• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2013

Дүбірге толы дүние

265 рет
көрсетілді

ҰЛТШЫЛДАРДЫҢ ЖОСЫҚСЫЗДЫҒЫ АСҚЫНЫП БАРАДЫ

Мәскеудің мэриясына «Орыстар» қозғалысы басшылығынан алдағы 4 қарашада Ресей астанасының оңтүстік-шығыс жағында «Орыс маршы» деп аталатын шеру өткізу жөнінде өтініш түсіпті. Оған қандай жауап берілгені жөнінде әзірге хабар жоқ.

ҰЛТШЫЛДАРДЫҢ ЖОСЫҚСЫЗДЫҒЫ АСҚЫНЫП БАРАДЫ

Мәскеудің мэриясына «Орыстар» қозғалысы басшылығынан алдағы 4 қарашада Ресей астанасының оңтүстік-шығыс жағында «Орыс маршы» деп аталатын шеру өткізу жөнінде өтініш түсіпті. Оған қандай жауап берілгені жөнінде әзірге хабар жоқ.

Сол «Орыстардың» кө­се­мі Дмитрий Демушкиннің мә­лімдеуінше, Мәскеудегі шеруге 30 мыңдай адам қатыспақ көрінеді. Мұндай шерулер, сондай-ақ елдің 100 қаласында өтпек. Мақсаты – аты айтып тұрғандай, бұл елде кімнің қожайын екенін білдіріп, басқаларға қыр көрсету. Тек сырттан келген мигранттарға ғана емес, осы елде тұрып жатқан нәсілі орыстан басқа ұлт өкілдеріне де.

Бұл шараны осыдан екі апта бұрын Мәскеудің Батыс Бирюлево ауданында болған қайғылы оқи­ғаның жалғасы десе болғандай. Онда Егор Щербаков дейтін орыс жігіті сол ауданда машинадан түсіп, қызымен келе жатса, алдынан «сла­вянтекті емес» біреу шығып, оның қызына тиіседі. Егор ара түссе, әлгі «славянтекті емес» оны пышақтап өлтіреді.

Содан бері Мәскеуде, Ресейдің ақпарат құралдарында басталған даңғаза айқай-шу бүгінге дейін жетіп отыр. Бұл елдегі мигранттарға қарсы қозғалыс белгілі дәрежеде нәсілдік, ксенофобиялық сипатқа ойысып барады. Ресей еліндегі барлық бәленің ұшы соған барып тірелетіндей. Бұл елге қаптап келіп жатқан мигранттар болмаса, олардың – орыстардың өмірі жақсырақ болатындай. Сондықтан олармен күрес орыс патриоттарының басты парызы болмақ. Бұл күреске өз әрекеттерімен билік те қолдау көрсете бастады.

Әрине, мигранттардың қыл­мысына жол бермеу керек, сол Щербаковты өлтірген қылмыскер Орхан Зейналовты әділ жазалау керек. Бірақ орыс ұлтшылдары да, олардың жосықсыз әрекеттеріне төзімділік көрсеткен билік шенеу­ніктері де мұны, міне, екі апта бойы ұлтшылдық, ксенофобиялық даңғазаға айналдырды. Ресейдің біршама баспасөзін қарасаң, басқа ұлт өкілдері атына айтылған, оларды қаралап, қорлап көрсеткен ғайбат сөзден жүрегің айниды. Олардан нәсілдік кемсітушіліктің, ұлтшылдық астамшылдықтың иісі аңқып тұр.

Бирюлеводағы оқиғадан кейін ұлтшылдық астамшылдық уына шалдыққандар осы ауданда қирату әрекеттерін бастаған. Мигранттар еңбек ететін Покровка жеміс-кө­көніс базасын тас-талқан еткен. Қаланы жеміс-көкөніспен қам­тамасыз етіп, жақсы ісімен көзге ілінген базаны қиратудың не жөні бар? Сөйтсе, ол дағыстандық жеке адамдардыкі екен. Мәскеуде ондай кәсіпорындар аз ба?! Ұлт­шылдардың жосықсыздықтары үдеп бара жатқан соң ғана, қала үкіметі шара қолданып, 400-дей қиратушыларды ұстаған.

Бәрібір осынау жосықсыз әре­кеттердің етек алуына биліктің қосқан үлесі айтарлықтай. Ол да ұлтшылдардың хорына қосылып, сол Бирюлеводағы бір мигрант Зейналовтың қылмысын бүкіл мигранттардың әрекетіндей етіп көрсетуге атсалысты. Зейналовты ұстауды (ол әсте де полицияның күштілігі емес, туыстары ұстап берген) сайттарға шығарып, телеарналардан көрсетіп, жарнамалау, оған ішкі істер министрі В.Ко­локольцевтің тікелей қатысы мәселені күшейтіп-ақ тұр. Бұл әсіреұлтшылдардың делебесін қоздырып, жұртшылықтың назарын аударды. Ел ішінің ғана емес, сырттың да. Әзербайжан сыртқы істер министрлігі нота да тапсырыпты. Зейналовты қыл­мыскер деуден бұрын, әзербайжан деп кінә тағып, ұлттың шамына тигені үшін. Батыстың біраз ақпарат құралдары да Ресейде нәсілдік пиғылдағы әрекеттердің өрши түскеніне, оған биліктің төзімділік көрсетуіне назар аударуда. Әсіреұлтшылдар әбден еркінсіді. «СОВА» ақпараттық-сараптамалық орталығының мәлім­деуінше, Ресейде әрбір он күнде нәсілдік сипатта өлім тіркеледі екен. Ал оны жүзеге асырғандар жазасыз қалатын көрінеді.

Дәл осындай жағдайда жедел түрде РФ президенті В.Путиннің ұлтаралық қарым-қатынас саласында аймақтық және муниципалдық шенеуніктердің өкілеттігі мен міндеттерін белгілеген федералдық заңға қол қойғаны орынды-ақ болды-ау дейсің. Енді шенеуніктер әсіре­ұлтшылдардың ұранына қосыла алмайды. Заң ұлтаралық, нәсіларалық ынтымаққа қызмет етуге тиіс. Сірә, бұл заңның алда жоспарланып отырған «Орыс маршына» да әсері болар. Радикалды ұлтшылдар аяғын тартар деп ойлайсың.

 

ЖҰМЫСҚА КІРІСПЕЙ ЖАТЫП ДАУ БАСТАДЫ

ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлігі БҰҰ-ның әскери шиеленістерді шешуде дәрменсіздігіне байланыс­ты өз елінің Қауіпсіздік Кеңесін тастап шығатынын мәлімдеген.

Ең таңданарлығы: Сауд Ара­биясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­­сіне жақында ғана сайланды және бұл қызметі алдағы жылдың 1 қаңтарынан басталуға тиіс. Жұмысқа кіріспей жатып, бұл елдің бұлайша қыр көрсеткені несі дейді ғой жұрт. Жалпы, бұл елдің бұрыннан сондай әдеті бар. Осыдан біраз бұрын ол БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеу құқынан бас тартқан. Ендігісі – мынау. Түсіну қиын.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі – аса беделді халықаралық орган. Оның шешімдері – БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер үшін міндет. Оны орындамаған елдер түрлі санкцияларға ұшырауы өз алдына, оларға қарсы қарулы күштер қолданылуы мүмкін. Сондықтан да осынау құзыретті ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу кез келген ел үшін үлкен абырой, бедел.

Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесі бар: оның бесеуі тұрақты – АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбритания, оны – тұрақты емес, олар әрбір екі жылда жаңаланып, Бас Ассамблеяда сайланады. Жақындағы сайлауда Литва, Нигерия, Сауд Арабиясы, Чад және Чили екі жылға сайланған. Олар алдағы 1 қаңтардан бастап, Әзербайжан, Гватемала, Марокко, Пәкстан және Того елдерін алмастырады. Бұлардан басқа әлі бір жыл Австралия, Аргентина, Люксембург, Оңтүстік Корея және Руанда тұрақты емес мүше болып қалады.

Сауд Арабиясының Қауіпсіздік Кеңесінде істемей жатып, оған мұндай көзқарасын білдіруі пара­саттылыққа сыя қоймайды. Оның сайлануы да біраз дау тудырған. Әдетте, алдын ала зерттеліп, елдер­дің кандидатуралары ұсынылғанда, олар бірауыздан дерліктей сайланып жатады. Сауд Арабиясын 176 ел қолдап, 15 ел қарсы болды. Бұған оның Сирияға қатысты ұстанған бағыты себеп. Эр-Рияд Башар Асад үкіметіне ашық қарсы шығып, бүлікшілерді қаржымен де, қарумен де ашық қолдап келеді.

Енді, міне, Қауіпсіздік Кеңесінде де сондай бағыт ұстанбақ. Басқаша бағыт ұстағандарға өкпе айтады. Әрине, бұл көңілге қона қоймайды. Басқаның да пікірін құрметтеген жөн. Менің дегенім болмаса, Қауіпсіздік Кеңесінен кетемін деуін ақылға сыйдыру қиын. Бұдан Эр-Риядтың ұтатыны шамалы емес-ау, көп нәрседен ұтылады. Ендігі ең дұрысы – осынау асығыстау айтылып қалған мәлімдемеден қайтып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше қызметін мүлтіксіз атқаруға бағыт ұстағаны жөн-ақ. Әйтпесе, бұл ел беделден ғана емес, басқаның сенімінен де айырылады.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар