• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2020

Үкаша ата құдығы

2102 рет
көрсетілді

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Үкаша ата кесенесіне зират етушілерді таза ауыз сумен қанымдау және нысан маңындағы көшеттер мен гүлдерді суарып, көгалдандыру ісі өз шешімін тапты. Бұл шара демеушілер тарапынан қолдау тауып, кесене жанынан құны 5 000 000 теңгені құрайтын 40 метрлік артезиан құдығы қазылды. Сонымен қатар, құдық маңына тас төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді, - дейді қорық-музейдің баспасөз қызметі.

Жаңа құдықты қазып, пайдаға берген демеуші Оңғарбек қажы Мейірбекұлы: «Жаз мезгілінде Үкаша ата басына келуші таза судан тапшылық көретін және түрлі жеміс көшеттерін суару, көгалдандыру мәселесі қиындық тудыратын. Жасыл-желектер арнайы көліктермен су тасымалдау арқылы суарылып келді. Осы қиындақты болдырмау үшін кесене жанынан артезиан құдығын қаздырдым» дейді.  

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына кіретін Үкаша ата кесенесі қазір жаңару үстінде көрінеді. Атап айтқанда, нысан маңындағы орындықтар жаңартылып, автотұраққа электр шамдары тартылып, жарықтандырылумен қатар, зияратшылар демалатын орындар заман талабына сай көркейтілуде.

Сондай-ақ, музейлендіру жұмыстары бойынша «Үкаша ата тарихы» және  сахабаның өмірінен сыр шертетін құнды мәліметтер мен 70-тен астам археологиялық, этнографиялық, жазба мәдениетіне қатысты жәдігерлер қойылыпты. Зияратшылардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында, отын, су қоятын үлкен бастырма жасалып, халық игілігіне берілсе, баба басына баратын жүргінші жолдары қайта жөнделген көрінеді.

«Бұл жұмыстар  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК  қабылдаған 2018-2021 жылдарған арналған даму жоспарына сәйкес тарихи орындарды абаттандыру, келген туристер мен зияратшыларға сапалы қызмет көрсету бойынша бірқатар жұмыстар демеушілерді тарта отырып жүзеге асуда» дейді қорық-музейінің директоры Н.Ахметжанов мырза.

Жаңа құдыққа көтерілетін жолға мүгедектерге арналған жолақ салып, пандус орнату да назардан тыс қалмапты. Тазалық жұмыстарына байланысты арнайы қалдық жәшіктер мен ескертпе тақтайшаларда орнатылған екен. Көктемде  кесене маңына 100-ден астам мәуе ағаштары мен шырша талдары және гүлдер  отырғызылыпты. Тарихи-киелі орындарды абаттандыру және музейлендіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, - дейді қорық-музей әкімшілігі.