• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Тамыз, 2020

Жақсылық жасап жарысайық...

2950 рет
көрсетілді

Әлқиса қазақтың ақжүрек пейілін әңгімеге арқау етсеңіз неден бастар едіңіз. Жарлығы жалғыз атың сойып беретін әдетін айтасыз ба, жоқ жауын да сүйсінткен жомарттығын жазасыз ба? Әлде "әр қазақ менің жалғызым" деп баз біреуге жасаған жәрдемін жіпке тізесіз бе? Қалай десеңіз де, көңілі дария халықтың басы біріксе жақсылық жасауға бейіл келетіні бізге аян. Оған дәлел бүгінде "Харекет" қайырымдылық қоры.

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Қаражат "1000 теңгеге – баспана" жобасы аясында жиналады. Республика бойынша барлық өңірде қордың еріктілері жұмыс істейді. Олар өңір бойынша мұқтаж отбасыларды анықтап, сатып алынатын баспаналар базасын дайындайды. Сондай-ақ әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жиналған қаражатты есепшотқа аударып отырады.

Қайырымдылық қорының негізгі 6 мүшесі бар. Атап айтсақ, Гүлмира Мұқанқызы, Алғадай Әбілғазыұлы, Ардақ Бекзатұлы, Азамат Елубайұлы, "Нұр-Мүбәрәк" Ислам университетінің докторанты, қордың кеңесшісі Қуат Қабдолда. Міне, осы комиссия көмекке мұқтаж адамның жағдайымен жіті танысып шыққан соң барып шешім қабылдайды. Жалпы көмекке зәру отбасының жайы 1 ай көлемінде тексеріледі. Содан соң қордың құрылтайшылары қатысқан жалпы жиында ақылдасып, кімдерге берілетіні шешіледі. Сатып алынған үй немесе жер телімі әлеуметтік желіде жария түрде көрсетіледі.

Мәселен биыл Алматы облысы бойынша 18 баспана берілген. Мұны қордың Талдықорған өңірі бойынша басшысы Амангелді Толамисов атап өтті.

"Ақжан және Ернар есімді ел азаматтарының арқасында 10 пәтер мұқтаж жандарға табысталса, осы соңғы 4 айда 8 отбасы баспана бақытына кенелді. Жайық Тазабекұлы, Дарын Сәліімжанов, Ғабит Чукеев, Талғат Бейбіт, Ерлан Қасымханов және Мирас Мұхаметшәріп есімді жігіттер бізбен бірге белсенді қызмет етуде. Осы құрамдағы Талдықорғандық еріктілер де қыруар жұмыстар атқарды. Өңір бойынша қордың танымалдылығы артып келеді. Біз кілтті тапсыру үшін арнайы Пекин олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов және каратэден әлем чемпионы Мерей Сүйінов секілді республикаға танымал азаматтар шақырдық", – дейді А.Толамисов.

Игі іс жасауда қайырымды жандардың еңбегі ерен. Белсенділік танытқан жақсы адамдардың арқасында талай жыл пәтер жағалап жүрген отбасының енді өз баспанасы бар. Жақында Талдықорған қаласындағы "Жастар" саябағында еңбек ететін батыр анаға шаңырақ кілтін "Қарекет" қайырымдылық қорының облыстағы мүшелері және айтыскер ақын, "Алатау" газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов табыстады.

"Харекет" қоры еліміздің барлық қалалары мен аймақтарында қайырымдылық ісімен белсенді айналысып келеді. Батыр анаға берілген баспана республика бойынша 275-ші үй.

Жылдар бойы армандаған баспанасына қол жеткізген көпбалалы ана қуаныштан көзіне жас алып, барша қайырымды жанға алғыс айтты.

"Жыртық үйдің Құдайы бар". Жолдасым өмірден өткен соң барлық жауапкершілік өз мойныма артылды. Тағдыр оңай емес қой. Бұл балаларымның несібесі. Екі қызым тұрмыста. Кенжем 4 жаста. Осындай қуаныш менің отбасымда болып жатқанына әлі де сене алар емеспін. Мен үшін тосынсый болды. Ең бастысы үміт үзбеу керек. Қайырымдылық қорына, халқыма мың алғысымды білдіремін. Қуанышымда шек жоқ", – дейді Раушан Момбекова.

Қайырымдылық жасау қазақтың қанында ежелден бар қасиет. Асыл дініміз де мұқтаж жандарға жақсылық жасауға бұйырады. Олай болса, жақсылық жасап жарысайық, ағайын!