• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Үш ауысым

340 рет
көрсетілді

Жергілікті билік орындарының немқұрайдылығы мен салғырттығынан оқушылар мен ұстаздар қауымы шаршап, сенімдеріне селкеу түсірген жайы бар

Облыстың білім беру саласында шағын мектептер мәселесі жыл өткен сайын өткірлене түссе, үш ауысыммен жұмыс істейтін оқу ордаларының жаңа ғимаратқа қоныс аудару жайы әлі күнге дейін құр сөзден аспай келеді. Оның басты себебі, жергілікті шенеуніктердің қағазбастылығы мен сағыздай созып жүруге әбден дағдыланған құрғақ уәделерінде жатқанын аңғару қиын емес. Әйтпесе, көп жылдан бері әр деңгейдегі атқарушы билік назарына үзбей ұсынылып келе жатқан толғақты проблема әлдеқашан шешімін тапқан болар еді. Көпшіліктің төзімін тауысқан қабырғалы мәселенің мәнісіне үңілгенімізде таяқтың екі ұшы да мемлекеттік қызметкерлердің басына соққы болып тиіп жатты.

 

Жергілікті билік орындарының немқұрайдылығы мен салғырттығынан оқушылар мен ұстаздар қауымы шаршап, сенімдеріне селкеу түсірген жайы бар

Облыстың білім беру саласында шағын мектептер мәселесі жыл өткен сайын өткірлене түссе, үш ауысыммен жұмыс істейтін оқу ордаларының жаңа ғимаратқа қоныс аудару жайы әлі күнге дейін құр сөзден аспай келеді. Оның басты себебі, жергілікті шенеуніктердің қағазбастылығы мен сағыздай созып жүруге әбден дағдыланған құрғақ уәделерінде жатқанын аңғару қиын емес. Әйтпесе, көп жылдан бері әр деңгейдегі атқарушы билік назарына үзбей ұсынылып келе жатқан толғақты проблема әлдеқашан шешімін тапқан болар еді. Көпшіліктің төзімін тауысқан қабырғалы мәселенің мәнісіне үңілгенімізде таяқтың екі ұшы да мемлекеттік қызметкерлердің басына соққы болып тиіп жатты.

