Биыл жаһанды жайлаған пандемия жағдайында еліміздегі тұтынушылардың құқықтары қалай қорғалуда?
Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттеріне алғашқы жартыжылдықта 5682 өтініш түскен екен. Ал былтыр бұл көрсеткіш 6 мыңнан астам болған. Биылғы өтініштердің ішінде жазбаша – 1874, жедел желіге – 2393, Telegram-бот арқылы – 670, министрдің блогына 64 тұтынушы өтініш жазса, аталған комитет төрағасының блогына – 180, ал жеке қабылдауларда 501 өтініш қаралған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Әлихан Шәкеновтің айтуынша, өтініштердің басым бөлігі бөлшек саудаға байланысты – 1637 өтініш, авиатасымалдар – 1568 шағым, көлік қызметі – 597, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы – 350 өтініш, тұрмыстық қызмет көрсету – 318, туристік қызметтер – 275, электрондық сауда – 156, қаржылық қызметтер – 78, қоғамдық тамақтану – 58, медициналық қызметтер – 48, байланыс қызметі – 45, басқалары – 552.
Азаматтардың өтініш беруінің негізгі себептеріне тоқталар болсақ, сауда орындарының тауар сатып алынған күннен бастап 14 күн ішінде оны айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартуы, тауардың сапасыздығы, қызметтердің/жұмыстардың сапасыз орындалуы (автокөлікті, техниканы жөндеу, жиһаз жасау бойынша сапасыз қызметтер), таңдаудың шектелуі (белгілі бір провайдердің интернетіне қосылуға мәжбүрлеу), алаяқтық.
2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттері жалпы сомасы 25 229 252 теңгені құрайтын (24 659 802 теңге – шетелде демалу үшін, 569 450 теңге ел ішінде демалуға) көрсетілмеген туристік турлардың қаржысын қайтару бойынша келіп түскен 93 өтінішті қарады, оның ішінде 10 966 581 теңге тұтынушыларға қайтарылды. Сондай-ақ кейбір өтініштер бойынша тараптар сапар күнін ауыстыру туралы келісімге келді. Ең көп сұранысқа ие туристік бағыттар: Түркия, Мысыр, Еуроодақ елдері, ішкі туризм бойынша – Алматы және Түркістан облысы.
2020 жылдың 6 айында өткізілмеген іс-шараларға байланысты жалпы сомасы 709 620 теңгені құрайтын 23 шағым келіп түсті, оның ішінде 449 620 теңге қайтарылды. Билеттер Нұр-Сұлтан қаласындағы «Руки вверх» тобының, Л.Успенскаяның концерттеріне, Белгородтағы «Халық шығармашылығы» фестиваліне, «Астана Опера» театрының қойылымдарына және тағы да басқа іс-шараларға ticketon.kz сайты, Яндекс поштасы арқылы және концерт залдарының кассаларында сатылып алынған.
Мейрамханаларда, дәмханаларда және тағы да басқа тамақтану орындарында әртүрлі отбасылық мерекелердің өткізілмеуіне байланысты 9 304 000 теңгеден астам қаражатты қайтару мәселесі бойынша 50 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 7 895 000 теңге қайтарылды, қалған өтініштер бойынша жұмыс жүргізілуде.
Айта кету керек, 2020 жылдың 6 айында әртүрлі сала бойынша тұтынушыларға жалпы 85 млн теңгеден астам қаражатты қайтаруға көмек көрсетілді, оның ішінде жазбаша өтініштер бойынша – 42 820 370 теңге, жеке қабылдаулар қорытындысы бойынша – 18 710 994 теңге, жедел желіге түскен өтініштер бойынша 24 427 332 теңге тұтынушыларға қайтарылды.