• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Жалғандық жарға жықты

433 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлықтың кез келген мемлекет үшін аса қауіпті екенін қазір барлық адам жақсы біледі. Өйткені, сол сыбайлас жемқорлықтың салдарынан әлеуметтік-тұрмыстық күйі нашарлаған елдердің билігі қуатынан тайып, халқы қырғынға ұшырап та жатыр. Ал біздің елдің шенеуніктерінің кәсіпкерлермен ауыз жаласқан сыбайлас жемқорлығы әлгі мемлекеттерден аспаса, кем соқпайтыны тағы белгілі. Демек, жаппай сыбайластықпен ғана байып жатқан шенеуніктерді көрген қарапайым халық билікке деген сенімнен жұрдай айырылатыны да түсінікті. Мұны ертерек аңғармаған билік ашынған жұрттың өзгелердің алдауына шырмалып бас көтергенде ғана бармақ тістейтіні тағы ақиқат. Ендеше, ел тұтастығын, тыныштығын, болашағын ойлайтын азамат шенеуніктер болса «ала қойды бөле қырықпай», халықтың нәпақасын судай сімірмей, «өле жегенше бөле же» дейтін елдік ұстанымды ұстануы тиіс.

Сыбайлас жемқорлықтың кез келген мемлекет үшін аса қауіпті екенін қазір барлық адам жақсы біледі. Өйткені, сол сыбайлас жемқорлықтың салдарынан әлеуметтік-тұрмыстық күйі нашарлаған елдердің билігі қуатынан тайып, халқы қырғынға ұшырап та жатыр. Ал біздің елдің шенеуніктерінің кәсіпкерлермен ауыз жаласқан сыбайлас жемқорлығы әлгі мемлекеттерден аспаса, кем соқпайтыны тағы белгілі. Демек, жаппай сыбайластықпен ғана байып жатқан шенеуніктерді көрген қарапайым халық билікке деген сенімнен жұрдай айырылатыны да түсінікті. Мұны ертерек аңғармаған билік ашынған жұрттың өзгелердің алдауына шырмалып бас көтергенде ғана бармақ тістейтіні тағы ақиқат. Ендеше, ел тұтастығын, тыныштығын, болашағын ойлайтын азамат шенеуніктер болса «ала қойды бөле қырықпай», халықтың нәпақасын судай сімірмей, «өле жегенше бөле же» дейтін елдік ұстанымды ұстануы тиіс.

Өйткені, Елбасы сыбайлас жем­қорлық мемлекет үшін аса қатерлі құбылыс екенін айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ биліктің, кәсіпкерліктің, басқа да салалар тетігін ұстағандар болашақ ұрпақ үшін қажетті бірліктен гөрі құныққан көмекейлерін ойлағанды артық көреді. Бұған дәлел көп. Мәселен, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) төрағасы Рашид Түсіпбеков өткізген ведомствоның мәжілісінде 9 айдың қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 8,7 пайызға өскендігі айтылды. Қылмыс артқан соң келтірілген зиян көлемі 7,4 млрд.теңгені құраған. Салық органдары қызметкерлерінің жалған кәсіпкерлік субъектілеріне қам­қорлық жасауының 11 дерегі, кеден органдары мен шекара қызметкерлерінің қатысуымен жасалған 4 экономикалық контрабанда дерегі анықталған. Сол сияқты, мемлекеттік бағ­дар­ламалардың шеңберінде анық­талған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 3 еселеп артып, олардан келтірілген залал 5,9 млрд.теңгеден асыпты.

Ал Қаржылық және эконо­микалық қылмыстарды ашу департаментінің бастығы Жанат Еламанов 9 айда анықталған қаржылық және экономикалық қылмыстардың саны 36 пайызға артқанын мәлімдеді. Мәселен, мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында анықталған қылмыстардың саны 10 есеге, жалған кәсіпкерлік бойынша 4 есеге, қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру бойынша 3 есеге, жалған және қасақана банкроттық бойынша 2,5 есеге артқан.

Алаяқтарды құрықтауда алдына жан салмайтын Астана қаласының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жалған кәсіпкерлікті құру және салықтарды төлеуден жалтару деректерін тағы айдай паш етті. Бұл қылмыс түрін жасаған қылмыскерлер үшін жазалау мерзімі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді көздесе де, сыбайластар айылын жияр емес. Сөзіміздің бір өтірігі жоқ, аталған департаменттің келтірген дерегі бойынша, соңғы жылдары Астана қаласында жалған кәсіпкерлік құру фактілері кеңінен етек алыпты.

Жалған кәсіпкерлік өзінің аты айтып тұрғандай, жалған кәсіпорындарды құру және ком­мерциялық мекемелер мен контрагенттерді салық төлеуден жалтарту арқылы мемлекетке айтарлықтай зиян келтіреді. Мәселен, үстіміздегі жылдың өткен 9 айы ішінде ғана мемлекетке 21 миллиард теңгеден астам зиян келді. Осы деректер бойынша елордалық қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері 31 қылмыстық іс қозғады. Соның бірі «А-СТЭН» ЖШС жалған кәсіпкерлігін құрған алаяққа қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Ал төленбеген салық көлемі 74,3 миллион теңгені құрап отыр.

Кәсіпорындардың заңсыз пайда алуының тағы бір жолы контрагенттермен жалған келісімшарттар жасауы болып табылады. Бұған қоса, қаржы полициясының тәжірибесі көрсеткендей, қылмыскерлер жасалған жалған келісімшарт­тар­дан 3-5 пайыз ақшалай пайда табады екен. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында «АстанаСпецмонтажСтрой», «Успех КЗ», «РекордСтройГрупп» секілді 3 жалған кәсіпорындар арқылы жалған есеп-шоттарды сату кезінде Башкенов деген ұс­талды. Оның салық төлемей мемлекетке келтірген зияны 2 миллиардтан астам теңгеге жеткен. Аталған деректер бойынша Башкеновке қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Астана қаласында 3 жыл бойы жалған кәсіпкерлікті жүзеге асырып келген қылмыстық топ құрықталды. 7 адамнан тұратын бұл қылмыстық топ 2010-2013 жылдар аралығында 4 жалған кәсіпорын құрып, салық төлеуден жалтару және ақша қаражаттарын заңсыз алу қызметтерін көрсетіп келген. Аталған жалған кәсіпорындардың қызметінен, төленбеген салықтың жалпы сомасы 1,9 миллиард теңге болды. Сонымен қатар, жедел-іздестіру шаралары барысында, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы бойынша салық басқармасының екі лауазымды қызметкерінің жоғарыда көрсетілген жалған кәсіпорындарға қорғаушылық жасаған әрекеттері анықталды. Олар жалған кәсіпорындардың салыққа қатысты мәселелерін белгілі бір сыйақыға шешіп беріп отырған.

Бұған қоса, мүліктік пайда алу және салық төлеуден жал­­тару мақсатында қалалық Әді­лет департаментінде бірнеше жал­ған кәсіпорындарды тіркеген Ивановқа және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс тергелуде. Аталған тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінен мемлекетке 2 миллиардтан астам зиян келген.

Елбасының қатаң тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта кә­сіпкерлердің құқығын қорғау бо­йынша тиімді шаралар жүзеге асы­рылуда. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, қайсыбір айлакер кәсіпкерлер, жеке бас пайдасы үшін шектен шығып, түрлі арам айлаларды қолдануда. Кейбір салық төлеушілердің алаяқтық жолдармен міндетті салық төлемдерінен жалтаруы нәтижесінде мемлекеттің мүддесіне үлкен зиян келуде. Бұл орайда, жалған кәсіпорын қожайындарының қаржы-шаруа­шылық қызметіне сай салық органдарына салық есебін бермеуі, құжаттарға кірістер туралы жал­ған мәліметтерді енгізуі, салық салынатын базаны жасанды азайтып көрсетуі, жеке операцияларды есептен жасыруы немесе кәсіпкерлік қызметтің жоқ­тығын растайтын декларацияны нөлдік көрсеткіштермен ұсы­нуы классикалық «көлеңкелі» операцияларға жататынын атап өту қажет.

Салық төлеушілер заңымызға сай өздерінің салықтық міндеттерін орындамауы салдарынан, мемлекет жыл сайын айтарлықтай бюджеттік қаражаттарды ала алмайды. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін ғана қысқартып қоймай әлеуметтік теңдік принциптерін бұзады, көлеңкелі сектордың өсуіне жә­не ұйымдасқан қылмыстарды өршітуге әкеп соқтырады. Сөй­тіп, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде салық төлеуден жал­тарған мекемелер бойынша 47 қылмыстық іс қозғалды. Ал осы санаттағы қылмыстық істер бойынша анықталған зиян көлемі 13 миллиардтан астам теңгені құрайды. Сонда байқасаңыз, жемқорлық қылмысы мүлде төмендемеген, қайта қанатын кеңінен жая түскен, себебі, өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда жемқорлық көр­сеткіштер 52 пайызға өскен.

Жалпы, Астана қалалық қаржы полициясы департаментінің өнді­рісінде сыбайласа жегендерге қатысты іс көп. Соның бірі 2009-2011 жылдар аралығында декларацияға жалған мәліметтер енгізу арқылы жалпы сомасы 1 миллиардтан астам теңге салық төлеуден жалтарған «Рахат и К KZ» ЖШС басшыларына қатыс­ты қозғалған қылмыстық іс те бар екен. Осыған қоса, кірістер және шығыстар туралы жалған мәліметтерді салық декларация­сына енгізу арқылы, сонымен бірге, салық салу нысанын жасыру арқылы жалпы сомасы 243 млн.теңгеге салық төлеуден жалтарған «Бахыт XX Astana Bissnes» ЖШС басшыларына қатысты қылмыстық іс тергелуде жатқан көрінеді.

Осылайша, салықтан жалтарып, заңсыз табыс табамын дегендер омалып та жатыр. Мәселен, корпорациялық табыс салығы және қосылған құн салығы бойынша декларацияларға жалған мәліметтер енгізу арқылы аса ірі көлемде салық төлеуден жал­тарған Цыганкова 6 жылға бас бостандығынан айырылып, жеке мүлкі тәркіленумен жалпы тәртіптегі түзету мекемесіне қамалды. Бір ғана Цыганкованың қылмыстық әрекеттерінен мемлекетке 146 миллион теңге зиян келген. Сонымен қатар, өзінің заңсыз әрекеттері арқылы салық төлеуден жалтарып, мемлекетке 230 миллион теңгеден астам зиян келтірген «Слава-С» ЖШС-нің директоры Тарджуманян 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай деректер, әрине, жоғарыда айтқанымыздай, біздің елде өте көп. Сондықтан заңға пысқырып та қарамай, сыбайлас жемқорлыққа салынатын қылмыскерлер халық­тың қазынасына қасақана қол сұғатын болғандықтан, еліміздің әрбір азаматы өзіне мәлім сыбайлас жемқорлық деректері туралы дереу қаржы полициясының жалпыға бірдей «144» сенім телефонына хабарлағаны жөн.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар