• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2013

Еліне сөзі ем болған

5210 рет
көрсетілді

Қай дәуірде де, қай заманда да тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан, қазақтың басын қосқан, туын жықпаған ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Елдігімізді де, кеңдігімізді де біз солардың арқасында сақтап қалдық.

Сондай ұлы тұлғалардың бірі – Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандар тұсында мемлекет құрудың басында болған аса ірі қайраткер, дала демократиясының данышпаны, әз-Тәуке құрған билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі – Төле би Әлібекұлы.

 

Қай дәуірде де, қай заманда да тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан, қазақтың басын қосқан, туын жықпаған ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Елдігімізді де, кеңдігімізді де біз солардың арқасында сақтап қалдық.

Сондай ұлы тұлғалардың бірі – Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандар тұсында мемлекет құрудың басында болған аса ірі қайраткер, дала демократиясының данышпаны, әз-Тәуке құрған билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі – Төле би Әлібекұлы.

Қазақтың халық ретінде сақталып қалуына аянбай қажыр-қайрат жұмсаған Төле би Әлібекұлы табиғатынан дарынды туған, халқының ақындық, шешендік өнерінен құмарын қандырған, кеудесі алтын сандық, көкірегі ояу, терең кісі болған. Ел арасындағы билікке ерте араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен халқын тәнті еткен. Төле би – түп-тұқиянынан, ата тегінен билік үзілмеген, көсілгенде – көсем, шешіл­­­генде – шешен, қалың елдің қайғы­­­сын жұтып, қамын жеген, қара қылды қақ жарған, басына бақ қонған, қызыр дарыған, қаралы, жаралы жұртына тірек, пана болған, еліне сөзі ем болған, жұр­­­тына сөзі жөн болған, ақылы дария кен болған, ханға да, қараға да тең болған, сөйлеп бір кетсе сел болған, көңілі түссе көл болған кемеңгер, дала данышпаны, ақылман, данагөй, халық көсемі.

Төле бидің атасы Құдайберді би – Есім ханның заманында ханның оң тізесінде отырған оңқайы, қазақтың бір қанаты Үйсін ұлысының ұлыс бегі – биі болған кісі.1620 жылы Есiм хан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолмен ойратқа шабуыл жасағанда, қара Ертіс бойында өткен осы соғысқа арғын Ағынтай, алшын Жиембет, қо­ңырат Алатау, шапырашты Қарасай батыр­лармен бірге Құдайберді би де қа­­­ты­­сады. Әкесі Әлібек те әділдіктің туын жықпаған, елдің сөзін ұстаған би еді.

Төле би Әлібекұлы 1663 жылы дүниеге келген. Гомердің қай топырақта туғанына гректің жеті қаласының таласатыны секілді, әлі күнге дейін Төле бидің қай жерде туғаны жөнінде де ғылыми дәлелденген нақты дерек жоқ. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында бабамыздың Арқастың астындағы Алакөлде, Көктұма деген кішкентай өзеннің тұныққа құяр сағасында туғаны айтылады. Кейбір деректерде, Қазығұрт тауына жақын, Бадам өзенінің сол жағындағы Бәйтік деген елді мекенде дүниеге келген десе, біраз зерттеушілер Шу өңіріндегі Жайсаң жайлауында туған дейді. Төле биге қатысты айқындалатын мәселенің бірі осы.

Десе де, Арқастың да, Шыңғыс ханның атала­рының атымен аталатын Баян Жүрек, Қапалдың да Төле бидің ата қонысы екенін ешкім теріс дей алмайды. Жанту-Жарылқамыс ілгеріден осы Арқас пен Шымбастың арасын көшіп-қонып жол қылады екен. Кейін бұл өңір Төле би жайлауы аталып кеткен.

– Сонша алысқа неге көшесіз, өзіңіз туған Арқастың бауыры жетпей ме? – дегенде, Төле би:

– Ол жақта бабам Бәйдібек жатыр, мұнда оның әкесі Қараш жатыр, – дейді екен.

Әлібек би де кезінде бірде Арқасты, бірде Лепсі өзенінің бойын мекендейді.

Әрине, ол кездегі алмағайып, аласапыран заман бабаларымыздың туған жерінде табан тіреп, өмір сүруіне мұрша берген жоқ. Жаугершілік заманда қазақ жел айдаған қаңбақтай, бірде батыстан, бірде шығыстан шығып жүрді. Қазақ жерінің қай қиырына барсаң да мұндай тарихи мысалдарды көптеп кездестіруге болады.

Бүкіл саналы ғұмырын елінің елдігі мен бірлігіне арнаған Төле бидің тарих сахнасына шыққан кезі – ел ылаң, дүние топалаң болған, жылқы ысқырса – желдікі, айдаса – жаудікі болып тұрған; қазақтың аузынан қақпақ, басынан тоқпақ кетпеген; қылыш – қынабынан, қанжар қынынан суырылған; найза белдеуден шешілген, бес қаруын асынған; ат үстінде күн көрген, аптада белін шешпеген; пыран киіп, пырақ мінген; іргеден Жоңғар хандығы бой көтеріп, айбынды күшке айналып үлгерген беймаза шақ болатын. Мұндай ахуал, әсіресе, Ресей мен Қытайды қатты алаңдатып, бүйірлеріне шаншудай қадалған еді. Олар қайткен күнде де Қазақ пен Жоңғар секілді ат жалында өскен көшпелі екі елді бір-біріне айдап салу, шағыстыру арқылы өз діттегендеріне жетуге тырысып бақты.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ халық ретінде тарих­та қала ма, жоқ па деген сұрақ көзі ашық, кө­кі­­­­­регі ояу дала данышпандарын дөңбекшітумен бол­ды.

Сырттан төнген қауіпті сұңғы­ла­лықпен сезген Төле би Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Әйтекемен бірге Тәуке ханның тұсында Түркістан қаласын орталық қылып, үш жүздің ұлыстарын бір шаңырақ астына ұйыстыруға, сөйтіп, бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады.

Күлтөбеде күнде жиын өтіп, Хан кеңесі, Билер кеңесі өмірге келеді. Ақылдастар алқасындағы қырғыз бен қарақалпақ билерін былай қойғанда, бүкіл алты Алаш түгіл, 170-тей рудан тұратын үш жүздің басын біріктіру оңай болмайды. Десе де, Төле бас­тап, Қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке қош­тап, Ордабасыда халық жиынының ма­құл­дауымен болашаққа сенім нығая түседі. Әбілқайыр хан қазақтар қосынына Бас сардар болып сайланады.

Төле бидің ақыл-парасаты «Ақтабан шұбы­рынды, Алқакөл сұлама» кезін­­де анық көрінеді. Ол қазақ жерін басқыншылардан азат етуге үлкен күш салады. Елін-жерін қорғауға үндеу тас­тайды. Қамқорлығын сезген қалың ел бидің соңынан ереді.

Қазақ хандығының әлсіреп, жоңғар­лардың басқыншылық әрекеттері күшейе түскен кезеңде Төле би елдің иесіне тән қасиет таныта білді. Жоңғарлар қазақ халқын жойып жібергісі, ал тірі қалғандарын қуғын-сүргінге ұшырат­қысы келді. Төле би Қабанбай, Бөгенбай және Жәнібек батырлармен бірге біртұтас халық майданын құрып, азаттық жолында күрес жүргізді. Сол бір қысылтаяң шақтағы ерен еңбегі Төле бидің есімін күллі қазақ тарихынан бөліп ала алмайтын біртұтас ұғымға, ұлтқа риясыз қызмет етудің символына айналдырды.

«Хан біткеннің қазығы, қара бұқа­раның азығы» атанып, хан мен қараның арасында алтын көпір болған ілгергі Майқы би, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Жиренше шешендердің сарқыты Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билер тарих жүктеген ауыр міндетті абыроймен атқара білді.

Түптеп келгенде, олардың әрқай­сысын әр жүздің биі деу шартты нәрсе. Уақыттың өзі дәлелдеп бергендей, үшеуі күллі қазақтың қоғамдық-саяси және рухани кеңістігінің терезелері тең кемеңгерлері еді. Қазақтың Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп жіктелуі де шын мәнінде бөліну, бөлшектену емес, Ұлы даланы басқарудың ұтымды әдісі ғана болатын.

Абылайды тәрбиелеп, үш жүздің ханы дәрежесіне көтерген Төле би еді. Баланы кебенек ішінде танып «Сабалақ» деп ат қойып, сырт көзден жасырып, түйе бақтыра жүріп баулып, бүкіл қазаққа хан көтеру Төле сынды дананың ғана қолынан келетін құдірет еді. Абылай өсе келе бидің де, елдің де сенімін абыроймен ақтады. Мұны көзі қарақты, көкірегі ояу қазақтың бәрі біле­ді. Көмекей әулие Бұқар бабамыз да айтып кеткен.

Төле би 1734 жылы Ресей патшасы Анна Иоан­­­новнаға және Орынбор губернаторы И.Неплю­евке хат жолдап, бодандықты қабыл­­­­­­дауға риза­шылық білдірді. Бұл сол тарихи кезең­де шарасыздан жасалған қадам болатын. Ол жоңғар шапқыншылығынан титықтаған халықтың жағда­­йын жақсартуды бірінші кезекке қойды. 1748 жылы орыс сауда керуені тоналғанда, «тура би­­де туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» де­ген­дей, атасы бір Қойгелді батырды билер алқа­сы­­­­на ша­қыртып, оған шығынды жұрт көзінше төлет­тіреді.

1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапқанда, оның баласы Ералы сұлтан әкесінің құнын даулап Төле биге шағымданады. Төле би Әбілқайырдың өлімі үшін айыпкерлердің Жеті жарғы заңына сәйкес жеті құн төлеуі туралы шешім шығарады. Ералы айыпкерден екі құн алып, төрт құнды кешіреді де, әкесін өлтіруге қатысушылардың бірі Сырымбет батырды жетінші құн орнына өз қолымен өлтіреді. Әбілқайырдың балалары бұған да тоқтамай, Төле биден Барақ сұлтанның жауапқа тартылуын сұрайды. Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Төле биге өзі келіп, жасаған ісі үшін сотқа тартуды сұрайды. Төле би билікке Жалған биді, Сырлыбай биді, Даба биді, Қабек мырзаны қатыстырады. Билер алқасында Төле би Барақ сұлтанды ақтап алады.

Әбілқайыр ханның өлімі үшін жеті адамның құнын кескенде де, Барақ сұлтанды ақтап алғанда да, туысы Қойгелді батырға тоналған орыс сауда керуенінің өтеуіне екі мың жылқы төлеуге билік шығарғанда да Төле би елдің шырқын бұзбауды, әлі келгенше халықтың тыныштығын, тұтастығын сақтауды көздеді. Бұл секілді еларалық сипаттағы билігі мен қатар әз бабаның ұлыс ішіндегі дауларды шешкен билігінен де оның мемлекеттік деңгейдегі парасаттылығы, ойының саралығы мен ниет-тілегінің тазалығы айқын аңғарылады.

Төле бидің атымен айтылатын ел аузында, халық жадында байтақ мұра қалды.

Төле би бала кезінен ел ішіндегі жер дауы, жесір дауына араласып, тіпті ұсақ-түйек дау-дамайға кесім салып отырған. Сол заманындағы белгілі батырлар мен билердің, тіпті хандардың бірсыпырасына ақылшы болып, жөн сілтеп отырған.

Төле би хан, сұлтандардың, бектер мен билердің өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына пайда бермейтінін біліп, ел бірлігін ту қылып көтерді. Оны бидің: “Елге бай құт емес, би құт”, «Батыр деген барақ ит, екі қатынның бірі табады, би деген бір бұлақ, қатынның ілуде біреуі табады», «Бидайдың сабанында дән жоқ, жаманның сөзінде мән жоқ», «Биің қылаң болса, елің ылаң болады» дейтін қанатты сөздерінен айқын аңғарамыз. Бізге жеткен аңыз-әңгімелерінің қай-қайсысында да Төле бидің ел бірлігін нығайту жолындағы ерен еңбегі аңғарылады.

Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында жатыр. Ғибратты ғұмыр кешкен бидің жарқын бейнесін көптеген ақын мен жыраулар шығармашылығына арқау етіп, оның даналығын үш ғасыр бойы талмай жырлап келеді. Атақты суретші Тоқболат Тоғысбаевтың салған суреті Төле би бабамыздың кемеңгерлігін кеңінен ашқан аса сәтті туынды деп айтсақ қателеспейміз.

Төле бидің есімі исі қазақ арасында аса құрметпен аталады. Бұл – оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың бел ортасында жүргенінің айғағы. Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек би Төле би дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде: «Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» – деп жер таянып, жылаған екен. Осыдан-ақ алыптардың бір-бірінің қадір-қасиетін жете танығандығын аңғаруға болады.

Төле биді тек қазақ халқы ғана емес, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, тәжік елдері де дуалы ауызды әулие кісі, биіміз деп, есімін бүгінге дейін қастерлеп еске алады.

Ташкент пен Шымкент айналасындағы қазақтар мен өзбектер Төле бидің есімін тура атамайды, «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деп қадірлейді.

«Өзбек ССР Ғылым академиясының хабаршысы» атты ғылыми журналдың 1954 жылғы №2 санында М.Е. Массон деген ғалым «Ташкенттің өткені» атты археологиялық-топографиялық және тарихи-архитектуралық очерк жариялаған. Онда: «Революцияға дейін Шайқантәуірдің құлпытасы көптеген кебіндердің (кабрпуш) астына жасырылған. Бұл жерде ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Ұлы жүзді басқарушы дулат руынан шыққан қазақтың биі Төле би «Қарлығаш» деген жанама аты бар кісі жерленген» деп жазады. Белгілі мемлекет қайраткері З.Тұрысбеков Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болып қызмет атқарған кезде Төле би кесенесін жөн­детіп, Әйтеке бидің кесенесін бүтіндей қайта салуға көп еңбек сіңірді.

Төле бидің өмірі, оның асыл мұра­сы, өскен-өнген ортасы, дәуірі әлі терең зерттелген жоқ, үзік-үзік шағын мақа­лалардан басқа, кейбір әуесте­ну­шілердің жазғанынан бөтен мардымды еңбек кездеспейді. Сондықтан Төле бидің өмірі мен қызметіне қатысты деректерді Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент, Пекин қалаларына, өзге де өңірлерге арнайы мамандар жібертіп зерттеу қажет деп ойлаймыз.

Соңғы жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізген зерттеулердің нәтижесінде Төле бидің төңірегіне қатысты құнды деректер мен оның баласы Жоланның суреті Пекин мұрағатынан табылды. Итальян суретшісі Кастелиано салған суретте Төле бидің елшісі Жолан Қытай императорына сәйгүлік сыйлап тұр. Тайпейдегі мұрағаттан түсірілген шетелдік фотоальбомнан тауып алып келген ғалым Меруерт Әбусейітова еңбегі бір төбе. Ол суретті және Тоқболат Тоғысбаев сал­ған қазақтың үш биінің портретін кезінде Төле бидің ұрпағы Мүсілімбай Дайыр­беков маған тапсырған еді. Төле бидің шежіресін де жетінші ұрпағы Өмірбек Темірұлы табыс еткен болатын. Бұл аса маңызды мұралар бүгінде Назарбаев Орталығының қорында сақтаулы.

Сол дәуірден қалған асыл мұралардың бірі – Төле би бабамыздың киіз үйінің маңдайшасы, шапанының жұрнағы, құраны, бетіне жапқан кілемшесі – Төле би ауданының Киелітас ауылында, Төле бидің Дауылбайынан тараған жетінші ұрпағы Балықбайдың Еркінбегінің шаңырағында тұр. Кезінде облыс басшыларына да талай айттым, өзім де арнайы бардым, жаныстың да талай тәуірлерін салдым, бірақ бермеді. Түбінде көпке ортақ сол мұралар мемлекет қолына өтсе дұрыс болар еді.

Орыс тарихшысы А.Левшин өзінің қазақтар туралы еңбегінде Төле бидің Жолбарыс хан өлген соң Ташкентті алты жыл бойы билегені туралы жазады. Ал, Қазанғап Байболұлы «Төле бидің тарихы» атты еңбегінде бұл кісінің Ташкенттің түбінен жеті арық қаздырып, егін салдырғанын айта келе, ол мезгілдің 1718 жыл екенін келтіреді.

Өмірінің соңғы жылдарында Төле би өзінің Ташкенттің билеушісі екенін қытайға да, орысқа да таныта білді. Бұған халықаралық жағдайлар да әсер етті. 1745 жылы Қалдан-Серен қайтыс болды. 1750 жылдары Абылай бастаған қазақ жасақтары жоңғарлардан елді толық тазартып, 1755 жылдары қазіргі Қытайдағы Шәуешек қамалына дейін ат ойнатып барды. 1744-1745 жылдардан 1756 жылғы өмірінің ақырына дейін Төле би Ташкенттің билеушісі болды.

Халқымыздың бүкіл өткен жолындағы әртүрлі кезеңдерде жыр, мақал-мәтел, аңыз, эпос-жырларын молынан жинаған тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, Үйсін Төле биден асқан би жоқ» – дейді. Төле биді өз кезінде хан да, қара да сыйлаған, ешкім ол кісінің алдын кесіп өтпеген.

Төле, Қазыбек, Әйтеке – қазақ халқының алғаш­қы заң жүйесін жасаған үш кемеңгері, мемлекетіміздің үш тіреуі, әділдіктің үш тірегі, билік пен шешендіктің жығылмайтын үш туы еді. Қазақ зиялылығының салтанат құрғаны да, қазақ­тың сөзге тоқтаған кезі де осы үш бидің тұсы еді.

Төле би қайтыс болғанда, Абылайға Бұқар жырау естіртеді:

– Ей, Абылай, Абылай,

Туған адам өледі,

Кебенек киген келеді,

Қазаққа асқар бел еді,

Тірісінде бетіне жан келмеген,

Қазақта артық туған

Жолбарыс еді, шер еді.

Далада жүрген нарлы түйе келедей,

Ғақылы дария, суда жүзген кемедей.

Қайырын берсін артына

Әкең өлді Төледей! – дегенде,

Абылай:

– Ғақылым өлген екен, дүниедегі ең жақыным өлген екен, данышпаным, ахуным өлген екен, – деп сылқ етіп отыра кетіпті.

Бертінде кеңес империясы тұсында тарихымыз саясатқа айналды, Алаштың арыстарын өз халқына жау қылды. Бірін біріне айдап салды. Аңқау қазақ мұның артының неге апарып соғатынын білмеді. Ел ішінде өштестік, алауыздық, жікшілдік өрттей қаулады. Ел іргесі сөгілді. Ұлы дала сабылып, кімнің дос, кім­нің қас екенін біле алмай, есінен танып, шәт-шәлекей, быт-шыты шығып дал болды, елге тұтқа болғандарын итжек­кен­ге айдатты. Сөйтіп, өз жақсысын өзі қорлады.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», дегенді Абай жасы келіп айтқан жоқ еді, Абайды жасына жетпей қартайтқан да, сойылға жыққан да, түбіне жеткен де, Шәкәрімді құдыққа тастаған да, Біржанды шынжырға байлаған да, Иманжүсіпті арбаға теріс таңған да, Құрманғазыны абақтыға жап­қан да, Мә­­­диді шаңқай талтүсте атқан да – қазақ.

Төле, Қазыбек, Әйтеке билер осындай сұм­­­­­­дықтың болатынын, елінің де, жерінің де талауға түсетінін, сөйтіп, елдің шырқы бұзылатынын болжамады, сөйтіп, уайымдамады деймісіз. Сондықтан да, қазақ халқын үнемі бірлікке, ынтымаққа шақырды. Олардың аңсаған арманы да – жердің тұтастығы мен елдің ынтымақ-бірлігі еді.

Бүгінгі біз жеткен Тәуелсіздікке кемеңгер үш би де, ұлы Абылай хан да, бостандық жолында басын бәйгеге тіккен баһадүрлер де, Абай да, күні кеше көз алдымызда өткен Мұхтар Әуезов те жете алған жоқ. Шүкір, біз жеттік. Бұл бақытқа халқымен бірге Президент Нұрсұлтан Назарбаев жетті. Сөй­­­тіп, көз алдымызда жер де, ел де, заман да демде өзгерді. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді.

