Сардоба су қоймасының жарылуы салдарынан Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас және Фирдоуси елді мекендеріндегі екі мектепті су басып, зақым келген болатын. Бүгінде толық күрделі жөндеуден өткен мектептер жаңа оқу жылына дайын, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Өргебас ауылының Қасым Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінде болды. Аталмыш білім ошағында 300-ге жуық оқушы, ал Фирдоуси атындағы орта мектепте 700-ден астам бала оқиды. Оның ішінде аз қамтамасыз етілген отбасы балалары компьютерлік техникалар және планшеттермен қамтамасыз етілген. Білім ұялары интернет жүйесімен толық қамтылған. Жалпы, республикалық резервтен бөлінген қаражатқа Мақтаарал ауданындағы оқушылар үшін 4900 компьютерлік техника таратылады. Сапар барысында Өмірзақ Естайұлы балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы қажеттігін айтты.
Сондай-ақ облыс әкімі аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, талап - тілегін тыңдады. Әрбір үйдің құрылыс сапасын жіті тексеріп, тасқын судан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарын бақылады. Су басқан ауылдардың тұрғындары бүгінде құрылыс жұмыстарына қарастырылған кезекті транш қаржыларын алған. Мырзакенттегі жаңа шағын ауданда салынып жатқан 200 баспананың құрылысы толық аяқталған. Сонымен қатар Фирдоуси елді мекенінде 53 үй, Өргебас ауылында 39 үй пайдалануға беруге дайын. Құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүруде.