Әлем елдерін әбігерге салып, дүние жүзінің денсаулық сақтау жүйесін тығырыққа тіреген пандемияның беті қайтып, еліміздегі эпидемиялық жағдай тұрақтана бастады. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан берілген ақпараттан кейін жұртшылықтың көңіл-күйі орнына түсіп, қалыпты жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік ашылғандай.
Дегенмен Алматы қаласындағы емханалар кеңесіне жүгінген науқастар саны да сиреп, қалыпты режімде жұмыс істеуге көшкеніне қарамастан, медицина қызметкерлері сақтық шараларын бәсеңдетпеудің міндетті екенін айтады. Осы орайда үш-төрт ай отбасын көрмей, өз өмірлерін қауіпке тіге жүріп адам жанының арашашысы бола білген медицина қызметкерлерінің еңбегі зор.
Бүгінде Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты №18 емхана 30 мыңға тарта тұрғынға қызмет көрсетіп отырған медициналық мекемелердің бірі. Емхананың бас дәрігері Майя Большанова пандемия кезінде мамандар кеңесіне күніне 20-25 науқас жүгінген болса, қазір ахуалдың тұрақтануына байланысты бұл көрсеткіш 4-5-ке дейін төмендегенін айтады. «Әлем тұрғындарының дегбірін қашырып, өміріне қауіп төндірген вируспен күрес, әрине оңай болған жоқ. Медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің, сонымен қатар дер кезінде жеткен көмек арқылы науқастар уақытылы ем қабылдады. Емханаға тіркелген тұрғындар қашықтан дәрігер кеңесін алу мүмкіндігіне ие болды. Алғашқы күндерде науқастар қашықтан ем қабылдауды дұрыс қабылдай алмады. Бірақ дәрігерлерге түскен салмақты түсініп, коронавирустың жеңіл түріне шалдыққандар үйден кеңес алып, ем қабылдай бастады», дейді Майя Өтегенқызы. Бас дәрігердің айтуынша, вирустан қорғануда сақтық шаралары керек. Әлі күнге оның нақты емі де жоқ. Елімізде коронавирусты емдеу клиникалық протокол аясында жүзеге асып келеді. Қазір созылмалы ауруы бар науқастар мен жасы алпыстан асқандардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауына алынған. Мобильді топ үй жағдайындағы науқастарды шұғыл түрде емдік шаралармен қамтамасыз етуге тырысуда. Ал дене қызуының көтерілуі қалыпты жағдайдан асып кетсе, онда амбулаторлық кезеңде дереу провизорлық орталықтарға жеткізу көзделген. Емхана қазіргі жағдайда да науқастарға жоспарлы және шұғыл емдік шараларды жалғастырып келеді.
Коронавирусты жұқтырған науқастардың бірқатары респираторлы вирусты инфекция түрінде ауырса, енді бірін тамақ, құлақ аурулары мазалады, ал көпшілігінің өкпелері қабынып, салдары ауыр жағдайларға да соқтырғаны белгілі. №18 емхана «Дубок» филиалының меңгерушісі Мадина Жанабаева «Біздің филиалда дәрігерлер 8 учаскені бақылауға алды. Екеуі педиатрлық бағытта жұмыс істеген болса, қалғаны жалпы тәжірибелі дәрігерлер ретінде медициналық көмек көрсетті. Емхана тарапынан жүргізілген кешенді бақылау жұмыстарының нәтижесінде сақтық шаралары күшейтіліп, екі мобильді топ ұйымдастырылды. Вирустың кең таралып кетуінің алдын алу мақсатында емхана жанында ашылған фильтрде коронавирусқа күмәнді болған науқастар тексеруден өтті. Емхана таза және вирус жұқтырған науқастар үшін қызыл аумақ болып бөлінді. Қашықтан эпидемиялық жағдайға байланысты кеңес берілді. Тіптен, қиын жағдайларда науқаспен байланысқа емхана меңгерушісінің өзі шығып, емдеу шараларының барысын қадағалап отырды. Міне, осындай жағдайда қауіппен бетпе-бет келген дәрігерлер тәуекелдерге бара жүріп, вируспен күреске ұйымдасқан түрде жұмылды. Әсіресе, психолог Галина Долженко мен әлеуметтік қызметкер Гүлсая Қаржаубаеваның дағдарысты кезеңде науқастарға психологиялық кеңес беріп, қолдау көрсетуінің нәтижесінің жоғары болғанын айтуға тиіспіз. Әрине вирустың салдары науқастың тәніне ғана емес, жанына да батқаны белгілі. Көпшілігінің жүйкесіне салмақ түсіп, күйзелісті жағдайларды өткерді. Осы орайда мамандардың кәсіби кеңесі арқылы көптеген науқастар аяғынан тұрып, тағайындалған ем-дом оң нәтижесін берді», деп атап өтті.
Елімізде карантиндік шаралар енгізілген күннен бергі аралықта емхана жұмысында дамыл жоқ. Коронавирустық инфекция тұмау түрінде басталып, қант диабеті, гипертензия, жүрек қан тамырлары сияқты созылмалы аурулары бар науқастарда аурудың өршіп кету жағдайларының орын алуы дәрігерлерді қатты алаңдатты. Қаланың Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының тікелей қадағалауында әр науқастың жағдайы жіті қадағаланып, ауыр жағдайдағы алпысқа жуық науқас провизорлық стационарларға жатқызылды. Қауіп-қатер тобына жататын науқастар дәрігерлердің қатаң бақылауына алынды. Мадина Ниетбайқызы атап өткендей, ауру белгілері науқастардың жас ерекшелігіне қарай әртүрлі сипатта өрбіді. Ал 30-45 жас аралығындағы науқастарда ауру белгілері неғұрлым жеңіл өткенін байқауға болады.
Бүгінде бұл емханада әр дәрігер өз тәжірибесімен бөлісе отырып жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналған. Өзіне бекітілген аумақтағы тұрғындар денсаулығын қадағалай отырып, учаскедегі әрбір науқастың жайын жете біліп отыруға тырысатын дәрігерлер ісі мақтан етуге тұрады. Осы орайда дәрігерлер Мөлдір Қожахметова, Алина Рахматуллаева, Гүлжан Есімбекова, Гүлжан Шалдыбаева, сонымен қатар бас мейірбике Майра Жанғабаева, мейірбикелер Айдана Сарыбаева, Мағиза Арғынбек, Гүлмия Бданова, Ғалия Байсақалова, Лайла Сеңгірбаева, ал жоғары оқу орнын енді ғана бітіріп келген интерн-дәрігерлер Арай Мұхтарова, Фарида Пірманова және де мобильді топта қызмет еткен Инкар Хусайынованың есімін ерекше атап кетуге болады.
Емхана тіршілігіне қатысты азды-кем мәліметтермен бөліскен Мадина Ниетбайқызы медицинаны жоғары деңгейге алып шығатын дәрігерлер екенін айтады. Індет өршіп, кең тараған тұста ауыр салмақ дәрігерлердің иығына түсті. Осы кезеңдерде дәрігердің ауруды дұрыс анықтай білуінің маңызды екенін уақыт көрсетіп берді. Жақсы дәрігер болу өз кәсібіне деген жауапкершілігіне, білімі мен білігіне байланысты. Теориялық білімді терең меңгерген маман ғана оны тәжірибемен ұштастыра алады. Бүгінде дәрігерлер сапына қосылып жатқан жас мамандардың білімі жоғары. Білмегенін үйренуге тырысады. Сондықтан да тәжірибелі мамандардың жастарға білгенін үйретіп, баулудағы орны ерекше.
Әлемдік медицинадағы үрдісте жалпы тәжірибе дәрігерлерінің сұранысқа ие екенін айтқан Мадина Ниетбайқызы өзінің бес мамандықты игеруі өз кәсібінде зор нәтиже бергенін айтады. Жоғары дәрежелі акушер-гинеколог жалпы тәжірибелі дәрігер ғана емес, өз саласының менеджері де. «Тәжірибелі дәрігер науқас жағдайын ішкі түйсігі арқылы сезініп, дертіне дауа іздеп сарсаңға түсуіне жол бермейді. Көптеген тәжірибелі дәрігерлер бірден дұрыс диагноз қоюда жан-жақты тексерумен қатар ультрадыбыстық зерттеулерді де қолдану тәжірибесін меңгерген. Бүгінде медицинада бәсеке қалыптасқан. Жақсы дәрігерге қашан да сұраныс жоғары», дейді Мадина Ниетбайқызы. Дәрігер ауру ағзаның ғана емес, адам жанының емшісі. Халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген даналық сөзі осыған қарата айтылса керек. Кез келген ауру адамның ішкі күйзелісінен туындайды. Бұл үшін әр науқасқа кешенді кеңес бере отырып, оған өз жақының ретінде қараудың маңызы зор. Ал мейірім – кәсіби дәрігердің басты құралы.
АЛМАТЫ