Тәуелсіз Қазақ елі көш түзеді. Осы ұлы көшті Нұрсұлтан Назарбаев бастады.

Біз осы бір ұлы тарихи үдерісте бұрын-соңды қазақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар атқара алмаған жауапкершілікті – Тәуелсіз мемлекет орнатуды қолға алдық. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып мойнына алған, өз тағдырын елдің тағдырымен жалғаған, сөйтіп, олардың ылғи үзіле берген үмітін ақтаған халқының ержүрек перзенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Жауапкершілігі де, қиындығы да мол осы жолда Президент халқына сенді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – Тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қай­рат-қабілетімді; білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да бір тәуекелге бара­мын», – дегені жұрттың бәрінің де есін­де деп ойлаймын. Ағынан жарылып ай­т­ыл­ған бұл сөзді ұмыту да мүмкін емес.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құру­да, ел билеуде ілгергі бабаларымыз мирас етіп кеткен сара жолдан тайған жоқ, олардың тәжірибесін, дәстүрін пайдаланды, жалғастырып келеді. Елбасының қазаққа алдымен ынтымақ керек дейтіні, алғашқы күннен бастап тәуелсіз елінің саясатының алтын тұғыры етіп ел бір­лігін, тыныштығын, тұмары етіп пәтуә­лі сөз бірлігін алғаны сондықтан еді.

Қалай дегенде де, құдайға шүкір, бүгінде дүние жүзін мойындатқан, ынтымағы жарасқан егемен еліміз бар, еліміздің көсегесін көгертіп, әз Төленің де арманын жүзеге асырып, Абылайдың да аманатын орындап отырған еріміз бар, құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-байтақ жеріміз бар.

Мемлекетті қалыптастырудағы, экономикамызды дамытудағы, Қазақстанды әлемге танытып-мойындатудағы, ел бірлігі – тұтастықты орнықтырып сақтаудағы, Астананы көшіріп, қала салудағы Президенттің рөлін тарихтың еншісінен ешкім бөліп ала алмайды. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде тарих толғатып туған ғасырдың тұлғасына, туған халқының Бәйтерегіне айналды.

Ұзына бойы тарихымызда опық жесек, қорлық көрсек, аңқаулығымыздан, ақ­көңілдігімізден, сенгіштігімізден, алауыз­­дығымыздан, жікшіл­­­дігімізден көр­­ген елміз. Оның айқын мысалын VII ға­­сыр­­дағы Күлтегін ескерткішінен оқи­мыз:

– Ей, Түрктің бектері, халқы! Сендер тақ­қа кіріптарсыңдар, алауызсыңдар. Әкелі-бала­ның ымырасыздығынан, ағалы-інілінің дау­лас­қан­­­дығынан, бекті-халқының жаулас­­­қан­дығынан, Сен қағаныңнан, қағандығыңнан, елді­­гіңнен, төріңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шап­­тың, сонда не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрк бектері, халқы, өкін!

Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді бабаларымыз мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен тасқа қашап жазып кеткен. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды.

«Бақыт, қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын», дегенді де айтып кеткен біздің сол бабаларымыз. Бізге бүгін де, ертең де ең керегі – сол бабалар өсиет етіп кеткен Ынтымақ пен Бірлік. Ынтымақ кеткен жерден байлық кетеді. Бірлік кеткен жерден береке кетеді.

Сақ заманындағы би атамыздың: «Арамның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте еді; Жақсы-жаман әркімнің арасынан өтеді; Араздаспай, таласпай тату жүрсең не етеді. Ынтымағы бар болса, Бұл дүниенің қызығы бәріне түгел жетеді», дейтін сөзін де есімізден шығармайық.

Майқы би, бергі Төле, Қазыбек, Әйтеке би бабаларымыздың бізге тас­тап кеткен өсиетіне де, армандап кеткен аманатына да адал болайық! Алла осы жарастығымыздан айырмасын.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Соңғы жаңалықтар