• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Тамыз, 2020

Мұнай кластері қашан құрылады?

601 рет
көрсетілді

Мәселені осылайша төтесінен қоюымыздың салмақты себебі бар: Қазақстандағы полимер, полиэтиленнен жасалатын тауар өндірушілер жаңа проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Бұрын өнімнің бұл түрін алыс-жақын көршілерімізден сатып алатынбыз.

Импортқа тәуелділік артуы мүмкін

Енді арадағы сауда-саттық на­рық заңымен жүйеленбек. Се­бебі 11 тамыз күні ЕАЭО Алқа­­сының отырысында одақ­қа қарас­ты елдерде полимер шикі­зат өнім­деріне кеден салығын 6,5 пайызға көтеру мәселесі тал­қыланды.

Бұл идея Ресейге тиесілі, дауыс беру нәтижесінде ұсыныс одаққа мүше елдердің қолдауына ие болып отыр. Сарапшылар он­даған полимер шикізатын шыға­ратын зауыт салып тастаған Ресейдің бұл мәселеге әбден дайындықпен келгенін айтады. Себебі ЕАЭО-ның күні кешегі оты­ры­сына дейін қазақтың поли­мер ши­кізаты нарығының ең сүбелісі – ресейліктердің үле­сінде бо­латынын жыл сайын­ғы поли­мер шикізатынан дайын­далған өнім түрлерінің көрмесі­мен танысқан кезде бай­қап қал­ғанбыз.

Өткенге көз жүгіртсек, поли­­мер материалдарынсыз эконо­ми­­каның дамуын елестету мүм­кін емес. 1960 жылы әлемде 12 млн тонна полимер мате­риалдары өндірілсе, 1970 жыл­дары 46 млн тоннаға, 1988 жылы 192 млн тон­наға жеткен. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 5 қыркүйекте Атырауда мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңей­тілген кеңесте заманауи мұнай сервисі кластерін құратын кез келгенін, мұнай сервисі отандық шағын және орта бизнесті дамытуға, өнімді жұмыс орындарын ашуға, қосымша құны жоғары өндірістерді оқшаулауға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.

 «Қазақстан қаптаушылар қауымдастығы» АҚ басқарма төр­ағасы Батырбек Әубәкіров жиын­да біздің елдің қандай ұста­нымда болғанын білмегенін айтады. Білетіні – полимерлі шикізат өнім­деріне кеден салығын 6,5 пайызға көтеру мәселесінің одаққа мүше елдер арасында қолдауға ие болғаны, солай деп заңдастырылғаны. Бүгінге дейін полиэтилен, полимерден дайындалатын өнімдерді Ресейден тасымалдап отырған қазақ кәсіпкерлерін бұл жаңалық алаңдатып отыр: біріншіден, тауар қымбаттайды; екіншіден импортқа деген тәуелділігіміз тереңдей түседі. Қазанның құлағын ұстап, шикізаттың мол кенінде отырған ресейлік зауыттар ең алдымен тұтынушыларын қамтамасыз етуге басымдық береді. Қазақстандық тауар өндірушілер өтінім бергенше, шикізат өндіруші профилактикаға, жөндеуге жабылып, басқа да сылтау тауып, жасанды тапшылықты қол­дан ұйымдастыруы әбден мүм­кін.

 Халықаралық биржалардың мәліметіне сүйенсек, полипро­пи­леннің бағасы тоннасына 475-500 мың теңге аралығында. Көр­ші Түрікменстан, Иран және Өзбекстаннан дайын полипропилен қаптамалары сыртқы нарық­тарда Қазақстандағы шикізат – полипропилен бағасына жақын баға­мен сатылады. Шикізат дайын өнімнің бағасымен сатылса, бәсе­келестік туралы айту мүмкін емес, ондай жағдайда өндіріс тиімсіз болады.

Қазақстан қаптаушылар қауым­дас­тығының басшысы Батырбек Әубәкіров Алматыда өткен он­лайн жиында ЕАЭО-ның соңғы жиы­­нында біраз мәселенің беті ай­қындалып қалғанын айтты. Кеден одағына кіргенге дейін шикі­зат­ты әкелуге кедендік мөлшер­леме 0 % болған еді. Одақ құрыл­ған­нан кейін бұл 10%-ға жетті. Яғни қазақстандық қайта өңдеу­шілер шикізатты Ресейден ғана сатып алатындай жағдайда қалды. Ресей үкіметі Қазақстанның нары­ғын толықтыра алатын көлемді өнді­ріс орындары бар екенін айтып, күте тұруды өтінген. Сарап­шылар осы ретте мұнай нарығы, ши­кізат бағасына қатысты қы­зық құбылыстардың байқала бастағанын айтады. Шикізат мұ­най бағасына таңылмаған делдалдар­да бар. Мұнай бағасы түсіп барады, шикізат құны да түсуге тиіс. Бірақ ол бұрынғыша қалып отыр. Үшінші түйткіл – бұл 100 пайыз­дық алдын ала төлем. Бұл саудада қосымша қиындықтар тудырады.

Енді полимерлі шикізат өнім­деріне кеден салығын 6,5 пайызға көтеру туралы шешім одаққа мүше елдердің бәріне бірдей қолайсыз болуы керек еді. Бірақ Ресейдің үнсіз отырғаны, Қазақстан Үкі­ме­тінің тауар өндірушілерінің тыны­сын тарылтатын шешімге қарсы тұра алмағаны қазақстандық кәсіпкерлерді таңғалдырып отыр.

– Күні кешеге дейін Сауда және интеграция министрлігі поли­мерлі шикізат өнімдеріне кеден са­лығын 6,5 пайызға көтеру тура­лы ұсынысқа қарсы болады деп үміттенген едік. Үміт үзіл­ді. Біз бұл жағдайға араласу үшін Қазақстан Президентіне хат да­йындап жатырмыз, – дейді Батыр­бек Әубәкіров.

Осы ретте, қазақстандық кәсіп­керлер шетелдік өнімдерді әке­луге баж салығын көтеруі керек деген ойға бекініп отыр. Шикі­затты өндіруші зауыттан сатып алу мүмкін болмағандықтан, поли­мерді делдалдардан айына 10-20 тонналап сатып алуға тура келе­ді. Осы мәселені шешу керек. Сол себепті бағаны ұстап тұр­ған және отандық өндірістің дамуы­на кедергі келтіріп жүрген делдал­дар­дың ықпалын азайтуды Үкі­мет қаперге алуға тиіс. Отан­дық өндірушіні қорғайтын және ше­телдік бәсекелестердің өнімде­рінің қымбаттауына жол ашатын жалғыз шешім осы.

– Жағдай күрделі. Қазақстанда қазірдің өзінде екі кәсіпорын жабылды, жыл соңына дейін 4-5 зауыт жабылады деп болжап отырмыз. Үкімет қосымша шешімдер қа­былдамаса, ЕАЭО аясындағы бар­лық позициялардан ұтыламыз. Біз соңғы үш жыл ішіндегі процестерге (2017-2019 жж.) талдау жүргізіп, импорт экспорттан 339 есе асатынын түсіндік. Пандемияға және экономикалық жағдайға байланысты Қазақстанда жұмыс орындарын сақтау және дамыту үшін барлық күш-жігер жұмсалуы керек, – дейді Батырбек Әубәкіров.

Қазақстан қаптаушылар қауымдастығының басшысы осы­ған дейін журналистерге Түрік­мен­стан, Иран және Өзбекстан сияқ­ты елдердің полимерлі қапта­ма­ларын өндірушілермен адал бәсекелестікті қалыптастыруымыз керек екенін талай айтқан. Қап­тама құнының 65-80 пайызы полипропиленнің өзіндік құнынан қалыптасады. Өзбекстан мен Түр­ікменстанда мұнай-химия кәсіпорындары негізінен мемлекетке тиесілі болғандықтан, олар экспортты ұлғайту және көбірек валюталық кіріс алу мақсатында ішкі өңдеуді дамыту саясатын жүргізуде. Яғни отандық өңдеу­шілер шикізатты арнайы бағамен алады, сондықтан экспортты ұлғайтуға мүмкіндік мол.

 

Саланы дамыту стратегиясы керек

Батырбек Әубәкіровтің түсін­діруінше, алдағы уақытта тым болмаса Өзбекстанға қатысты жағ­дайды Сауда және интеграция министрлігі бақылауға алуы керек. Өзбекстан, ЕАЭО-ға мүше емес. Бірақ өнім өндірушілері біз­дің елмен, одаққа мүше елдер­мен келісімдерде көрсетілген бар­лық жеңілдіктерді пайдаланып отыр. Өзбекстан президентінің 2019 жылғы 2 қазандағы № 3818 жар­лығы аясында шеттен келген тауар түрлеріне 20 пайыздық баж салығын енгізген. Бұл фактор өзбек тауарларына ашық бәсекелестіктің өтінде қалқан болып, жолын ашып отыр. Күні кеше ЕАЭО мүше елдердің 6,5% кедендік баж салығы енгізуді міндеттеген шешімінен кейін одақтағы серіктес ел Ресей ғана емес, қытайлық және өзбекстандық өн­дірушілер де қазақ нарығын поли­мерлі қаптауыш өнімдермен толты­рып, өзіміздің тауар өндіру­ші­лердің тынысын жауып тастай­тыны анық. Себебі мұндай жағ­дайда Ресеймен ғана емес, Өзбек­станмен де бәсекелестік жағда­й­ында боламыз. Өзбекстан үшін баж салығы өзгермейді. Бұл фактор оларға полимерлі шикізатты арзанырақ сатып алуға, жоғары сапалы өнімді жасауға және оны арзан сатуға жол ашады. Ұтылатын тағы да Қазақстан.

– Иран мен Түрікменстан туралы мәліметтерді біз Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберіп, тергеуді бастағымыз келеді. Біз ақша немесе жеңілдіктер сұра­май­мыз, демпингке қарсы шараларды немесе өндірушілерді қорғайтын басқа шараларды енгізуіміз керек. Айтпақшы, құбыр шығаратын ре­сейлік зауыттар бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланды. Себебі көр­ші ел жағдайды бақылап, өздері­не тиімсіз болып тиетін шарттар­дың қабылданып кетпеуін қада­ға­лап отыр. Менің білуімше, қазақ­стан­дық тарап ешқашан Еуразия­лық экономикалық комиссияға өті­ніш жібермеген, – дейді Б.Әубә­кіров.

Ол осы тамыз айында Алматыда өткен жиында мұнайдың үлкен қоры бар Қазақстан полимерлі ши­кізатты өңдеуді және өндіруді үйрен­бегенін, мұнай-химия саласын дамыту стратегиясы жоқ екенін айтты.

Ресейде мұнай кластеріне қатыс­ты стратегия бар. Өзбекстан екі зауыт ашып, үшіншісін іске қо­суды жоспарлап отыр. Түрікмен­станда екі зауыт бар. Иран мұнай-химия саласын белсенді дамытып жатыр. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, бірер жылда Қазақстан нары­ғы осы мемлекеттердің ара­сында бөліске түсуі әбден мүмкін. Өндірушілеріміз полимер шикі­затына тәуелді. Өкінішке қарай, шикі­заттың жоқтығынан өңдеу өнеркәсібі нашар халде.

– 2015 жылы Энергетика министрлігі Қазақстан 500 мың тонна полиэтилен, 500 мың тонна по­липропилен өндіреді деп уәде берген еді. 2020 жылдың екінші жартысына жеттік, жағдай өзгер­ген жоқ. Көрші елдер шикізатты көп өндіріп, жақын арада нарық солардың өніміне толады. Мұнайы мол Қазақстанның полимерлі шикі­затты өңдеуді және өндіруді білмеуі көңілге қаяу түсіреді, – деді Б.Әубәкіров.

Ол Атыраудағы зауыттың құ­ры­­лысы әлі жалғасып жатқанын, Пав­лодарда бір зауыт болғанымен, ол қажетті өнімді жеткілікті мөл­шерде өндірмейтінін және жеке инвестордың меншігінде екенін айтты. Қазақстанның өзінің шикі­заты жоқ, сатып алуы керек. Өзі шикізат өндірмейінше, өндіріс саласын көтере алмаймыз.

Қайтпек керек? Полимер өнді­ретін шикізат бар, тауар жоқ. Әлемдік мұнай нарығындағы сал­мақты ойыншылардың бірі болсақ та, мұнайды терең өңдейтін кластер жоқ. Ел экономикасына айтарлықтай пайда әкелетін және сапалы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін ілеспе салалар (этилен, пропилен, резина, латекс) шығаратын өндіріс орындары құрылмады. Әлемдік стандарттарға сай келетін жанармай стансаларының желісі тіпті жоқ. Мамандар айтқандай, бұл сала тек біздің елде ғана емес, әлем­де де жабық салалардың бірі. Бірақ қазір құпия азайды, сон­дық­тан мұнай-газ са­ласына қатысты қалтарыста қалып келген мә­се­лелерді ашық айтып, шешімін іздейтін кез келді. Қазақ­станда мұ­най-химия саласын да­мытудың стратегиясы жоқ екені, мұнайлы экономика біздің көп кем­ші­лігімізді сырт көзге байқат­пай отыр­ғаны осыған дейін де талай рет айтылған.

 

Шикізат көп, өнім жоқ

Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов адамзаттың мұнайға деген тәуел­ділігі әлі ұзақ жылдарға созылатынын, дәрі-дәрмектен бастап полимер, полиэтиленге дейін мұнай қалдықтары – мұнай күкіртінен дайындалатынын айтты. Сондай-ақ мұнайды тереңдетіп өңдеу, мұнай-химия кластері мәселесіне келгенде Үкіметте де, БАҚ-та да қол жеткен жетістіктермен шек­теліп қалатын шүкіршіліктің белең алып бара жатқанына жабыр­қайтынын да жасырмады. Эконо­миканың осы саласы туралы сөз болғанда жол құрылысымен шек­теліп қалу үрдісінің бояуы қа­лыңдап барады. Бұл үрдіс тереңдей берсе, келер ұрпақ біздің буынға, біздің «Мұнайдың, шикізат кенінің құлағында отырып, жол экономикасын ғана өркендеткен ұрпақ» деп баға беруі де әбден мүмкін.

– Жол салған кезде қолда­ны­латын битумды немесе мазутты дайындау үшін көп бас қатырудың керегі жоқ. Битум мұнайды терең­детіп өңдеу кезінде алынатын ең соңғы өнім түрі, мұны сарапшылар соңғы кезде мұнай қоқысы деп жүр. Әлемдік экономикада мұнайды қолданбайтын бірде-бір сала жоқ. Тіпті ағаш пен темірді полимер тауарлар ығыстыра бастады. Ендігі жерде Үкіметтің де, БАҚ-тың бұл мә­се­леге тереңірек қарағаны жөн бо­лар еді, – дейді Рашид Жақсы­лықов.

Оның айтуынша, әлемдік алпауыт мұнай компанияларының шикізатты тереңдетіп өңдеу нәти­же­сінде полимер шикізатын да­йындайтын еншілес компаниялары көп.

– Қазір өткенге оралу, инвес­торларды мұнайды тереңдетіп өңдеп, полимер шикізатын, одан да­йын өнімдерді дайындауға мін­деттеуге себеп көріп тұрған жоқпын. Себебі шетелдік ком­пания­лар полимер дайындайтын мұнай күкіртін елдеріне тасып алып кетіп жатқан жоқ. Көзін тап­сақ, полимер кені – мұнай күкір­ті бізге де, шетелдіктерге де жетеді. Егер ғылымды өндіріспен ұштас­­тыр­ғанда, мұнай өңдейтін зауыт­тар­дың әрбір бұрышынан бір-бір кәсіп­орын салып тастауға болар еді. Бірақ мемлекеттік деңгейде қабыл­данған бағдарламалардың ғылым­нан алыстап кеткені енді сезіліп, соның зардабын тартып отыр­мыз. Себебі әрбір саланың тиімді­лігін теория деңгейінде дайын­дап беретін ғылыми-зерттеу институттары жоқ. Амал жоқ, өзгенің зерттеуіне тәуелді­міз. Былтыр ғана мем­лекеттік деңгейде көңіл бөліне бастаған қарапайым заттар эконо­микасының кілтипаны мұнай кластерінде жатыр, – дейді ол.

Сарапшы айтқандай, полипропилен мен полиэтилен өндіру жобаларын іске асыру ішкі жалпы өнімнің жылдық өсімін орташа есеппен 1,5 пайызға жеткі­зуге мүмкіндік берер еді. Мұнай-газ химиясы саласы экономи­каның басқа салаларына мульти­пликативті ықпал етеді. Әлемде бұл саладағы көмірсутек шикі­за­тының қолданылу үлесі – 34 па­йыз. Ал Қазақстанда өте аз.

 

АЛМАТЫ