• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Тамыз, 2020

Ағыбайға апарар жол

2287 рет
көрсетілді

Ақжолтай батыр Ағыбайдың мәңгілік тыныс тапқан мекеніне жеткізетін жалғыз-ақ төте жол Киікті ауылының үстімен өтеді. Мысалы, сіз Ағыбайдың әруағына сыйынып, елордадан шық­тыңыз делік. Әуелі атбасын Қарағандыға тірейсіз. Одан кейін тақтайдай тегіс жолмен жүйткіп отырып, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентіне жетесіз.

Облыс орталығы мен бұл ел­­ді мекеннің арасы шамамен ал­­ғанда 120 шақырым. Ақсу-Аю­лы­дан әрі ірі темір жол стан­­­­сасы Ақадырды бетке аласыз. Бұл аралықтағы жолдың кейбір жерлерінде кездесетін кедір-бұдыры болмаса, жалпы алғанда көлікке күш түсірмейтін бірсыдырғы жайлылығы бар. Сексен шақырымды артқа тас­тап, Ақадырға жеткеннен кейін асфальтпен қоштасып, салдыр-гүлдір грейдер жолға түсесіз.

Жол деген аты болмаса, бетін­де ұсақ тастары ханталапайдың асығындай шашылып жата­тын грейдер дегеніңіз жол талға­май­тын темір тұлпар болмаса, ас­ты аласа автокөліктердің соры. Ақадырдан алпыс шақырым жер­дегі Ақшағыл деп аталатын шағын разъезге дейін жеткенше қою шаңға көміліп, ойқы-шойқы жолда селкілдейсіз де отырасыз. Бұрындары осы аралықтағы жолдың бетін арнайы автогрейдер машинасы анда-санда бір тегістеп отырушы еді, қазір ол заман көзден бұл-бұл ұшқандай.

Осыдан екі жыл бұрын ба екен, кезекті еңбек демалысында жүргенімізде осы жолдың бе­тін қырнап жүрген автогрейдер техникасын көріп, таң-тамаша қалғанымыз бар. Бірақ, мұның сыры көп ұзамай ашылды да. Сөйтсек, Ағыбай батыр басына министрлердің бірі баратын болған екен. Содан жол аяқ ас­тынан тегістеліп, Ақшағыл мен Киіктінің тұсына кесенеге апаратын бағытты нұсқаған бірнеше белгі таяқша да қойылған еді. Сонда ауыл тұрғындарының бірінің: «Шіркін-ай, министрлер батыр басына жиі барып тұрса екен...» деп қағытқаны есте...

Содан Ақшағыл ауылына жет­кеннен кейін әлгі грейдер те­мір жолдың үстімен шығысқа қа­рай тартады. Ал Ағыбайдың басына деп жолға шыққан сіз былтыр осы маңдағы Ұзынжал кеніші салған грейдер жолға түсіп, оң­түстік бағыттағы Киікті ауылына бет түзейсіз. Екі ауылдың арасы жиырма шақырымға жетер-жетпес жер.

Шойын жолдың бойындағы шағын ғана ауылға жеткеніңізде жергілікті халық «Батыр басы» деп атайтын Ағыбай кесенесіне апаратын даланың жалғыз ғана қара жолы оңтүстік-батысқа қа­рай ащы ішектей шұбатылып ал­дыңызда жатады.

Киікті демекші, бұл ауылда Шұ­быртпалы руынан шыққан Ағы­бай батырға аталас туыс бо­лып келетін біршама ағайын тұ­рады. Сонымен қатар аталған ел­ді мекенде Абылай ханның заманында аға батыр санатында қол бастаған ер Таңыбай ұр­пақтары да мекен етеді. Сенімді деректерге қарағанда, Таңыбай батыр Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарына жерленген.

Хош, Киіктіден Ағыбай батыр кесенесіне апаратын жолдың ұзындығы 45 шақырымдай болады. Таяуда, жол түсіп «Батыр басына» барғанымызда байқадық, бұрындары теп-тегіс болып таспадай тартылып жататын жолдың берекесі кете бастапты. Сірә, ке­сенені көргісі келетін келімді-кетімді жұрт көбейген болу керек, жолдың екі табаны қазылып, есесіне орта тұсы жал болып кү­дірейе түскен. Яғни бұл жолмен асты аласа автокөліктер жүре алмай­ды. Ал күн жауынды-шашынды болса, қандай мықты кө­лік болса да орта жолда қалатын түрі бар екен.

Әлбетте, жол бастаушы адам бол­маса, сырттан келген жо­лау­­­шының құла дүзде адасып ке­туі оп-оңай. Маңайда Киік­ті­ден басқа таяу тұрған елді ме­кен жоқ. Жақындау деген Мо­йын­ты ауылының өзі кесенеден 85 шақырым жерде. Айтайын де­геніміз, қара жолдың бойында жолаушы жазғанға жөн сілтейтін бір де бір белгі жоқ...

Осындайда Елбасының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еске түседі. Онда мынадай сөздер бар: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ... Олар ұлттың болашағын, келер ұр­пағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті».

Иә, қазақтың соңғы ханы Ке­несарының үзеңгілес серігі болып, ұлт азаттығы жолында ба­сын бәйгеге тіккен Ағыбайдың қасиетті кесенесіне барып, тәу ету бүгінгі дамыған елдің балалары үшін әлі де қиямет-қайым болып отыр. Астанамыздың бір көшесін жөндеуге дүниенің ақшасын аямайтын жоғарыдағылар жұрт әулие санап, тәубе келтіретін тарихи тұлғаның рухымен қауышуға апаратын жолды тәртіпке кел­тіруге келгенде басты ауыртпайтыны қайран қалдырады. Бұлай деп айтуымызға батыр мазарында шырақшы болып отырған Хамит атаның мына бір әңгімесі сеп болды. «Жылда, – дейді шырақшы, – батырдың кесенесіне елорда жақтан жоғары қызметте жүрген адамдар келіп тұрады. Солардың бәрі алдымен жолдың ауырлығын тілге тиек етеді. Келесі жолы тік­ұшақпен келу керек екен дегенді айтады...».

Иә, жалғанды жалпағынан ба­сып жүрген шенділер үшін тік­ұшақпен келу деген түкке тұр­майтын шаруа. Ақша қалтадан шық­паған соң, өкіметтің қаржысы мен техникасын аясын ба?

Әлі есте, кезінде Қарағанды об­лысының әкімі болған бір аза­маттың басына іс түскенде батыр басына тікұшақпен ұшып барғанын өз көзімізбен көргеніміз бар. Кейде ойлайсың, әгәрәки қолында билігі бар соларды күн­нің шыжыған ыстығында шаңы бұрқыраған, ой-шұңқырға толы қара жолға салып қинаса, мүмкін жолдың жайын ойлап, толғанар ма еді деп...

Әсілі, Ағыбайдың басына асы­ғатын жұрт қатарының жылдан- жылға артып келе жатқаны тегін емес. «Қазығұрттың басында ке­ме қалған, Ол әулие болмаса, не­ге қалған?» демекші, жергілікті халықты былай қойғанда, өзге жұрттың біразы кие қонған ке­сененің беймәлім құдіретіне бү­гінде әбден қанығып алған. Ақ­жолтай батырдың әулиелігіне сы­йынған ел бұл жерге мал әке­ліп, құрбан шалады. Осындай ғұ­рыптан кейін пұшпағы қана­маған әйелдердің балалы бол­ған, беймәлім дертке душар бол­­ған жандардың құлан-таза айық­қан, бәле-жалаға ұшыраған пен­делердің қырсықтан тақа құ­тылған мысалдары айта берсе көп-ақ. Ал Ағыбай мазарының шы­рақшысы Хамит ата болса, бұл жер­ге сонау ит арқасы қияндағы Иерусалимнен, тіпті Еуропадағы Грекиядан аттың терін аямай жиһанкездер келіп жүргенін айтады...

Жалпы, Ағыбай батыр кесе­несі орын тепкен Тайатқан-Шұ­нақ тауларының баурайы не­бір таңғажайып сырға, тылсым тарихқа толы. Мысалы, осы маң­дағы Шұнақ тауында ежелгi ме­теорит кратері орын тепкен. Ға­лым­дардың болжауынша, ол 12 миллион жыл бұрын миоцен дәуiрiнде метеориттің жерге құ­лауынан пайда болған екен. Кра­тердің ені үш шақырымдай, ал тереңдiгі 400 метр. Егер де салыс­тырар болсақ, АҚШ-тағы әлемге әйгілі Аризон метеорит кратері­нің ені Шұнақтағыдан екi жарым есе қысқа, ал оның тереңдiгі бар бол­ғаны 229 метр ғана.

Ал Ағыбай мазарынан қозы­көш жердегі атақты «Таңбалы тас» петроглифтері күні бүгінге дейін өзінің тылсым сырымен ғалымдарды ынтықтырып келеді. Мамандардың айтуынша, мұнда дені қола дәуір кезеңіне жататын 200-ден астам сурет бар екен. Көне заманда тасқа қашап са­лынған адамдардың, жан-жа­нуарлардың, арбалардың, тіпті жұл­дызды аспан бейнелерінің таң­ба-суреттері көрген жанды таң-тамаша қалдырады.

Осы орайда айта кететін бір жайт, обалы нешік, Қарағанды облысында осындай киелі жерлерді ұлықтауға тиіс «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасына баса мән бе­рілген. Мысалы, қазіргі уақытта Ұлы­тау ауданындағы Жошы хан кесенесінің іргесінде ірі тарихи-мәдени кешеннің құрылысы қызу жүріп жатыр. Аталған бағдарлама аясында өңірдегі басқа да тарихи мекендерді танып-білу бағытында қыруар шаруалар қолға алу жос­парланған.

Осыдан біршама уақыт бұ­рын өңір басшысы Жеңіс Қасым­бек облыс әкімінің «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жүзеге асы­ру жөніндегі штаттан тыс ке­ңесшісі есебінде аймақтың қо­ғамдық өміріне белсене арала­сып жүрген белгілі меценат Бек­зат Алтынбековті қызметке тартты. Бұдан бөлек, облыстық «Ру­хани жаңғыру» жобалық кең­сесінің басшылығына айтыс ақыны Айтбай Жұмағұлов таға­йындалды.

Міне, осы аталған кеңсе­нің же­текшісі диванда отырып алмай Ағыбайдың кесенесі сын­­ды қасиет қонған жерлерге қа­­тыс­ты мәселелерді кешенді түрде зерттеумен айналысса деген тілек бар. Мысалы, «Темірді қызғанында соқ» демекші, облыс басшысы мықты қолдау көр­сетіп тұрған кезде Ағыбайдың кесенесіне апарар жолды ретке келтірудің жөнін, ақжолтай батыр жатқан жерді аспан астындағы мұражайға айналдыру жобасын ұсынуды қолға алса... Егер де, бұл игі шаруалар сәтімен іске асып жатса, онда әруақты ердің кесенесін бір көрсем деп арман қылған Алаш баласы өз алдына, алыс-жақыннан батырдың мазарын, Таңбалы тас петроглифтері мен Шұнақ кратерін тамашалауға құмартып жүрген турист дейтін қауым Арқа төсіне тіпті де ағылар еді.

Енді, сөз соңында мына­ны сығымдап айтқымыз ке­ле­ді: ке­шегі қилы заманда отаршыл­дық­тың тамырына балта сілтеген есіл ер Ағыбайдың мәңгілік ме­кеніне – мазарына апарар жол­ды жөнге келтіре алмай отыр­ға­нымыз елдігімізге сын. Егер де, саяси ерік-жігер табылса, батыр мен бұқара арасын жалғап жатқан қара жолды күре жолға айналдыруға болушы еді. Мәселен, Ақадыр кенті мен Киікті ауылының арасындағы 80 шақырымдық дап-дайын грейдер жолға бір қабат асфальт жапса, оның соншалықты қымбатқа түспесі айдан анық, енді. Ал Киік­тіден әрі қарай Ағыбай кесенесіне дейінгі аралықтағы қара жол мә­се­лесін де қаржының ыңғайына қа­рай қарастыруға болушы еді.

Жоғарыда айтқан «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада Елбасы былай деп жазады: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».

Иә, түсінген адамға бұл сөз­дердің маржан екендігінде дау жоқ. Десе де, «Абылай аспас Ар­қаның» түпкіріндегі Ағыбай ке­се­несі, оның маңындағы тарихы тым тереңде жатқан табиғи жәдігерлер туралы ақпаратпен интернет арқылы танысу бір басқа да, барып көзбен көру жас ұр­пақ үшін ғанибетті һәм ғибратты іс қой. Ал осыншама баға жетпес рухани қазынаға бастайтын жолды жөнге келтіру – атқа мін­ген азаматтардың мойнындағы қасиетті борыш!

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы