• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 28 Тамыз, 2020

Арқасүйеріміз – Конституция

362 рет
көрсетілді

Биыл Ата Заңымыздың қабыл­дан­ғанына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр ішінде Конституция азамат­тарымыздың құқықтары мен бостан­дық­тарын, мемлекетіміздің жүйелі түрде дамуын қамтамасыз етіп келеді. Еліміз­де конституционализмнің өзіндік ерекше­ліктері мен бай тарихы бар. Бұған дейін қа­былданған конституциялардың мемле­кеттілігімізді нығайтуда әр қайсысының жеке тарихи миссиялары болғанын бәріміз жақсы білеміз.

Ал қазір қолданыстағы Ата Заңымыздың жөні бөлек. Халықтық референдум негізінде 1995 жылы қабылданған Конституциямыз – еліміздің дамуына негіз болатын, әлеуметтік, зайырлы, құқықтық және демократиялық елге айналуға жетелейтін, мемлекеттің негізгі базалық қағидалары қамтылған, жоғарғы билік арасындағы шешім қабылдау тетіктерін айқындаған басты құжатымыз.

Сәл кейінге шегінсек, Тәуелсіз мемле­кеттің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін жаңа Конституция қабылдау үшін кезінде арнайы комиссия құрылған болатын. Комиссия сол кездегі білікті заңгерлерден, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылардан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен жасақталып, өзіміздің бай тарихымыз бен ерекшеліктерімізді басымдыққа ала отырып, әлемнің жетекші мемлекеттерінің конституционализм бойынша озық тәжірибелері ескеріліп, дайындалды. 

Жаңа Конституцияның жобасы ел ішінде кеңінен талқыланып, бір ай көлемінде 33 мың ұжымда қарастырылып, жобаға толық­ты­ру­лар енгізуге ұсыныстар жеке азаматтар­дан, ұжымдардан, мәслихаттар мен бірлес­тік­тер­ден келіп түсті. Барлығы 30 мыңға жуық ұсы­ныс келіп түскен, олардың негізінде конс­ти­туция жобасының 55 бабына 1100-ден астам толықтырулар мен өзгертулер енгізілген.

Сөйтіп ширек ғасыр бұрын еліміздің тари­хында алғаш рет, халық ел болып респуб­ликалық референдумда мемлекеттің Ата Заңын қабылдады.

Жаңа Конституцияның арқасында елде мем­ле­кеттіліктің іргелі жаңа негізі қалыпта­сып, қоғамдық дамуды реттеуге және ба­ғыттауға қауқарлы біртұтас мемлекеттік билік құрылды. Бұл Ата Заң президенттік басқару үлгісін бекітіп, елде екі палаталы кәсіби Парламент құруға жол ашты. Мұның бәрі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандырып, маңызды мәселелер бойынша қажетті шешімдар қабылдап, елге шетелдік инвесторларды шақыруға мүмкіндіктер бергені белгілі.

Сонымен қатар осы жылдар ішінде заманауи зайырлы, демократиялық мемлекетті қалыптастыру Ата Заңның өзегіндегі салын­ған негізгі стратегиялық мақсаттардың бірі еді. Бүгінде көппартиялылық пен саяси пі­кір алуандығы Қазақстанда қалыпты жағ­дай­ға айналды. Ірі, халықтың қолдауы мен нақ­ты ықпалға ие саяси партиялар қалыпта­сып, олардың сайлау үдерісіндегі рөлдері артуда. Ширек ғасыр ішінде Конс­ти­туция бюджетаралық қатынастар мен мемлекет­тік басқару жүйесін орталық­сыздан­дыру бағытында реформалар жүргізуге мүмкіндіктер берді. Сондай-ақ Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл институты құрылып, өлім жазасына мораторий енгізіліп, қылмыстық жауап­кершілікке тарту үдерісі ізгілендірілуде. Еліміз адам құқықтары жөніндегі халық­аралық конвенцияларға қосылып, халықтың этникалық және конфессиялық топтары арасында теңқұқықтық қатынастар қамтамасыз етілген.

Республикада азаматтық қоғам институттары құрылып, бүгінде 12 мыңнан астам ұйым әр салада тиімді қызмет атқарып келеді. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары да қарқынды дамып, ғаламтор аудиториясының саны жылдан-жылға артуда. Ата Заңда белгіленген демократияның әрбір базалық қағидаларының әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Олардың толық іс жүзіне асып, Қазақстан қоғамын демократияландырудың іргетасына айналуына біраз уақыт қажет екені белгілі, көп жағдайда олар объективті себептерге байланысты күнделікті тұрмысқа баяу енуде.

Ширек ғасыр ішінде жүргізілген бірқатар конституционалдық реформалар Ата Заңы­мыздың әлеуетін одан әрі арттыра отырып, оны мемлекетіміздің даму қарқыны мен заман талабына сай жаңа мақсат-міндеттерге сәйкестендіруде.

Біздің Конституциямыз, мемлекетімізді толық қалыптастырып, нарықтық экономиканы құрып, азаматтық қоғамды кемелдендіріп, шекарамызды шегендеп, халықаралық қоғамдастықта өз орнымызды тауып, дүние жүзінің беделді ұйымдарында белсенділік танытуға мүмкіндіктер берді. Алдағы уақытта да алға қойған мақсаттарымызды іс жүзіне асырып, әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарында енуімізде Ата Заңымыз арқа­сүйеріміз бола беретініне сенеміз.