Қазақстан экономикасының өсуі мен өркендеуіне бүйірден қадалып, адымын ашқызбай тұрған ең басты мәселелер – сыбайлас жемқорлық пен жолдардың сын көтермес жағдайы деп айтуға болады. Жыл сайын жөндеуіне миллиардтап қаражат бөлінетін жолдар 2-3 жылға ғана шыдап, қайта жөндеуді қажет етіп жатады. Сөйтіп қайран ақша желге ұшып, рәсуа болып жатыр. Оның себебін айта берсе толып жатыр. Соның бірі – ауыр жүк машиналарының жолды бүлдіруі. Бірақ жүк машиналары жүйткіп жүретін дамыған шетелдердің жолдары неге бүлінбейді деген сұрақты жолшылар өздеріне қоймайды.
Салынған және жөнделген жол сапасын тексеруді жеке адамдар, депутаттар, БАҚ өкілдері қатысатын қоғамдық бақылау қолға алады деп айтылғалы қашан... Бірақ сонда да тиімділік байқалмады. «Баяғы жартас – бір жартас», миллиардтаған ақша далаға шашылуда. Әрине қатаң бақылау болмаған соң солай болады. Бұрын салынған жолдардың сапасын қаржы-бақылау қызметі тексеретін. Олар салынған жолдағы асфальттың, қиыршық тастың, құмның қалыңдығы жобалық құжаттамаға сәйкестігін анықтайтын. Жұқа салынса тиісінше қанша қаражат жолға салынбай, желге шашылғанын анықтап, тиісті шаралар қолданылатын. Қазір ондай бақылау ұмыт болған.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде жол мәселесіне арналған отырыс болды. Әрине жол мәселесіндегі жетістіктер алдымен ауызға алынып, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың жыл сайын өсіп келе жатқаны айтылды. Облыста 9 мың шақырымдай тас және қиыршық тас төселген жолдар бар. Соңғы үш жылда оны жөндеуге 92 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат 95 мың тұрғыны бар 133 елді мекеннің 2150 шақырым жолын жөндеуге жетеді.
Аудандар бойынша айтатын болсақ, соның 10 млрд теңгеден астамы Айыртау ауданының жолдарына бөлініп, 300 шақырымдай жол жөнделген. Бұл ауданда туристік нысандар көбірек. Сондықтан Айыртау жолдарына алдымен назар аударылған. Сондай-ақ Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев аудандарының жолдарына 5-8 млрд теңге аралығында қаражат бөлініп, әр ауданда 150-200 шақырымнан жолдар жөнделген.
Солтүстік өңірдің жолдарына 2017 жылы барлығы 22,5 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл бір жарым есеге артып, 37 млрд теңгеге жетті. Бұл 1 мың шақырым жолды қамтиды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл 117 мың тұрғыны бар 150 елді мекенді қамтуға жететінін айтты. Алдағы жоспарда ауылдардың ішіндегі жолдарды жөндеуге де көңіл бөлінбек. Бұл мәселе көптен ұмыт қалған еді. Сондықтан аталған бастамаға ауыл тұрғындары алғыс айтары сөзсіз. Осы бағытта 74 жоба іске асырылмақ. 2017 жылы бұған бар-жоғы 50 млн теңге бөлінсе, биыл 5,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл әсіресе Талшық, Смирнов, Булаев, Бескөл, Мамлют, Тайынша сияқты аудан орталықтарының тұрғындарын қуантары сөзсіз. Сонымен бірге бұрын аудан орталықтары болған Корнеевка, Благовещенка, Соколовка, Келлеровка сияқты ауылдардың тұрғындары да бұған қуануда. Өйткені бұл елді мекендердің жолдарын жөндеу мәселесі мүлде ұмытылған.
Жол мәселесіндегі тағы бір проблема – жөндеу мамандарының жетіспеушілігі. Әкім осы мәселеге назар аударып, оларды дайындау ісіне тиісті қызметтердің назар аударуы керектігін тапсырды.
Осынша жұмыс атқарылып жатқаны әрине көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ сапа мәселесінің шешуі қалай болмақ? Сапасыз істелген жолдар тек жүйкеге тиеді емес пе? Бұл мәселе турасында Қ.Ақсақалов былтырдан бері «Сапалы жол» жобасының іске асырылып жатқанын жеткізді. Осы жоба бойынша тексеріс жүргізушілер «Каз Фортис» ЖШС жөндеу жүргізген жолдардың арасынан Заградовка ауылына кіреберіс жолдан, «Пресновка – Благовещенка – Қайракөл» трассасынан және т.б. кемшіліктер тапқан. Сондай-ақ «Новинтех» ЖШС жүргізген «Еленовка – Арықбалық – Чистополье – Тайынша» жолдарынан көптеген олқылықтарды әшкерелеген. Бұдан басқа мердігерлердің де жұмысынан көптеген ақау табылды. Қазір облыстық әкімдік аталған мердігерлерді сотқа беріп, сапасыз жолға жұмсалған қаражатты өндіріп алмақ.
Солтүстік Қазақстан облысы