй салу үрдісі де арта түсуде. Бұған «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ арқылы тұрғындарға несие беру тұтқасы пайдаланылуда. Бұған қоса, соңғы жылдары мыңдаған қазақстандықтар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі арқылы өз үйлері мен пәтерлерін жаңғыртуға қол жеткізуде. Оның көлемі 7-8 миллион шаршы метрді құрайды, деді бұдан әрі Елбасы.
– Менің Батыс Қазақстан облысына сапарым аяқталды. Енді мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Минскіге ұшып барамын. Ресей Федерациясының бірқатар өңірімен шекаралас жатқан Батыс Қазақстан облысы үшін интеграция мәселесі өзекті болып саналады. Облыс тұрғындары өзара сауданы жандандыруды, адамдар мен капиталдың еркін қозғалысын қамтитын өздері үшін тиімді мәселелерді тікелей сезінеді. Бүгінгі жағдайда экономикалық интеграцияның объективті қажеттілік екенін тағы да қайталаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы интеграциялық үдерістер қазірдің өзінде тұрақты өсім көрсетіп отырған облыс дамуының қосымша факторы екенін жеткізді.
– Кейбір көрсеткіштер жөнінен облыс республикадағы жетекші өңірлер арасында келеді. Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында жақсы көрсеткіштер қамтамасыз етілген. Әлеуметтік нысандар, жолдар салынуда, газдандыру жұмысы жүргізілуде. Осының бәрі облыста лайықты жұмыстар жасалып жатқанын білдіреді. Сонымен қатар, мен атап өткен кемшіліктер де бар. Оларды түзету керек. Өңірдің тұрғындарына мен шын жүректен табыс және бақ-береке тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев сапарының қорытындысында.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.