Біз кейде көп нәрсенің байыбына бармай жатып шорт кесіп, шолақ ойлап, шоқ басып жатамыз. Көзің жетіп тұрған дүниенің өзіне қайта бір айналып келіп қараудың, араға уақыт салып айтар ойыңның астарына тағы бір мәрте үңіліп көрудің ешқашан артықтығы болған емес. Шындық үшін шайқаста, ақиқат үшін арпалыста ойың ұшқары, сөзің ұшқалақ болмауы үшін де байсалды байлам айтатын бай мінез және қажет. Мұны ұлт серкесі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп бір ауыз сөзбен тамаша түйіндеген.
Әрине, ақиқат тек Аллаға аян. Дегенмен өз көзқарасыңды қорғау арқылы сенің тұлғалық қасиетің дараланады. Геометриядан білетініміздей, цилиндрге жарықты үстінен түсірсең көлеңкесі – шеңбер, қырынан түсірсең көлеңкесі – тіктөртбұрыш. Біздің шындық деген шымыр ұстанымымыз ақиқаттың бір ғана бөлшегі екенін осы бір мысал жақсы түсіндіріп тұрған сияқты. Сол секілді сіз бер жағынан қарап «9» деп топшылағаныңызға, ар жақтан қарап тұрған екінші біреу «6» деп айтуы әбден мүмкін. Оныкі де дұрыс. Сіздікі де қате емес. Мәселенің бәрі көзқараста, демек. Жай көзқарас емес, сіздің өмір сүріп жатқан кеңістігіңіз, уақыт жиілігі, рухани ракурс, ішкі-сыртқы факторлардың барлығы бір нүктеде тоғысып, ой елегінен сұрыпталып шыққан тоқетер тоқтам. Сол себепті де ешкім саған әкеліп таңбаған, ешкімнің ықпалынсыз өзіндік қалыптасқан байыпты көзқарас аса қажет. Қоғамды алға жетелеуге де пафостан гөрі сол пайымды пікір көбірек керек.
Айсбергтің бізге аз ғана бөлігі көрініп тұрады, мұхиттың астында алып мұздықтың адам сенгісіз жойқын қабаты жатады. Әрине жаттанды мысал. Осы сияқты мұзарт шыңдардың басындағы қар бізге аппақ болып көрінгенмен ол ең таза қар деуге келмейді екен. Тіпті ең лас қар – сол қар. Мұны қайбір жылы ақбас Алатауға қарап келе жатып, шалқар шабыт үстінде әлгі мәңгі мұздықтарды тазалық символына теңеп жіберіппіз. Артынша Алтайдың бауырында өскен қаламдас досымыз биік таулардың басындағы қар өте кір болатынын айтып өлеңге жанашыр сын білдірді. «Бірақ енді тап-таза деп ойлау, солай суреттеу де қате демеймін», деді. Ойланып қалдық. Бұл да бір ғана көзқарас толық ақиқатқа жеткізбейтінін ұқтырды.
Көзқарас дегеніміз сол, шама келгенше оқшау ойлау, пікірдің орнығуы, өмірлік ұстаным, сенім, тіпті идея деуімізге болады. Көру, қабылдау, зердеге тоқу, ой елегінен өткізу арқылы тәжірибелік танымның қалыптасуы көзқарастың берік іргетасын қалайды. Бірақ ерекше бір ескеретін жайт, Абай хакім айтатын «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» деген надандықты аңғалдықпен шатастыруға болмайды. Баяғыда үлкен аналарымыз Семей полигонында сыналған Атом бомбасының қорқынышты көрінісін алыстан саңырауқұлаққа ұқсақ қызық құбылыс ретінде ұзақ тамашалағандарын айтады. Бұл әрине аңғал, шарасыз таным.
Сөзіміздің басында көзқарас адамның мінезіне тікелей қатысты қасиет деп айтып өттік. Жеке адамның мінезі болатынындай, ұлттың да өзге ұлттарға ұқсамайтын дара мінезі болады. Қазақ мінезі, қазақ көзқарасы көбіне қайырымдылыққа, бауырмалдыққа, жанашырлыққа негізделеді.
Тағы да сол үлкен аналарымыз айтып отыратын ескі әңгімелердің бірін сөзіміздің соңында мысал ете кеткіміз келеді. Заманында Лениннің ескерткіші жоқ ауыл кем де кем болды ғой. Кеңес халықтарына арнап қолын көкке соза көсіліп тұрған күн көсемнің тас мүсінін алыстан көрген әже немерелерінен «ана байғұс не сұрап тұр?» дейді екен. Қу балалар ондайда ақ әженің аңғалдығын асыра пайдаланбай қойсын ба, дереу: «Әже, ол қарны ашып, құрт, кәмпит сұрап тұрған жолаушы» дейді екен. Жарықтық сонда бүкшеңдеп барып: «Мүсәпірге апарып беріңдер» деп қызыл кебежеден шығарған тәтті-дәмдісін уыстап ұстатады екен.
Сол таптық көзқарас, кейінге жалғас қанды қасаптар қазақты қандай қырғындарға ұшыратпады дейсіз. Бір ғана адамның көзқарасы жер бетіндегі орны толмас небір апаттарға алып келеді. Бір ғана адамның көзқарасы миллиондаған адамның қазасына себепкер болады.
Бірақ бізді сол озбыр жүйелердің көзқарастарына қайсыбір шалғай ауылдың елеусіз бір бұрышында жүзінен мейірім шуағы төгіле қарап тұрған аңғал әженің әлгі көзқарасы тіпті кереғар екені ойлантады, толқытады.