• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тарих 26 Тамыз, 2020

Тұтқында қаза тапқандар туралы жаңа деректер

242 рет
көрсетілді

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі «Возвращение имени» халық­аралық жобасының аясында «Славута» концлагерінде тұтқында қаза болған қазақстандық 2000 жауынгердің туыстарына іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Аталған қоғамдық бірлестік «Возвращение имени» халықаралық жобасының қатысушысы. Жылдың басында «Возвращение имени» ха­лық­аралық жобаның тобы Г.Скворцовтың жетекшілігімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 20 000 тұтқынның аттары жазылған тізім табылып, жария етілді. «Славута» әскери тұтқындар концлагері соғыс жылдары Украина аумағында орналасқан. Тұтқындағы дәрігерлер мен жертөледе жұмыс істегендер нацисттерден жасырып лазаретте қайтыс болғандардың аттарын тізімге жазып отырған. Со­ның арқасында біраз жауынгердің өмір­леріне қатысты деректер сақталып қалған.

Абхазиялық әскери курсанттар көптеген жылдар бойы із-түссіз кет­кен жауынгерлердің тізімімен жұмыс істеп келеді. Атқарылған ауқым­ды жұмыстың нәтижесінде Абха­зия Рес­публикасы Қорғаныс министр­лігінің мұрағатында «Славу­та» концлагерінде қаза болған қазақ­стан­дық 2000 жауынгер туралы мәліметтер табылған.

Қазіргі таңда «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне 150 жауынгердің мәліметтері берілді. Қалған 1850 жауынгерге қатысты ақпа­рат «Возвращение имени» жобасының тобымен реттестіріліп, жақын арада жіберілуі тиіс.

«Возвращение имени» халық­аралық жоба аясындағы жұмыс барысында отандастарымыздың туыстарын табамыз деген үміттеміз. Соғыс жылдары «Славута» концлагерінде тұтқында болған жауынгерлердің аттары мен өмірбаяндары тарихта және халықтың есінде мәңгі қалуы керек. Барлық облыстар мен мегаполистердің жергілікті атқарушы органдарын тұт­қында қаза болған жауынгерлердің туыстарын іздеу жұмыстарына жәр­дем көрсетуге шақырамыз», дейді «AtamnynAmanaty» қоғамдық бірлес­ті­гінің басқарма төрағасы Мұрат Мол­дағалиев.

«Лагердің тарихы қайғылы бол­ған­дықтан, бұл тізім бізге оңай келген жоқ. Сондықтан БАҚ өкілдері, жауын­герлер шыққан облыстар мен қала­лардағы мешіттер мен православие шіркеулері, сонымен қатар Қазақ­станның әскери комиссариаттары тұтқында болған солдаттардың туыс­тарын іздеу акциясына қолдау көр­сетеді деген үміттеміз», дейді «Возвра­щение имени» халықаралық жо­басы­ның жетекшісі Григорий Ск­ворцов.

Барлық жиналған ақпарат www.pamyat-naroda.ru сайтына енгізіледі. Қазіргі таңда бұл бірегей ресурс­та бұрынғы КСРО-ның құрамында болған республикалардан шыққан майдангерлер туралы ақпарат жи­нал­ған.

Еске сала кетейік, осыған дейін «Возвращение имени» халықаралық жобасының қатысушылары Бішкек қала­сындағы политехникалық универ­ситеттің студенттерімен бірлесе отырып Қазақстан, Өзбекстан және Қыр­ғызстан бойынша тізімдерді дайын­даған.

Соғыста із-түссіз кеткен жақын­дарыңыз болса, мына байланыс телефондарына хабарлассаңыз болады: ( +7 776 828 45 35, +7 776 828 45 34). Сайт: www.ata-amanaty.kz