Маңғыстауда "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК филиал қызметкерлері Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында салынып жатқан асфальт жол құрылысының сапасына бақылау жүргізген еді. Асфальт жабындыдан сынамалар алу жұмыстары "Сапалы жол - Адалдық алаңы" бағдарламасы аясында жасалды. Бұл туралы аталған филиалдың баспасөз қызметі хабарлады.
Бақылау шарасына филиал қызметіне тапсырыс беруші "Түпқараған аудандық тұрғын-үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Жеткізгенов, әлгі жолды салуға жауапты мердігер серіктестік бастығының орынбасары Б.Елешов, "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің осы аудандағы арнайы мониторингтік топ өкілі М.Шырақбай қатысты.
Бақылау шарасы кезінде Б.Сәрсенов көшесіндегі №31, №61 және №73 үйлердің жанындағы көлік жолдарынан үш сынама алынды. Шыққан қорытынды - жол материалдарының сапасы нормативтік-техникалық құжаттар талаптарына сәйкес келмейді.
Анықталған кемшіліктер ҚР СЖҚІҚА аймақтық департаментіне, Түпқараған аудандық ТҮКШ бөліміне қызметтік хат түрінде, ал хаттың көшірмесі "Ақ жол құрылыс" ЖШС-гі мен арнайы мониторингтік топ жетекшісіне жолданды.
Сондай-ақ филиалдың жол инженерлерімен Шетпе ауылы "Жаңа орпа" шағын ауданында салынып жатқан жолдың сапасы тексерілді.
Қазір "Жаңа орпа" атты шағын аудандағы автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеме - "Абат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Маңғыстау аудандық ТҮКШ бөлімі ұлттық жол сапа орталығы филиалымен әріптестік келісімшартта отыр.
Жолдың сапасын бақылау шарасына серіктестік және мемлекеттік мекеме өкілдері А.Жұмалиев пен Б.Абаев, "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің арнайы мониторингтік топ жетекшісі С.Мұңалбаев қатысты.
Сонымен, "Жаңа орпа" шағын ауданы №2 көшесі бойындағы асфальт жолдан 6 сынама алынды. Оның екеуінің ғана сапасы нормативтік-техникалық құжаттар талаптарына сәйкес. Қалғаны төртеуінен бірқатар кемшілік анықталды.
Бақылау шарасының қорытындысы құзырлы органға, әлгі жолға тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме және мердігер мекемеге қызметтік хат түрінде жолданды. Бақылау шарасы дәл осы күні "Ащыбұлақ" шағын ауданындағы Е.Қосбаев атындағы көше жолы мен №7 орта мектеп - "Каспий цемент" зауыты аралығындағы трассада да жүргізілді.
Ол жерден алынған 7 сынамаға зертханалық жағдайда талдау жасалды. Ешқайсы да нормативтік-техникалық құжаттар талаптарына сәйкес келмейді.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.