• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2013

Барлық ұлттардың ұлы көрмесі

470 рет
көрсетілді

Адамзаттың дамуын ілгерілетіп, жеделдеткен үлкен шараның бірі – ЭКСПО халықаралық көрмесі екені аян. Осынау ұлы бастаманың жалғасы бар-жоғы 15 жылдың ішінде бой көтеріп, қазақтың сайын сахарасының әсем безендірілген әшекейлі тәжіне айналған жаңа, жас Астанасында өтеді дегенге 20-25 жыл бұрын кім сенер еді? Ешкімнің де сенуі мүмкін емес еді.

Арман қылып айтқаныңның өзін­де ешкім нана қоймас еді. Бірақ мүмкін еместі мүмкін еткен Жаратқанның халқымызды жарылқауы, одан кейін замана үдерістерінің алдыңғы легіне ұмтылған қазақтың Құлагердей арман-қиялы десек болады.

Адамзаттың дамуын ілгерілетіп, жеделдеткен үлкен шараның бірі – ЭКСПО халықаралық көрмесі екені аян. Осынау ұлы бастаманың жалғасы бар-жоғы 15 жылдың ішінде бой көтеріп, қазақтың сайын сахарасының әсем безендірілген әшекейлі тәжіне айналған жаңа, жас Астанасында өтеді дегенге 20-25 жыл бұрын кім сенер еді? Ешкімнің де сенуі мүмкін емес еді.

Арман қылып айтқаныңның өзін­де ешкім нана қоймас еді. Бірақ мүмкін еместі мүмкін еткен Жаратқанның халқымызды жарылқауы, одан кейін замана үдерістерінің алдыңғы легіне ұмтылған қазақтың Құлагердей арман-қиялы десек болады.Ал Құлагерді баптап, жүзіктің көзінен өткеріп отырған Елбасы екені аян.

XVIII ғасырдың екінші жартысы табиғи ғылымның ғаламат табыстары мен техникалық тамаша жетістіктерге қол жеткізумен басталды. Бұған дейін әлемдегі әр мемлекет өз бетінше дамып, бүкіл адамзаттың озық ойларын бір орында көрсету шарасы жоқ еді. Екі-үш ғасырдан бері жаңа бағытта өрісті дамып келе жатқан ғылым мен адамзат мүмкіндіктеріне зер салған Англия патшайымының күйеуі Альберт елдегі сауда-өнеркәсіп өкілдеріне халықаралық көрме ұйымдастырып, өткеруді ұсынған. Бұл ұсыныс кәсіпкерлер мен ғалымдардың, сондай-ақ, өнертапқыштардың қызу қолдауына ие болды. Сондықтан, алғашқы халықаралық көрмені, оны қаржыландыруды кәсіпкерлер өз мойнына алды.      

Тарихқа жүгінсек, ең алғашқы дүниежүзілік көрме Лондондағы әйгілі Гайд-паркте 1851 жылы өткізілген. Ол «1851 жылғы барлық ұлттар өнер­кәсіптері өнімдерінің ұлы көрмесі» деген атпен ұйымдастырылған. ЭКСПО өнеркәсіптік революцияның өзінше бір қорытындысы іспетті болған. Көрменің басты залы ретінде белгіленген Хрусталь сарай адамзат қолынан шыққан інжу-маржандар қатарында тұрады. Керемет демекші, адамзат ЭКСПО арқылы ие болған кереметтер аз емес. 40 елден әкелінген 100 мыңнан астам нысан қойылған алғашқы көрменің өзі әлемдік техникалық жетістіктердің шеруіне айналған. Мысалы, өнеркәсіптік революцияның тамаша техникалық табысы – бу мәшинелері жұртшылыққа сол Лондондағы көрмеде ұсынылған болатын.

Негізі ЭКСПО – халықаралық көрмелерді бақылау үшін құрылған мемлекетаралық ұйым. Оның құрамына 160-қа жуық мемлекет мүше. Бюроның штаб-пәтері Париж қаласында орналас­қан. Халықаралық Конвенция талаптарына сай заң аясында жұмыс істейді. Негізінен, әлемде болып жатқан жаңалықтарды, тың өнер туындыларын, экономикалық һәм әлеуметтік өрлеудің негіздерін қамтиды. Әсіресе, соңғы шыққан техникалық бұйымдардың сипаттамасы, олардың танылуы, әлем халықтарына таралуы міндеттерін өз мойнына ала біледі.

Жалпы, дүниежүзілік көрме деге­німіз индустрияландыру мен тех­никалық және технологиялық жетіс­тіктерді жария етуге арналған ашық алаң деп түсіндіруге болады. ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсе­теді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Көп жылғы тарихы бар ЭКСПО көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерді, сондай-ақ оған мүше елдер­дің тарихын, дәстүрі мен мәде­ниетін көрсету үшін өткізіледі. Бұл көрме бүкіл әлемдік қоғамдастықтың және оны тамашалаушы миллиондаған адамның назарын өзіне аударатын ірі оқиға. Бұдан бөлек, ЭКСПО көрмесі экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістерін қалыптастыру алаңы қызметін атқарады.

Енді 1851 жылғы көрмеге қайта оралар болсақ, алғашқы ЭКСПО көрмесін ойдағыдай өткеру үшін арнайы корольдік комиссия құрылды. Оны ханзада Альберт басқарды. Осы комиссия ғаламат шараның ұйымдастырылуы мен ойдағыдай өткізілуіне жауапты болды. Сондай-ақ, Альберт ханзада осы тұңғыш көрмеде алғаш рет халықаралық патент келісімшарттарын жасау идеясын да ұсынған болатын. Ал, Англия үкіметі көрмеден заттардың ұрланбауын, және өнертапқыштардың құқықтары мен өздерін барынша қорғауға жан-жақты қамданып жатты.

Сонымен, тұңғыш ЭКСПО-1851 халықаралық көрмесін Англия патшайымы Виктория ашты. Ол көрмеде сөйлеген сөзінде «Адамзаттың ке­мел­денуіндегі ұлы жолда барлық халықтар аянбай қызмет етсін!», деген ұран көтерді. Адамзат игілігі үшін көтерілген ұранды әлемдегі озық ойлы адамдардың бәрі қолдады. Альберт ханзада халықаралық көрме ұйымдастыру идеясын алғаш ойлағанда-ақ, оның керемет жаңалықтармен, тосын таңғалдырулармен өтуін пікірлеген еді. Сондықтан, ЭКСПО көрмесін өткеретін жаңа нысандардың байқауын жариялады. Бұл байқауда Джозефом Пакстонның мерейі үстем болды. Ол көрменің басты ғимаратын хрусталь мен темірден құрастыруды ұсынған болатын.

Көрменің әйнек пен темірден құрастырылған ғимаратының биіктігі 33 метрге жетті. Ал ұзындығы 503 метрді құраған. Шойын мен әйнектен құрастырылған осынау ғаламат ғимарат бар-жоғы жарты жылда салынып біткен. Көрменің символына айналған Хрусталь сарайы бұған дейінгі сәулет өнерінің ғажайыптарын басып озып, сол дәуірдің ең дарынды архитекторларын жаңа өріске бастады. Керемет ғимараттың ішінде бұрқылдаған субұрқақтар мен ауа желдеткіштер көрмеге келген миллиондаған адамға тамаша көңіл күй сыйлайтын.

Әлемде алғаш рет ұйымдастырылған ЭКСПО-1851 халықаралық көрмесі адамзат ақыл-ойының керемет екенін дәлелдеп берді. Осы көрме сөрелерінен орын алған механикалық тоқыма станоктары мен сұйықтық арқылы қатты қысым беретін машиналар, сондай-ақ механикалық дестелеушілер мен үлкен телескоптар сол дәуірдің көрермендерінің бәрін таңғалдырды. Көрмеде бұлармен қатар, күнделікті тұтынатын ауыл шаруашылығына қажетті техникалардың да жаңа түрлері де назарға ұсынылды. Сименстің электрлік телеграфы да алғаш рет ЭКСПО-1851 көрмесінде адамзат игілігіне жаратылды. Жалпы айтқанда, алғашқы дүниежүзілік көрмеде азық-түліктен бастап киім-кешек, сондай-ақ, сол дәуірдегі адам баласына қажетті құрал-жабдықтар мен түрлі салаға керекті техникалардың алуан түрі көрсетілді. Тіпті, әскери қарулардың да көптеген нұсқасы көпшіліктің көзайымына айналды.

Сонымен, 1851 жылдың 1 мамырында басталған тұңғыш көрме сол жылдың 15 қазанына дейін жалғасты. Оны барлығы 6 млн. халық қатысып, тамашалаған. Онда барлығы 5084 награда берілген. Олардың 2039-ын ағылшын рационализаторлары, қалған 3045-ін шетелдерден келген өнертапқыштар алған. Көрмеден түскен мол пайданы ханзада Альберт мұражайлар мен кітапханалар, мектептер мен жаңа көрме залдарын салуға бағыттады. Ал ұлы көрме аяқталғаннан кейін Хрусталь сарайы қайта бұзылып, жаңа орынға – Лондонға таяу жердегі Сайденхем-Хилл елді мекеніне көшірілді. Бірақ 1936 жылдың 30 қарашасы күні тілсіз жау Шыны сарайын түгелімен күлге айналдырды. Өрттің себебін сол күйі ешкім анықтай алмады.

Алғашқы өрт сөндіру көлігі жеткенде ғимарат толығымен отқа оранып жатқан еді. Қою түтін алыс қашықтықтан көрініп тұрды. Жалынды ауыздықтауға 88 өрт сөндіру көлігі мен 1 мың адам жұмылдырылды. Палатадан үйіне қайтқан Уинстон Черчилль: «Бұл бүтін дәуірдің жойылуы», деп сарайдың өртеніп кеткені туралы күйінішпен айтқан болатын. Хрусталь сарайы бұдан кейін қалпына келтірілмеді. Ал ЭКСПО көрмесі содан бері Жер шарын шарлап, ғаламат ғажайыптарды дүниеге әкелуін жалғастыруда.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар