• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Мәжілісте басты құжат мақұлданды

243 рет
көрсетілді

 Алайда, сұрақтар қалды

Еліміздің үш жылға арналған ең басты қаржылық құжаты – 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының Мәжілістің соңғы отырысында мақұлданып, Сенатқа кеткені бұдан бұрын хабарланған болатын.

 

Алайда, сұрақтар қалды

Еліміздің үш жылға арналған ең басты қаржылық құжаты – 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының Мәжілістің соңғы отырысында мақұлданып, Сенатқа кеткені бұдан бұрын хабарланған болатын.

Құжатты талқылау барысында палатаның барлық комитеттері де үлкен жұмыс жасап, қажырлы еңбек етті. Депу­­таттардың сөйлеген сөздерінен ол айқын көрініп тұрды. Бәрі де еліміздің басты құжатының мінсіз болуына, оның Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмаларын бұлжытпай орындауға қызмет етуіне белсене атсалысқандары анық.

Бюджеттің кіріс бөлігіне тікелей әсер ететін фактор – мұнайдың бір баррелінің бағасы 90 АҚШ доллары деңгейінде бола­ды деп белгіленіпті. ТМД елдері арасынан оны соңғы жылдары үнемі 100 доллар бо­лады деп болжайтын Әзербайжанда биыл­ғы бюджетін 90 долларлық межемен ай­қындапты. Ресейліктер де оның алдағы жылы 100-ден төмен болатынын межелеп отыр.

Заң жобасын талқылаған жалпы отырыста баяндамалар жасалып, сұрақтар беріліп болған соң, оны талқылау өтіп, депутаттар өз пікірлерін білдірді. Алдымен сөйлеген Серікбай Нұрғисаев бюджеттің тек жетістік жақтарын тізбелеп шығып, барынша оптимистік пікір біл­дірген еді. Бірақ, одан кейін сөй­­леген Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Да­риға Назарбаева біршама сындар айтып, Үкіметтің осынау заңды дайындау барысындағы олқылықтарын көрсетіп берді. Ол алдағы үш жылда Үкіметтің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік көмек көрсету салаларына қарастырылатын шығынды азайтуды межелеп отырғанын қатты сынады. Біздің комитетіміз мұндай қысқартуларды дұрыс деп санамайды. Алайда... әлеуметтік салаға қаражат көп бөлінсе де халық соны өзінің жеке басында сезіне алмай отырғаны неліктен? Мәселен, білім беру саласының шығысын Үкімет соңғы үш жылда 1,7 есе арттырыпты. Бірақ, содан өзгерген немесе жақсарған істер бар ма? Елімізде балабақша саны бұдан үш жыл бұрын да жетпейтін еді, неге әлі де сол қалпында? Өздерінің кезегін күтіп әлі күнге 500 мыңдай бүлдіршін балабақша есігіне жете алмай жүр. Ал 2014 жылғы бюджетте жаңа балабақша салуға тіпті қаражат қарастырылмаған. 2015 жылы небәрі – 12, ал 2016 жылы 6 балабақша салудың қаражаты қарастырылыпты. Ал қажетті балабақшалар саны – 450! Білім беру саласы мұндай өгіз аяңмен мәсе­­лені қашан шешеді? Жекеменшікпен бір­лесіп балабақша салу тетіктері әлі күнге айқын­далмаған. Ойлап табыл­ған «мини-орта­лық» дегендер күмәні көп жартыкеш қадам­дар. Біздің деректерімізге қара­ғанда, жергілікті әкімдер жекемен­шік капиталды бұл іске тартуға шор­қақ. Сонда Үкімет Президенттің «Балапан» бағдарламасын қалай орындамақшы? – деді комитет төрайымы.

Одан әрі Д.Назарбаева еліміздегі 182 проблемалық мектептерді (апатты жағдайдағы; үш ауысыммен оқытатын, т.б.) оңалтуға да қаражат қарастырылмағанын сынға алды. Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың осы мәселеге байланысты депутаттардың алаңдаушылығы ескерілді деген сөзі, жұмсартып айтқанда, қулық, деді Дариға Нұрсұлтанқызы. Басқа сөзбен бағалау қиын.

Одан әрі комитет мүшелері бюджет шығындарын қарастыру кезінде 113 млрд. теңгенің орынсыз жұмсалмақшы екенін, енді сол соманың осы қажетті дүниеге неге бұрылмайтынына таңғалатынын жеткізді. Қорыта айтқанда, Үкіметтің осы проблеманы шешуге бағытталған толық­­­қанды іс-жоспары жоқ. Ал дәл сол кезде, кейбір бағдарламалар бойынша бюджет шығындары шектен тыс шарықтатып жібе­рілген. Соның ішінде Білім және ғы­лым министрлігі 2011-2013 жылдардағы бюд­жетте 44,5 млрд. теңге жұмсалса да ешқандай нәтиже бермеген жобалық оқ­ы­ту бағдарламасына тағы да 41 млрд. тең­ге қарастырып отырғанын айтты. Бұл бағ­дарлама бойынша мектептерге бағасы көп есе арттырылған компьютерлер ғана сатып алып беріліпті. Қаражат ешқандай нәтижесіз жұмсалған, ал кінәлі адам жоқ, бірақ оған тағы да қаражат қарастырылып отыр. Бұл не сонда, бюджет дарынсыз адам­дарға арналған сынақ алаңы емес қой, ақша­сын шаша беретін, деді комитет төра­йы­мы.

Одан әрі Д.Назарбаева БҒМ-ның Президенттің талабын сылтауратып, құны 300 млн. доллар тұратын маман жұмысшылар дайындайтын колледж салмақшы болып, бюджетте 69,7 млрд. теңге қарастырғанын да қатты сынға алды. Осындай да қымбат колледж бола ма екен? Бұл нағыз кезекті көзбояушылық, деді ол.

Депутат Шалатай Мырзах­метов депу­тат­­­тардың соңғы жылдары үнемі алкоголь және темекі өнімдеріне акцизді арттыру саясатын көтеріп келгенін айтты. Біз бірнеше рет депутаттық сауалдар да жолдадық. Алайда, соның бәріне сырғытпа жауап алып отырдық. Енді бұл мәселені Елбасының өзі көтеруі мұң екен, Үкімет бірден іске кірісті. Біздің айтқанымызға құлақ асқанда ғой, акцизден түсетін кіріс бұдан екі-үш жыл бұрын-ақ артқан болар еді, деді депутат.

Халықтық коммунистік пар­тияның Парламенттегі фрак­циясының жетекшісі Владислав Косарев заң жобаларының шикі күйінде әкелінетінін атап айтты. Кейде біз заң жобасының бір бабына 20-ға дейін түзету енгізуге мәжбүрміз. Бұл масқара емес пе? – деді ол. Одан әрі депутат мал шаруашылығын қолдау мәселесінің сын көтермейтініне назар аударды. Біз етті Перуден, сүт ұнтақтарын Даниядан әкеліп жатырмыз. Бұл не деген сұмдық?! Еліміздің мүмкіншілігі 50-60 млн. адамды тамақтандыруға толық жететін жағдайда біз 17 млн. ха­лықты асырай алмай отырмыз, деп өз ашынысын ашық білдірді В.Косарев. Одан әрі депутат Ауыл ша­руашылығы министрлігінің осы мәселеге назар аударып, ша­ғын тауарлы-сүт фермаларын қол­дау­ға бет бұрғанын қанағатпен атады.

Депутаттар бұлардан басқа да өзекті мәселелерді көтеріп, заң жобасында солардың көбі комитеттерде талқыланғанда айтылса да ескерілмегеніне қынжылыс білдірді. Осындай әупіріммен мақұлданған заң жобасы енді Сенатқа жол тартты.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар