Осыдан біраз жыл бұрын «Облыс орталығына жақын Сырдария ауданынан ұлы Абайдың кітап сөресі болған құнды зат табылды» деген хабарды құлағымыз шалған. Кейіннен жергілікті өлкетанушы Жәнібек Маханбетов бұл жәдігер туралы тарата айтып беріп еді.
Қазір аудандық тарихи-өлкетану музейінде тұрған дүниенің Сыр өңіріне қалай жеткені туралы нақты дерек аз. Көбіне тек долбармен ғана айтылады. Солардың біріне сенсек, заманында қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің аталарына еріп Тобықты ішіне Сыр елінен діни білімі бар бірнеше жас еріп барыпты. Солардың бірі бүгінгі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма елді мекеніндегі Азат деген жерден Дәрібай есімді жігіт болған деседі. Арқаға жеткен сырбойылық діндар жігіт Құнанбай әулетіне қатысы бар Тұрған есімді қызбен тіл табысады. Алайда қыздың туыстары жалғыз жігітке қыздарын бермейтін болғандықтан жастарға жанашыр азаматтар екі ат тауып беріп, оларды Сырға аттандырыпты.
Бірақ біздің ойымызша бұл оқиға беріректе, Құнанбай қажылыққа барар тұста Сыр бойына соғып, Қалжан ахуннан бата алатын кезеңде болса керек. Өйткені ұлы жазушы аталарының Арқаға қоныс аударатын тұсы әріде, 1830 жылдардың шамасында жатыр. Арғы атасы Бердіқожа кейіннен найман арасынан тобықты жеріне келеді. Ол туралы Мұхаңның өзі жас кезінде «Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп, найман ішінен келген. Ол – Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды. Ең әуелгі шыққан жерлері ол кезде Алматы жағы болса керек. Бердіқожа тобықты ішіне келген соң, бірталай заман өмір сүрді. Артынан бір қызын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл елмен құдандалы, жақын болып, тобықты ішінен қоныс алып, мекен етіп, тұрып қалған. Бердіқожа өзге қожаларша қожалық етіп, үгіт айтып, дінге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме, оны білмеймін. «Солай қылды» деген сөзді естігенім жоқ», – деп жазған.
Сонымен Дәрібай мен Тұрған Сырға жетеді. Олардың Құлжан, Тасжан, Қосжан атты ұлдары, Патыма, Зейнеп, Зере, Гүлсім есімді қыздары болады. Кейін Арқаға төркіндеп барған Тұрған өзімен бірге ұлдарының бірі Тасжанды ала кетеді. Елге қайтар шақта нағашылары Тасжанға жиен сыбаға деп Абайдың кітап сөресін сыйлапты. Ұлы ақын тұтынған дүниенің Сырға келу тарихы осындай.
Дәрібай мен Тұрғанның үлкен ұлы Құлжанның ұрпақтары белгісіз. Ал Қосжаннан белгілі ақын Балашбек Шағыров, Патымадан Маутай, одан Жеңіс, Зейнептен Палкүл, Гүлсімнен Гүлдерай тарайды. Ал құнды дүниені Асқар Тоқмағамбетов ауылына әкелген есімі Абайдың әжесінің құрметіне қойылған Зере. Ол Ақжарма топырағында туған Бабай ишанға тұрмысқа шығыпты. Сол кезде анасы нағашы жұрттан жеткен жәдігерді қыз жасауына қосып беріп жіберген екен.
ХХ ғасырдың басында Бабай ишан қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылы маңайына қоныс тебеді. Сол жерге халық күшімен мешіт салынып, ишан сабақ береді. Рахымбаба мен Зереден Иман, Әбдіәли, Қалымбет, Абдулла есімді ұлдар, Қалжан, Әсия, Балжан, Қадиша, Үмбіш есімді қыздар тарайды.
Кешегі Кеңестік кезеңнің зардабы бұл әулетті де шарпыпты. 1929 жылы Бабай ишан әулеті бұл жерден Тәжікстанға көшуге мәжбүр болады. Көшер кезде тек алып жүруге ыңғайлы дүние-мүлікті жиыстырып, қалғанын осындағы азаматтарға аманаттап кеткен деседі. Сол кезде кітап сөресін ауыл азаматы Тумыш алып қалған көрінеді.
Рахымбаба мен Зереге топырақ Тәжікстаннан бұйырыпты. Ұлдары Иман Өзбекстанды паналаған, одан кейінгі Қалымбеті мен Әбдіәлиі «халық жауы» деген жаламен ұсталып, хабар-ошарсыз кеткен. Абдулла соғыстан оралмаған. Ал қыздарының үлкені Қалжан тәжік елінде өмірден өтеді. Балжанның ұрпақтары Түркістан облысын мекен етсе, Хадишаның ұрпақтары Жетісайда. Үмбіш ұрпақтары Сырдария ауданындағы Шіркейлі ауылында тұрады.
1942 жылы Әсия ұлдары Ахметбек, Мамадияр, Әбдіраманмен Асқар Тоқмағамбетов ауылына қайта көшіп келіп, әке-шешесінің жұртқа аманаттап кеткен дүниесін қайтарып алады. Ғасырлық тарихы бар бұл дүниені 2006 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, Зеренің немересі Ахметбек Іскендіров музей қорына тапсырыпты.
Музейде тұрған жәдігер төменгі жағы топсалы екі есікті шкаф түрінде жасалса, жоғарғы бөлігі беті ашық кітап сөресі. Заманында орыс шеберлері жасаған деседі.
– Біз бұл жәдігер тарихын жекелеген адамдар айтқан дерекке негіздеп айтып отырмыз. Осы кітап сөресін хакім Абай тұтынғандығын анықтауға абайтанушылар, тарихшылар назар аударғаны жөн. Қазіргідей заманауи технологияның дамыған кезеңінде шкаф ағашын ғылыми зертханаларда тексертіп, ақын өмір сүрген уақытқа сай келетініне көз жеткізу аса қиын шаруа емес шығар. Егер де осы дәлелденіп, жоғарыда біз айтқандай болып жатса, «Қазақтың бас ақыны Абайдың кітап сөресі бізде тұр» дегенді ерекше мақтанышпен, нық сеніммен айтар едік, – дейді өлкетанушы Жәнібек Маханбетов.
ҚЫЗЫЛОРДА