• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Тамыз, 2020

Алматыда самаурындар көрмесі ашылды

637 рет
көрсетілді

Мемлекеттік орталық музейдің қабырғасынан «Самаурының қайнасын...» деп аталатын онлайн көрме ашылды. Көрмеге музей қорында сақталған елуге жуық самаурын қойылған.

Самаурындар  сәндік безендірілуі мен қолданылуы тікелей байланысты өнертапқыштық туынды ретінде ұзақ та маңызды тарихқа ие. Самаурынға ұқсас құрылғылар антик заманда да белгілі болған. Мұндай «самаурындар» ежелгі Римде, кейіннен Азия мен Еуропада да таралған. Ал қазақ даласына самаурындар этномәдени байланыстар нәтижесінде, яғни сауда, айырбас, тарту-таралғылар түрінде келіп, біртіндеп тұрмысқа енген.

«Самаурының қайнасын...» атты айрықша көрмеге 50-ге жуық музейлік құндылық қойылған. Олардың қатарында  самаурындардың кез-келген формадағы – «ваза» мен «шардан» бастап, «рөмке» мен «цилиндрға» дейінгі түрлерін кездестіруге болады.  ​Тарихы терең Орта  Азиялық  шәугімдер,  құмған-самаурындар,   XIX ғ. басы – XX ғ. тулалық фабрикалар – ағайынды Баташовтар, Шемариндер, Н.А. Воронцов, Б.Г. Тейле, Я.В. Лялин, М.Слюзберг, Ф.Ермилов және т.б. фабрикаларда жасалған самаурындар ерекше қызығушылық тудырады. Шемариндер сауда үйінің фабрикалық маркасы бар, сыйымдылығы 30 литр ең үлкен самаурын мен  1926 жылы Қарқаралы жәрмеңкесінде сатып алынған самаурынды ерекше екшеп айтуға болады.  

«Әр шаңырақтың сары самаурыны сақылдап қайнап тұратын болған. Бұл ең алдымен қазақы үйдің келген қонағына деген құрметін білдірсе керек. Бұл дәстүр үзіліп қалса да, мән-маңызын жоғалтпайды. Көрмеде ұсынылған әр самаурынның өзіне тән тарихы бар. Тіпті ғасырмен құрдас құнды ыдыстар мұражайымыздың қорында сақталған», дейді Мемлекеттік музейдің қызметкері Сұлушаш Ағелеуова.

​Көрмеге самаурындар коллекциясымен бірге сервиздер, ас үй құралдары, Қазақстанның фарфор зауыттарының түрлі өнімдері қойылған.​