• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Сәуір, 2010

АСТАНАНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЛМАҒЫ ӘЛЕМДЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНАДЫ

596 рет
көрсетілді

Кейбір елдердің басқаларға қарсы бірік­кен альянстарынан әлемдегі бейбітшілікті сақ­тауға қауіп төнгендіктен, халықаралық ұйым­дар құрылған еді. Солардың ішінде БҰҰ – ең негізгі әлемдік ұйым. Оның үлгісімен БСҰ, ЕҚЫҰ және т.б. көптеген ұйымдар құрылды.2010 жылдың басынан бері Қазақстан төр­ағалық етіп келе жатқан, біз бүгін әңгіме еткелі отырған ЕҚЫҰ ең алдымен бір-біріне қарсы тұрған екі әскери блоктың арасындағы үнқатысу алаңы ретінде құрылған бейбіт­ші­лікті сақтау дәнекері болды. Оның ең басты мақсаты – екі блоктың арасында әлемдік бей­бітшілікке қауіп төндіретін оттың тұтанып кетуін болдырмау еді. Қазір ЕҚЫҰ – 56 мем­лекетті біріктірген аса ірі, бірегей халықаралық Ұйым. Бүгінгі күні жаһандық қауіп-қатерлердің төркіні өзгерді. Сонымен бірге, қарсылас күштердің теңгерімділігі де ауытқып, жалпы­әлемдік тұрақтылыққа төнген қауіптер де бұрынғыдан өзгеріп, әрқилы бола түсті. Бірполярлы әлем атты идеяның аяғы аспаннан келген соң идеологиялық және саяси дипломатияда бей-берекетсіз плюра­лизм­ге жол ашылып, ол экономикалық неме­се діни кикілжіңдердің әсерімен тереңдей түсті. Бір қызығы – халықаралық ұйымдар нарықтық экономика сияқты тыныш уа­қыт­тарда немесе бір күштердің әсерімен ғана жақ­сы әрекет жасай алады. Ал егер күштер тепе-теңдігі бұзыла бастаса және кикілжіңдер қарсы тараптардың өздері үшін қағидатты деп санайтын мәселелеріне араласқысы келе­тін болса, онда ұйымның да әрекеті әлсірей береді. Мұндай жағдайда ұйымдар үнқатысу алаңынан гөрі ешкім сөзін де, шешімін де тыңдамайтын желбуаз нәрсеге айналады. Бүгінгі күні халықаралық деңгейдегі бар­лық үнқатысуларды әлемдік қоғамдастық жақ­сы қабылдағанымен, ЕҚЫҰ-ның қабыл­дан­ған шешімді орындата алатын мүмкін­шілігінің болмауы оның біршама әлсіздігін де көрсетеді. Бұл бір ғана ЕҚЫҰ-да емес, барлық халық­аралық ұйымдардың басында бар кемістік. Оны еңсерудің бір амалы ұйым мү­шелерінің санын көбейтіп, шешімдердің көпжақтылығын арттыруда сияқты. G-7-нің де алдымен G-8, енді G-20-ға айналу себебі сонда. Грекия өзінің төрағалық еткен уақытында Ұйымның шешімдерді орындата алатын кү­шінің жоқтығына көңіл аудармады. Қазақ­стан төрағалығы кезінде Ұйымның осы осал тұсына көңіл бөлініп, оның болашақ перс­пек­тивасына назар аударылар деген үміт күшейе түсті. Өйткені, Қазақстанның саяси және эко­но­ми­калық салмағы әлемде басқаша бағалана­ды. Бұл орталықазиялық держава аса үлкен де емес (“отарлаудан” қорқатындарды үркіт­етін­дей), сонымен бірге, аса кішкентай да емес (ықпал ете алмайтындардың қатарына қосатындай).  Осындай жағдайдың үстіне Қа­зақстан ғаламшардағы пайдалы қазбалар кені қоймаларының бірі саналады. Бұл фактор оны бағаламауға болмайтын эко­но­микалық сұхбаттасқа  айналдырып отыр. Қазақстан тәуелсіз мемлекет және ол то­лып жатқан ТМД, Ресей және Беларусьпен қо­сылған Кеден одағы, АӨСШК, ШЫҰ, ИКҰ, ТҮРКСОЙ және тағы да басқа ұйым­дарға мүше болып табылады. Елдің осындай ерекшелігін Президент Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі атап өтіп отырады. Ол елдің ха­лық­аралық ұйымдарға қатысуы – көптеген мем­ле­кеттер мүдделері қиылысатын көпірге ай­на­луына жақсы жағдай туғызады деп санайды. Осы күні Қазақстан Азияны Еуропамен байланыстыратын газ және мұнай құбырлары жүйесінің ажырамас бір бөлігіне айналып үлгерді. Ал жуырда Түркіменстаннан тар­тыл­ған газ құбыры да Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жетіп отыр. Өркениеттілік мазмұнына келетін болсақ, Қазақстан жүздеген ғасырлар бойы түркі мен еуропалық мәдениеттің астасқан тұсында орналасып, ежелгі азиялық дәстүрді бойына сіңірді. Мәдениеттердің осылай, бейбіт қатар өмір сүргендігі Қазақстанның қазіргі саяси бағытына да өзінің ықпалын тигізді. Сон­дықтан да оның барлық оң бағыттағы үн­қа­тысуларға белсенді қатысуына таңғалуға болмайды. Қысқарта тұжыратын болсақ, бүгінгі Қазақстан және алдымен оның көшбасшысы өркениеттер арасындағы үнқатысулардың бастамашысы бола алады. Бұл, әсіресе, қазіргідей әлемдік дағдарыстың кезінде әлемге аса зәру нәрсе. ЕҚЫҰ-ның бұрынғы мүшелерін, олардың арасындағы теңгерімділікті қалпына келтіре алатын да бүгінгі таңда жаңа төраға болмақ. Осындай алтын көпір ЕҚЫҰ мүшелерінің бәріне бүгінгі күні қатты қажет, ал егер оны керек қылмаған жағдайда Ұйым өзінің бұ­рын­ғы беделінен айрылып қаларын уақыт көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бүгінгі күні ЕҚЫҰ-ны барынша ұлғайтып, БҰҰ-ның дәрежесіне дейін көтерудің қажеті жоқ. Бұл соншалықты дұрыс шешім болмас еді, өйткені, онда ол өзінің тиімділігін тіпті жоғалтып, БҰҰ-ның кіші­рейтілген көшірмесі сияқты болып қана қалар еді. Бірақ Ұйымның міндеті мен мақ­саттарын айқындауда радикалды шаралар қабылдаудың мерзімі жетті. “ЕҚЫҰ-ның тағдыры мен перспек­ти­ва­лары” атты өзінің ресейлік ақпарат құрал­дары­на шыққан мақаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан төрағалық еткен тұста атқарылатын қажетті шаралар туралы айтып өтті. Соның ішінде грекиялық төрағалықтың бастаған істерін жалғастыру, адам құқы туралы дәстүрлі тақырыптардың көтерілуі, қоршаған ортаны қорғау, көлікті және коммуникацияны дамыту сияқты ба­ғыт­тар бар. Осы мақаладағы ең өзекті мәселе қатарында ол   мемлекеттер арасындағы тең­сіз­діктер мен соның кесірінен туындайтын кикілжіңдердің ғаламдық тұрақтылыққа тигізетін кесірлі әсерлерін атап өтті. Осы қатарда Ауғанстандағы жағдай, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелері мақала өзегіне айналды. Біздіңше, қазақ­стан­дық төрағалықтың негізгі бағыты – әлемнің бір өркениетті ғана басшылыққа алып, бірполярлы болмағына қарсы шығу болатын сияқты. Адамзат құндылықтарының әртүрлілігін ашық мойындай отырып, Қазақстан Прези­денті олардың арасында өзара сыйластықтағы үнқатысулардың кез келген формасын өткізуді қалайтынын білдіреді. Ол тіпті көзқарастар қайшылығы да бұл іске кедергі бола алмасын айта келіп, тек қана кез келген фунда­мен­тализмге жол берілмеуі қажеттігін ескертеді. Астанада болған форумда Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық қаты­настар арасындағы үнқатысуларды талқы­лау­ға деген ұмтылысы оның ЕҚЫҰ шеңбе­рін­дегі өркениеттер арасындағы үнқатысулардың жаңа үлгісін жасауға делдал болмақ ниетін айқын аңғартты. Және осы жолда ол осы бағыттағы кикілжіңдерді реттеудің жаңа тәсілдерін табуды ұсынып отыр. Әрине, төраға болған елдер өз мемлекеті­нің ұлттық мүддесінен шыға алмай жатады. Сондықтан да “ұстасқан жақтарға” әділетті төрағалық ете алмай қалуы мүмкін. Бірақ Қа­зақстанның мұндай біржақтылықтан алыс бо­ларына деген сенім бар. Нұрсұлтан Назар­баев өзінің мақаласында мұндай күдіктердің бәрін сейілтіп өтті. Ол өз елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің стратегиялық маңызы ба­рын атап көрсетті. Түрлі үнқатысулар жасауға делдал болу арқылы Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында өзінің ерекше орнына қол жеткізе алады, дейді ол. Болашақ Еуропаның, ЕҚЫҰ-ның мүддесі үшін  Қазақстан лидерінің ниеті іске асып, алға қойған мақсаттары орындалғанын қалай­мыз. Сонымен бірге, біз ол айтқандай, “барлық ЕҚЫҰ мүшелері бәрінің де мүддесін қамтитын ұжымдық мақсаттар мен басым­дықтардың іске асуына дайындық көрсет­кенін” қалар едік. Дарио РИВОЛЬТА, ІРАLМО халықаралық саясат зерттеулер институтының вице-президенті (Италия).