Мұнайлы Маңғыстау – шет мемлекеттерден оралған бауырлардың қазығын қағып, қосын тігер мекенге айналды. Бұған тұрғындар санының аз болуы да әсер еткен болуы керек. Ал екіншіден – мұнайымен танымал, мал өсіруге қолайлы, тұрмысқа жайлы құтты қоныс болуының да ықпалы жоқ дей алмаймыз.
Мұнайлы Маңғыстау – шет мемлекеттерден оралған бауырлардың қазығын қағып, қосын тігер мекенге айналды. Бұған тұрғындар санының аз болуы да әсер еткен болуы керек. Ал екіншіден – мұнайымен танымал, мал өсіруге қолайлы, тұрмысқа жайлы құтты қоныс болуының да ықпалы жоқ дей алмаймыз.
Алдыңғы кезекте келгендер байырғы тұрғындармен сіңісіп, құда-жекжат болып араласып, ауласында қаракөз ұл-қыздары асыр сала ойнаған қазақтың бір шаңырағы болып кетті. Ойлағаны оңынан орала қоймай, әлі күнге пәтер жалдап сабылып жүргендер де бар. Атажұрт болғанмен, арнайы барып атбасын тіреп, жүгін түсірер өз үйі болмағасын, оралман ағайындарды Қазақстанға, өзі қоныс етпек болған өңірге бейімдеу, еліміздің заң-зәкүндерін оқытып, ана тілді үйрету, азаматтық алғанша қолтығынан демеу мақсатында осыдан 3 жыл бұрын Ақтау қаласында «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру» орталығы ашылған болатын. Еңселі ғимаратта отырып, заңдылыққа сай құжаттарын түгендеп, азаматтығын алған белгілі мерзімнен соң олар орталықтан шығып, елді мекендерге қоныстануы тиіс болатын. Біраз отбасы тиісті тәртіптің тезінен шыққан жоқ, осылай жасады. 2013 жылдың басынан бері облысқа 614 отбасыдан құралған 2830 оралман келді. Олардың 181 отбасы Бейнеуге, Мұнайлы ауданына 358 отбасы, 6 отбасы Түпқараған ауданына, Маңғыстау ауданына 1 отбасы, Ақтауға 38 отбасы бөлініп орналасты. Арнайы орталықты нөпір қонақ басып қалмағанмен, келушілер де жоқ емес.
Жуырда аталмыш орталықтың жаңа басшысы Е.Боранбаев орталықтың өзіндік мәселелері жеткілікті екендігін жеткізді. Оралмандарға арналған шаңырақ астында қазір 90 отбасының 436 адамы тұрып жатыр. Өзбекстаннан келген 45 отбасында – 199, Түркіменстаннан қоныс аударған 20 отбасындағы 112 бауырымыз, Ираннан көшіп келген 19 отбасында – 77, Сауд Арабиясынан келген 5 отбасында – 45 және Моңғолиядан оралған 1 отбасында 3 адам – орталық тұрғындары. Көріп отырғанымыздай, кейбір отбасыларда 9-10-нан бала өсіріп отырғандар бар, қатарымызға қосылып, санымызды көбейткен қандастарға сүйсінесің де. Бірақ... қызметке келісімен орталықтың, ондағы тұрғындардың құжаттарымен жекелеп танысқан Е.Боранбаевтың айтуынша, олар мұнда тұруды мәжбүрліктен емес, пайдакүнемдікке айналдырып бара жатқан көрінеді. Яғни, көпшілігінің қала шетіндегі шағын елді мекендерде, Мұнайлы ауданына қарасты ауылдарда жеке үйлері бар екен. Оларды қаражат табу мақсатында жалдап қойып, өздері оралман есебінде оты мен суы тегін орталықта шалжиып жатуды әдетке айналдырған. Сауда жасауға қолайлы – базар таяқ тастам жерде. Тіпті, осы орталықта тұрып есігінің алдына үш бірдей жеңіл көлік қаңтарған отбасылар да жоқ емес. Мұнда «кірігіп, бейімделіп» кеткені соншалықты, дәлізге ілінген орталыққа қабылдану мен одан шығу мерзімі келгенде, яғни 6 айдан соң тәртіпке сай кілтті тапсыру қағидалары назардан тыс қалған. Мұнда 3 жылдан бері тұрақты тұрып келе жатқандар бар. Орталықтағы жайлылық Ираннан келгендеріне 3 жылға жуықтап қалған 19 отбасы мүшелерін азаматтық алу үшін құжат тапсыруға асықтырмаса, өзге 37 отбасы Қазақстан азаматтығын алып, туу туралы куәлікке ие болса да, шыққысы жоқ.
– Кімдердің қай жерлерде үйі бар екенін анықтау өте қиынға соғатын түрі бар. Себебі, тұрғын үйлерді туыстарының атына жаздырып қойған. Орталықтың жыл басынан бергі коммуналдық қызметке қарызы 22 млн. теңгеге жетті. Оны кім төлейді? Бұл мемлекеттің мойнына мініп алу емес пе? – дейді орталық басшысы.
Осылайша өз ішінен мәселе туындап тұрған орталыққа Ақтау қалалық әкімдігінің қақаған қыста үйі өртенген 8 отбасыны орналастыруы да қосымша салмақ жүктеп беріпті. Төтенше жағдай төтенше жұмыс, төте шешімді қажет етеді. Сақылдаған сары аязда баспанасыз қалған тұрғындарды орталыққа уақытша әкеліп орналастыруды қателік дей алмаймыз, тіпті қолдарына көмек ретінде аз-маз қаражат та берген. Қазақ қашанда қайырымды халық қой, осы қаражат үстіне ағайын-туыстардың көмегі қосылып, жетпегеніне несие алған екі қазақ отбасы – Оңғарбаевтар мен Әмірбековтер өртенген үйлерін жөндеп, қайта көшіп алған. Ал өзге жерлестер орталықтан табан аударған жоқ. Уәжі – баратын жерлері жоқ, ал қалалық әкімдік «мәселе жуық арада шешіледі» дегенді айтады. Орталық басшысы үйі өртену салдарынан келген қонақтардың тәртібіне де наразылық білдірді. Ішімдік пен темекі жүрген жерде жазым көп, ақшаңқан ғимарат бір күні өрт құшағына орана ма деген қаупін жасырған жоқ.
Орталықтағы ахуал бұдан әрі қалай өрбірі белгісіз. Екі қолына бір күрек таппай, шиеттей бала-шағасын қалай асырарын білмей дағдарған немесе мүгедек-міскіні көп мүжәлсіз отбасылар болса бір сәрі, өз қолы өз аузына жететін ағайындардың мұнысы несі?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.