ҚҰРҒАҚ УӘДЕМЕН ТОЙДЫРҒАН БАСШЫЛАР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында еңбек нарығының даму серпіні мен келешегіне сәйкес келетін білім беру мен кәсіптік қайта даярлаудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған 6 міндетті даралап көрсеткен болатын. Солардың ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде еліміздің өңірлерінде 100 мектеп салу, 3 ауысымдық оқытуды жою жөніндегі тапсырмалар жұртшылық тарапынан қызу қолдау тауып, оқу мен тәрбие жүйесін сабақтастырудың кешенді үлгісіндей қабылданған еді. Осы жылы Ғ. Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим кентінен 5 шақырымдай жерде орналасқан Пески ауылында 250 орындық жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, оқушылар мен ұстаздар қауымына үлкен тарту жасалғанын сүйініспен еске алсақ, аудан орталығында 1991 жылдан жұмыс істеп келе жатқан Новоишим қазақ орта мектебіне мұндай мүмкіндікке ие болу әзірге игі арман күйінде қалып отырған жайы бар. Оқу ісінің меңгерушісі Гүлмира Жолдасбаеваның айтуына қарағанда, алғаш ашылған қазақ сыныбына бастапқыда 13 бала тартылып, кейін күрт көбейіп сала берген. Бастапқыда қазіргі аудандық әкімдіктің бірінші қабатына жайғасса, кейін атқару комитетінің ғимараты басыбайлы берілген. Қазір оқушылардың саны 400-ден асады. Ұлттық рух пен қазақы тәрбиенің орталығы саналатын шалғайдағы білім үйінің бүгінгі кейпі адам аярлық халде. Құрқылтайдың ұясына ұқсаған бөлмелер ешқандай санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап бермейді. Үйірмелер мен факультативтік сабақтарды, ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлік шараларын акт залында өткізуге мәжбүр. Кабинеттік жүйемен оқыту жайын сөз етудің өзі артық. Биыл даярлық тобынан 40, балабақшадан 20 бүлдіршін 1 сыныптарға қабылданып, дирекция бұларды қайда сыйғызарларын білмей әуреге түскен. Өйткені, сыныптар – 30, ал кабинеттер – 12 ғана. Балаларын қазақ тілінде оқытқысы келетін ата-аналар көп болғанымен, бейнетті тірлігімізді көргеннен кейін ат-тондарын ала қашады. Өзіміз де бала қабылдауға шектеу қойып отырмыз, дейді қайыспас қара нардың жүгін бірлесе көтеріскен ұйымшыл ұжым мүшелері. Директор болса кабинетін сыныпқа айналдырып, өзі бұрынғы қоймаға көшуіне тура келген. Мектептің тағы бір жоғы – спорт залы, ойын алаңы, мұғалімдер бөлмесі.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Алтаев 54 мектепке дейінгі ұйымның 12-і мемлекеттік тілде білім беретінін, оларда 1300-дей бала оқитынын айта келіп, жаңа мектеп үйін салу мәселесі 17 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, бірақ жағдайдың өзгермегенін, үш ауысымға көшкелі көптеген проблемалардың туындағанын жеткізді. Ол бізді облыстық, республикалық құзырлы орындарға, халық қалаулыларына жөнелтілген хат үлгілерімен таныстырды. Кабинетшіл шенеуніктердің егіздің сыңарындай ұқсас қағазбасты да таптаурын жауаптары аудан мен облыс арасын соқпақ жолға айналдырып, жауыр еткен тәрізді.

Бірер мысал келтірейік. 2007 жылы облыстық білім басқармасы атына жолдан­ған хатта 400 орындық мектеп салу туралы жұртшылықтың өтініштеріне «мектеп құрылысы облыстың 2009-2011 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына енгізіледі» деген жауап берілгенімен, көпірме уәде күйінде қала берген. «Жазған құлда шаршау жоқ» демекші, одан қайыр болмағаннан кейін облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Александр Чженге тағы бір үшбу хат жіберілген. Олардың сондағы өтініп жүргені– болашақ мектеп ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптама дайындауды тездету, ол үшін жергілікті қазынадан қаражат бөлу. Ұсыныс-өтініштердің республикалық ведомстволарға да түскені байқалады. Ондағылардың жобалық-сметалық құжаттама мен сараптама дайын болмайынша мектеп құрылысына республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді деген ескертулеріне қарамастан, мәселені түбегейлі шешуге жергілікті шенеуніктердің асықпағаны таңдандырады. Құрылыс басқармасы өткізген конкурс қорытындысы бойынша 2011 жылы астаналық «Техноактив» ЖШС жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуші болып табылғанымен, қаражат қарастырылмауы салдарынан орындалу мерзімі кейінге шегерілген. Облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Александр Чжен де, білім басқармасының басшысы Орал Қаппасов та өз аттарына келіп түскен өтініш-тілектер негізінде пәрменді шаралар қарастырудың орнына қоластындағыларға жолдай салған. Осылайша бір-біріне сілтеумен істің аяғы сиырқұйымшақтанып барып, облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Самат Ескендіровтің жұртшылық алдындағы бірінші есебіне дейін сағызша созылып келген. Аймақ басшысы тиісті құжаттарды жасатуға қажетті қаражатты дереу бөлдіртті.

Бүгінгі күні жағдайдың қалай өріс алғанын білу мақсатымен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаға жолыққанымызда былай деді:

– Оқушылар 150 орынға шақталған ескі ғимаратқа сыймағандықтан, бастауыш сыныптарды агротехникалық колледж­ге орналастыруға тура келді. Білуімше, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 12 миллион теңге қарастырылған. Бұл іспен Көкшетау қаласындағы «Горсельпроект» жобалау институты айналысып, жыл аяғына дейін бітірмек ойлары бар. Жаңа мектеп үйін салуға жер телімдері дайын.

Міне, жергілікті шенеуніктердің қағазбастылығының салдарынан сергелдеңге түскен шалғайдағы ауыл балалары Кеңес өкіметі кезіндегі ауаткомның тар ғимаратында әлі қанша жыл тұрақтары белгісіз.

 

ҚАРЖЫНЫҢ ЖОҚТЫҒЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЙТІН ТҮРІ БАР

Үш ауысыммен оқитын Тайынша ауданына қарасты №5 қазақ орта мектебі кеңестік кезеңнің империялық көрінісіндей елестейтін компартияның жергілікті жердегі құрылымы аупарткомның екі қабатты ғимаратын 1994 жылы иеленіп, содан бері тұрақты қоныс етіп келеді. Әрі кетсе 110 орынға арналған мекеме әуелде 54 оқушы үшін кең сарайдай көрінгенімен, бүгінде 400 баланы қалай сыйдырарын білмей дал. Болашағы бұлдыр елді мекен тұрғындары мен атажұртпен қауышқан ағайындарымыздың Тайынша кентіне көшіп келуіне байланысты сұраныс тіпті арта түскен. Оның үстіне бала туу секілді демографиялық ахуалдың оң әсерлері де өз ықпалын тигізіп отырғанын айта кеткен орынды.

Мұндағы басты мәселе де – ғимараттың қолайсыздығында. Ол жөнінде жергілікті мәслихат депутаттарынан бастап қоғамдық ұйымдарға дейін қанша дабыл қақса да, көкейкесті мәселені салқынқандылықпен шешуге жергілікті лауазым иелері қауқарсыз болып шықты. Шындығына келсек, «өзімдікі дегенде өгіз қара күшім барды» былай қояйық, «өзгенікі дегенде бір кісідей ісім бардың» әрекетін де көрсете алмағаны қынжылтады. Осындайда «әй дер әже, қой дер қожа» болмағаннан кейін басшылықтан береке кетеді екен деген ойға қаласың.

Мектеп үйінің үлгілі жобада орналас­па­ғаны­на қарамастан, ұжым тәуір көрсет­кіштерге қол жеткізіп келеді. 40 мұғалім­нің 35-і жоғары білімді. Араларында әртүрлі марапат иегері атанғандары баршылық. Заман үрдісіне сай жабдықталған химия, физика, биология, информатика, мультимедия кабинеттері бар. 30 орынды интернатта жақын елді мекен балалары жатып оқиды. Оқу мен тәрбие жұмысының одан әрі ілгерілеуіне ғимараттың тарлығы қолбай­лау болып отырғанын ұстаздар жасырмайды. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің мәселені өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевқа мәлімдеп, Үкімет деңгейінде шешуді өтінгенін естіп, қуанысып қалды.

– Мектепке қолымыздан келген көмекті жасаудамыз. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға асхана, спорт залын салуға, құрал-жабдықтар алуға жәрдемдестік. Мектепалды даярлық тобы жұмыс істейді. Оқушылар сыймай жатқандықтан, басқа мектептерде оқыту үрдісіне көштік,–деді өз сөзінде аудандық оқу бөлімінің жетекшісі Еркін Оразов.

Ендігі басты мәселе, сметалық-жобалық құжаттамаларды әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаражаттың бөлінбеуінде. Аудан әкімі мен білім, құрылыс басқармалары басшыларының өз міндеттерін өзгеге итере салмай білек сыбана кірісетін тұсы осы! Әлде тағы да құрғақ уәделерді қарша жаудырып, қағаз жүзінде тап-тұйнақтай ететін әдеттеріне басар ма екен?

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар