Кеше Беларусь астанасы – Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Мемлекет басшыларының кезекті кеңесі болып өтті.
Кеңеске Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Украина Президенті Виктор Янукович, Армения Президенті Серж Саргсян, Молдова Президенті Николаэ Тимофти, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, сондай-ақ, Қырғызстан Премьер-министрінің орынбасары Жоомарт Оторбаев пен Түркіменстан Үкіметі төрағасының орынбасары Аннамұхаммед Гочыев қатысты.
Кеңеске Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Украина Президенті Виктор Янукович, Армения Президенті Серж Саргсян, Молдова Президенті Николаэ Тимофти, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, сондай-ақ, Қырғызстан Премьер-министрінің орынбасары Жоомарт Оторбаев пен Түркіменстан Үкіметі төрағасының орынбасары Аннамұхаммед Гочыев қатысты.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер мемлекет басшылары мұндай ауқымды жиын аясында жылына бір рет бас қосып отырады. Былтыр Достастық елдерінің басшылары Ашғабадқа келіп, бір үстел басында сан салалы мәселелерді талқы таразысына салған болатын. Ал биылғы жылы Достастық елдері Мемлекет басшылары кеңесінің төрағалық тізгіні Беларусь мемлекетінде болғандықтан, 2013 жылы бірқатар жобалар мен бастамалар легі жүзеге асырылған еді. Ендігі кезекте Достастық кеңістігіндегі елдер осы үдерістерді одан әрі жалғастыруы тиіс.
Мемлекет басшыларының кеңесі – Достастық елдерінің ең жоғары органы. Сол себепті де мұнда ТМД-ға, оның қызмет ету тетіктеріне тікелей қатысты барлық мәселелер қаралады. Ал Кеңес аясында көтерілген мәселелердің барлығы консенсус, яғни өзара келісім ауанында қабылданып отырады.
Минскіде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесі алдымен шағын құрамдағы келіссөзбен басталды. Отырыста алғашқы болып сөз алған төраға елдің Президенті Александр Лукашенко Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Бұдан кейінгі кезекте А.Лукашенко ТМД -ға мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесін ашық деп жариялап, сөз тізгінін ТМД-ның Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедевке берді.
Ол өз сөзінде Кеңес отырысында қаралатын мәселелер шоғыры туралы баяндап берді. ТМД елдері ұсынған мәселелерге сәйкес, ТМД-ның Атқарушы комитеті бүгінгі күн тәртібіне 14 мәселе шығарып отыр. Бұлардың барлығы тиісті сараптан және саралаудан өтті. Кейбір құжаттарға байланысты айтылған ұсыныстар да ескерілді, деді С.Лебедев.
Бұдан кейінгі кезекте Әзербайжан Президенті И.Әлиев сөз алды. Біз ТМД кеңістігіндегі елдермен тығыз ынтымақтастық байланыс орнатуға әрдайым мүдделіміз. Себебі, біздің елдерімізді кезінде тарихи тамырластық байланыстырды. Ал бүгінгі таңда бізді экономикалық, саяси ықпалдастық байланыстыруда. Әзербайжан үшін ТМД елдерімен сыртқы саясаттағы әріптестік айрықша маңызға ие. Біз интеграциялық үдерістердің жетілдірілуін, екіжақты, көпжақты байланыстардың нығаюын қуаттаймыз. Бірнеше күннен кейін Бакуде үшінші Халықаралық гуманитарлық форум өтеді. Бұл форум аз ғана уақыт ішінде гуманитарлық саладағы ең бір өзекті мәселелер көтерілетін маңызды үнқатысу алаңына айналады. Осы орайда, мен мүмкіндікті пайдаланып, форумға белсене қатысуға ниет танытып отырған ТМД елдеріне алғысымды білдіргім келеді. Мұндай басқосулар біздің елдеріміздің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын дамыта түсері сөзсіз. Себебі, гуманитарлық сала – біздің әріптестігіміздің негізгі өзегі. Біз сондай-ақ экономикалық ықпалдастыққа да айрықша мән беріп келеміз. Бүгінде ТМД елдері арасындағы тауар айналымы өсу үстінде. Күн тәртібінде қаралатын экстремизммен, терроризммен күрес мәселесі де өте өзекті болып отырғанын атап өту керек. Әлем елдерінің әрқайсысы мұндай қатерлерге тек күш біріктіру арқылы ғана қарсы тұра алатынына көз жеткіздік. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды жетілдіріп, мемлекеттеріміздің қауіпсіздігін үнемі назарда ұстап отыруымыз керек, деді И.Әлиев. Сондай-ақ, Әзербайжан Президенті ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастық болашақта да назарда тұратынын атап өтті.
Бұдан кейінгі кезекте сөз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Ең алдымен, ТМД-ға төраға болған Беларусь мемлекетіне алғысымды білдіргім келеді. Соңғы жылдары Беларусь Достастық аясындағы көптеген мәселелердің жүзеге асырылуына ұйытқы болды, деп бастады сөзін шешен. Біз ТМД-ның болашақтағы дамуын әрі қарай айқындайтын тұжырымдаманы қабылдадық. Оны жүзеге асыратын іс-шаралар жоспарын бекіттік. Бұл алдағы уақытта қай бағытта жұмыс істейтінімізді айқындау үшін керек. 2011 жылы қабылданған Еркін сауда аймағын құру туралы келісім бүгінде инфрақұрылымның дамуына, қажетті құжаттардың жүзеге асуына, елдердің болашақтағы көпжақты ықпалдастығын жандандыруға жағдай жасады. Біз 2014 жылды «ТМД-дағы Туризм жылы» деп жариялауға келістік. Бұл бағытта елдеріміз министрліктерінің қолға алуымен тиісті бағдарламалар қабылданды. Бұл бағдарламалар біздің мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға серпін береді деп ойлаймыз. Мен «Достастық елдерінің мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасының маңызы өте зор деп есептеймін. Келер жылы «Достастықтың мәдени астанасы» атын Қазақстанның Алматы қаласы иеленеді. Біз бұл шараны жоғары деңгейде өткізу үшін әзірлік жұмыстарын жүргізетін боламыз, деді Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті өзінің сөзінде ТМД аумағында 2015 жылды Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы деп жариялау жөніндегі және ТМД аумағында Жеңістің 70 жылдығын тойлау жөніндегі ортақ іс-шараларды бірлесе өткізу туралы шешімдерді, сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған бірыңғай мерейтойлық наградаларды айқындау туралы ұсыныстарды толықтай қуаттайтынын жеткізді. Себебі, біз әрдайым аға буын ардагерлеріміздің алдында борыштармыз, деді Қазақстан басшысы. Сондай-ақ, ол Украинаның ТМД-ға келесі жылғы төрағалығы Достастықты одан әрі нығайтуға және дамытуға септігін тигізеді деп үміттенетінін білдірді.
Қырғызстаннан келген өкіл Жоомарт Оторбаев та Кеңес отырысында қаралатын барлық ұсыныстарды қолдайтынын мәлімдеді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын жоғары деңгейде өткізу, ТМД аумағында 2015 жылды Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы деп жариялау жөніндегі ұсыныстар өте құптарлық. Бүгінде ТМД кеңістігінде көптеген интеграциялық бірлестіктер құрылды. Оларға ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы секілді ауқымды ұйымдарды жатқызуға болады. Біз бұл ұйымдардың жұмысын қолдаймыз. Бұл біздің елдеріміз экономикаларының дамуына ықпал етеді деп білеміз. Алдағы уақытта ТМД аумағында энергетика, көлік, жоғары технологиялар, әлеуметтік және гуманитарлық даму бағыттарында маңызды жобаларды қолға алып, тиімді бастамаларды көтеруіміз керек деп есептейміз, деді Ж.Оторбаев.
Молдова Президенті Николаэ Тимофти Достастық елдері арасында бұған дейінгі орныққан достық пейілді жоғалтпай, ынтымақтастық тетігін одан әрі беріктендіруге мән берілу керектігін атап өтті. Бұл орайда, біз кез келген келісімге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Молдова бұл бағыттағы жұмыстарға мүдделі екенін атап көрсеткім келеді, деді Н.Тимофти өз сөзінде.
Ресей Президенті Владимир Путин бүгінде Достастық елдерін дамытудың негізгі тетіктерін айқындайтын құжаттар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Біз экономикалық саладағы өзара ынтымақтастығымызды, тауар айналымын жандандырып, инвестиция саласындағы кедергілерді жоюға назар аударып, жаһандық дағдарыстың кедергілеріне қарсы тұратын тетіктерді ойлап табуымыз керек, деді В.Путин. Сондай-ақ, Ресей Президенті мемлекет басшылары қауіпсіздік саласына айрықша мән беріп, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын қылмыстардың бірлесе алдын алу бағытында арнайы тұжырымдама қабылдағанын жеткізді.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон жиын барысында: Біз келер жылы «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасының маңыздылығын ескеріп, осындай мәдени-гуманитарлық бағыттардағы бастамаларды толықтай қолдаймыз. Келер жылы бұл бағдарламаға Қазақстанның Алматы және Қырғызстанның Ош қалалары қатысатын болады. Мұндай жобалар біздің елдеріміздің арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал етері сөзсіз. Екіншіден, біз жаһандық қауіп-қатерлерге, оның ішінде есірткі бизнесі мен лаңкестік әрекеттерге, адам саудасына қарсы тұру бағытында бірлескен қадамдарды жүзеге асыруымыз керек. Кейінгі уақытта ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын мұндай кері құбылыстарға біздің қауіпсіздік органдарымыз айрықша мән беруі қажет, деді Э.Рахмон.
Түркіменстаннан келген өкіл Аннамұхаммед Гочыев ТМД аумағындағы бұған дейін берік қалыптасқан өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту барлық мемлекетке де тиімді екенін жеткізе келе, алдағы жылы ТМД-ға төраға болатын Украинаға сәттілік тіледі.
Өзбекстан Президенті Ислам Каримов қазіргі таңда әлем мемлекеттері тербелмелі, құбылмалы жағдайда өмір сүріп отырғанын, жаһанда радикалды жағдай қалыптасқанын, дүние жүзін дағдарыс салқыны шарпығанын айта келе, бұл ретте ынтымақтастық айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
Ал Украина Президенті Виктор Янукович мұндай басқосулар болашақтың бағыт-бағдарын айқындауға сеп болатынын жеткізді. Біз мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ынтымақтастығын одан әрі жандандыруымыз керек. Келер жылы біз ТМД-ға төраға боламыз. Сондықтан, бұған дейін жүзеге асырылған жұмыстарды одан әрі жалғастырып, өзара әріптестік байланыстарымызды нығайтуға күш саламыз деп ойлаймын, деді В. Янукович.
Мемлекет басшыларының шағын құрамдағы отырысы бұдан кейін кеңейтілген құрамдағы отырыспен жалғасты. Онда мемлекет басшылары ұсынған бастамалар қайта пысықталып, талқыланды.
ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесі отырысының қорытындысында президенттер 14 құжатқа қол қойды. Олар: «2014 жылды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында Туризм жылы деп жариялау туралы» шешім; «2015 жылды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы деп жариялау туралы» шешім; «Кеңес халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығына қарай бекітілген ортақ мерейтойлық награда туралы» шешім; «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының ТМД жоғары жарғылық органдарының шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметі туралы» шешім; «Қылмысқа қарсы күрестің 2014-2018 жылдарға арналған бірлескен шараларының мемлекетаралық бағдарламалары туралы» шешім; «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де күш көрсетулеріне қарсы күресте 2014-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы туралы» шешім; «Есірткі заттарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес пен нашақорлыққа қарсы әрекет етудегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің 2014-2018 жылдарға арналған бағдарламасы туралы» шешім; «Адам саудасына қарсы күресте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің 2014-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы туралы» шешім; «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасында 2014 жылы «Достастықтың мәдени қалалары» мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру туралы» шешім; «Ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстарға қарсы күрестегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастық тұжырымдамасы туралы» шешім; «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында құпия ақпаратты қорғау туралы келісім және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарында құпия ақпараттар алмасу ережелері туралы» шешім; Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында құпия ақпаратты қорғау туралы келісім; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі мемлекетаралық кеңес құру туралы келісім; «Мемлекетаралық валюталық комитетті тарату және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржылық, валюталық төлем мен кредиттік қарым-қатынастар саласындағы одан арғы ынтымақтастығы туралы» шешім; Мемлекетаралық валюталық комитетті құру туралы 1995 жылғы 26 мамырдағы келісімнің қолданылуын тоқтату туралы хаттама; «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты Төрағасының орынбасары туралы» шешім; «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Грамотасымен марапаттау туралы» хаттамалық шешім; «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық ету туралы» шешім; «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысын өткізу туралы» хаттамалық шешім.
ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесі отырысының соңында журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Достастық елдерінің басшылары журналистерге Кеңес отырыстарында қаралған және қол жеткізілген келісімдер мен көтерілген мәселелер туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Бұл күні президенттер, сондай-ақ, Минскідегі Тәуелсіздік сарайы аумағында орналасқан мемлекет басшылары аллеясына ағаш отырғызды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан» –
Минскіден.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.