Аң аулау – ертеден қалыптасқан ұлттық болмысымызға тән салт. Аңшы десе көз алдымызға – жүйрік атты ерттеп мініп, соңына құмай тазы ерткен, иығына берен мылтық асынып, қолына қыран бүркіт қондырған мол пошымды тұлға елестері анық.
Маратбай Өскенбайұлының да аңшылық өнерді жанына серік еткеніне көп жылдар болыпты. Алғаш қызығушылығы он жасынан басталған Маратбай ағамыздың әкесі Өскенбай құмай тазы баптап, онысын ұрпағына үйретіпті. Жақында аңшы М.Таласбаев Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейіне арнайы ат басын бұрып, бағзыдан келе жатқан рухани мұра – аңшылық жайлы ойымен бөлісті.
– Көшпелі қазақтың бар өмірі аттың жалында, түйенің қомында өткендіктен жанына серік болар ит ертуі түсінікті әрине. Оның үстіне, жүйрік жылқы, ұшқыр тазы, қыран құс жігіттің көркі емес пе? Қанша жерден өркениет өрлеп, заман өзгерді дегенімізбен, қансонарда жүйрік атқа мініп, ит ертіп, аңшылыққа шыққанға не жетсін! Алайда аңшы екенмін деп жөн-жосықсыз түз тағыларын қыра беруге де болмас. Аң аулайтын өзіндік мезгілдер де болады. Саятшылыққа әсіресе – күздің аяғы, қыс айларында шыққан дұрыс.
Менің аңшылықпен айнасылып келе жатқаныма 40 жылдан асып кетіпті. «Ит жақсысы – тазы» демекші, бүгінде 7 тазы асырап-бағып, солармен ауылдың төңірегінде аңшылық құрамын. Тазыларымның он айлық күшігінің өзі қасқыр алуға жарап қалды. Бұдан бөлек шибөрі, түлкі, борсық ұстаған кездеріміз болды. Осыдан біраз жыл бұрын халық қалаулысы Бекболат Тілеуханмен аңшылыққа шыққанымыз бар. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Кейде балаларыма аңшылық кезіндегі қызықтар туралы айтып беріп отырамын. Балалар демекші, бүгінде менің ұлдарым да осынау ата дәстүрге айрықша қызығушылықпен қарайды. Әрине қазіргі таңда халқымыздың тұрмыс салты өзгерді, бұрынғыдай аңшылыққа шығатындар некен-саяқ. Десек те, бабадан жеткен байырғы дағдымыздан айырылып қалсақ, кейінгі ұрпаққа нені үлгі етеміз? Осыны ойлауымыз керек. Өйткені өткенді өшіруге болмайды, – дейді бізбен болған әңгімесінде аңшы ағамыз.
Иә, осы ретте айта кетерлігі халқымыздың бойына сіңген текті өнерді үзбей, өрге сүйреп келе жатқан Маратбай Өскенбайұлы мұражайға сыйкәде жасауды да ұмытпады. Аңшылық дәстүрді жандандырып жүрген ағамыз «Музейге сый» акциясы аясында борсық пен түлкінің терісін мұражайға тарту етті.
Айдана ШОТБАСОВА,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы