• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Тамыз, 2020

«58»-дің елесі (Диптих)

1569 рет
көрсетілді

Сармантайдың Ахметжаны

Үштіктің үрейлі шешімі қысқа ғана оқылды да бір жендеттің сұқ саусағы шүріппеге шүйліге жай­ғасты. Екінші жендет қу тақтайдың шанағын қойтасқа ызалана ұрды.

Бұйрық орындалды.

Қағаз толтырылды.

Бұл қылықтарын өздері де байқамауы мүмкін, алайда сол сәтте екі жендет бір-бірінің көз­де­­­ріне тік қарай алмаған еді. Қа­ра­­ма­ды. Тіпті қарауға қорқатын да еді.

Жансыз мүрде көк шалғынға етпеттей құлап келе жатты.

 

Ұлт үшін оққа ұшып, итжек­кенге айдалып, тәндері қа­раң­ғы қапастарда шіріген есіл ерлердің азабын арқалап, солар­дың тартқан мехнатын екі шек тоғыз пернеге ақтарған ұлы дәу­лес­кер күйші құлап келе жатты.

Шортандының аққу-қазы дүрліге аспанға көтерілді. Дүние­нің бетін көк мылтықтың ұңғы­сынан ұшқан жасыл түтін жапты.

Жұрт шалқар Шортандыны содан бері Қандыкөл атады. Қарт Қарқаралының шығыс қақ­па­сында шалқып жатқан үлкен айдын содан бері әлгі екі жендеттің көздеріндей сұп-суық шымырлайды...

Алаштың мыңдаған жылдар бойғы қайғы-қасіретін, ар-ож­данын, қуаныш-салтанатын қу шанақта сөйлеткен даңғайыр домбырашының жансыз денесі қара жерге құлап келе жатты.

Жазықсыз, кінәсіз, ешкім­нің ала жібін аттамаған, қазақ­тың құдіретті өнерін ғана наси­хаттағаны үшін айыпты бол­ған күй пірі қанды қасаптың қылы­шына құлап келе жатты...

 * * *

Ертеңіне Үлкен көлдің бетін ап­пақ кебін жауып кетіпті. Мойын­дарына тас байлап батырған алаш­орда арыстарының, атақты Дияқажы, Қаппас ақын, ағайынды көпес Рязанцевтердің, атақты ақ генерал Лавр Корниловтың туыс­қандарының, елге шарапаты тиген бай-шонжарлардың, ғалым-қайраткерлердің ақ жейделері су бетіне қалқып шықса керек.

Солардың ішінде «58-ші статья» күйі үшін күдікті болып, ха­­­лық жауы деген жазамен оққа ұшқан Сармантайдың күйші Ах­­метжаны да бар. Қара жерге ал­пам­садай құлап келе жатқан сол Ахметжанның асқақ тұлғасы еді.

Дала сазының дауылпаз еңсе­сі, қазақ күйінің шежірешісі, ұлт жадының жалп етіп сөн­ген бір шырағы. Арқадағы «Уық көте­рілісі» атанған қыр қазақ­тары­ның қарсылығына қолбасшы болған азат ой иесі.

 Өзге күйлері бір төбе, «58-ші статья» күйі бір төбе дегдар.

«58-ші статья» күйі – айыптау актісі.

Қанды қырғында жазықсыз шаһид кешкен Алаш рухын жоқтау күйі.

Сайын қыр Сарыарқаның сарыжайлау сахарасы Сармантайдың Ахметжаны шерткен сол күймен бірге толқып кетті.

Елдің ішін «58-дің» елесі кезіп бара жатты.

 

Әлімхан Ермекұлы

Алашорданың соңғы тұяғы Әлімхан Ермекұлының соңынан «елу сегіздің елесі» өмір бойы еріпті де отырыпты. Қазақтың елі мен жері үшін жағасы жау қолында кеткен есіл боздақтардың ауыр да қымбат аманатын арқалаған соңғы арыстың соңына түскен елестің үрейі, дауысы, ызғары шын мәнінде жан түршігерлік еді. Ол елес және ұлтшылдығы үшін қуғын-сүргіннен көз ашпаған қайраткерді ақталғаннан кейін барып аңди бастаған.

Сталиндік мұздай лагерьлерде жазықсыз жапа шегіп, «58-ші статьямен» сотты болған Әлімхан кейін Қарағандыдағы политехникалық университетте дәріс оқығаны белгілі. Әйтсе де Кеңес билігі Әлекеңді қысқа арқан, тар тұсаудан босатпағанын байқаймыз. Олай дейтін себебіміз, алаштануға айрықша үлес қосып жүрген азамат Нұрлан Дулат­бековтің айтуынша, пәтер бөлу барысында Әлімханға қысастық астыртын жасалған.

«Әлекеңе Ленин көшесінен үй беріледі. Үй беретін шаруашылық басшылары қысастық қылып, пә­терді 58-үйден береді. Пәтер бі­рінші қабатта орналасқандықтан, 4-нөмірлі болуы керек екен. Бірақ оны өшіртіп тастап, «8-пәтер» деп жазғызады. Оның себебі – Әлім­хан Ермеков Ленин көше­сінде тұрсын, 58-баптың 8-тар­мағымен сотталғанын мәңгі есін­де сақ­тасын дегені», дейді Н.Орын­­ба­­сарұлы. Әлгі адрес әлі сақ­тал­ған. Қарағанды қаласының Ленин көшесіндегі 58-үй әлі бар. Бірінші қабаттағы 8-пәтер де өз­гер­тілмеген.

Оны кейін журналист Нұрлы­хан Қалқаманұлы індете зерттепті. Сол үйде қазір тұрып жатқан жандармен сұхбаттасқан. Бірінші пәтердің иесі Әлекеңнің көзін көргенін айтып берген.

«Кеңес билігі Әлімханды қа­лай да 8-пәтерге орналастыруды көздейді. Бірақ кіріп қойған пәтерінен күштеп шығарудың реті келмеген соң пәтерлерді нө­мір­леуде қулыққа барған. Яғни бірінші, екінші, үшінші және төртінші нөмірлер үйдің екінші қабатындағы пәтерлерге берілген де, қалған төрт нөмір (5, 6, 7, 8) бірінші қабаттағыларға берілген. Осылайша Әлімхан Ермеков 58-үйдегі 8-пәтер тұрғыны болып шыға келді. Бұл – әдейі жасалған қысастық. Ол дәл осы бап бойынша сотталып, түрмеде отырып келді ғой. Соны мәңгі жадында ұстасын дегендері болар», депті 1-пәтердің иесі Бақытжан Мұхаммеджанқызы.

Өкінішке қарай журналист сегізінші пәтердің иелерімен жо­лы­ға алмаған.

Ол үйде кім тұрса да бір сал­қындықты сезер еді.

Ол үйге сіз кірсеңіз де Алашқа те­рісінен соққан қара суыққа ұрын­­­ғандай денеңіз мұздап кетер еді.

Сай-сүйегіңізді сырқырата үскір­ген сары аязға жаныңыз домбығар еді.

Елу сегізінші үйдің қабыр­ғаларындағы үрей – жалпы адам­­заттың үрейі. Жазықсыз өл­ті­­рілген қыршын ғұмырлар мен кі­нәсіз төгілген көз жастарының үйі.