Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова 29 тамыз – Семей ядролық полигонының жабылу күніне орай зардап шеккен азаматтарды еске алу шарасына қатысып, атом зардабын шеккендерге қойылған мемориалға тағзым гүлін қойды, деп хабарлайды Egemen.kz
"Қырық жылдан астам уақыт жасалған ядролық сынақтарды тоқтатуды 1989 жылы халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған "Невада-Семей" қозғалысы көтерді. Ал 1991 жылы 28 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен полигон жабылды. Бұл шешім адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болды. Қаза болған бауырларымызды әрдайым ұмытпаймыз, еске алып, тағзым етеміз", деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Жуырда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29 тамыз – халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион" мәртебесіне ие болғандығы белгілі болды.
"Тағзым" алаңында өткен шараға мемлекеттің мекемелердің өкілдерімен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық Невада-Семей қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш, қалалық Невада-Семей қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Мәделиев пен "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов қатысты.