1 қыркүйек күні елімізде суға шомылу маусымы ресми аяқталды. Бұл туралы Egemen.kz ІІМ ТЖ комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Суда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, ТЖК полициямен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп ұйымдастырушылық, практикалық іс-шаралар кешенін жүргізді. Күн сайын азаматтық қорғау органдары мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен рейдтер мен патрульдеу жүзеге асырылды. Осы жылдың басынан бері еліміздің су айдындарында құтқарушылар 160 адамды, оның ішінде 35 баланы құтқарды. Ал, суға шомылу маусымы басталғаннан бері 140 адам, оның ішінде 27 бала құтқарылды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, хабарламада суға шомылу кезеңінің басынан бастап өз күштерін бағаламау себептері бойынша, суға шомылу кезінде алкогольдік мас күйінде, суға батушыны құтқару және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру кезінде 239 адам (2019 жылы 282), оның ішінде 75 бала (2019 жылы 88 бала) суға кетіп, көз жұмғаны айтылған.
"Тек суға шомылу маусымының соңғы аптасында (24-31 тамыз аралығында) Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Шымкент қаласында 14 адам, оның ішінде 3 бала суға батып, көз жұмды. Суға шомылу маусымында Алматы - 35, Шығыс Қазақстан – 31, Түркістан - 23 облыстарында суға батып кеткен адамдардың саны көп болды", - деді комитеттегілер.
ТЖ комитетінің мәліметіне сәйкес, елімізде суға шомылуға рұқсат етілген 445 орын анықталды, 6 020 ескерту белгісі орнатылды. Адамдардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке жағажайлардың 689 құтқарушы-жасақшысы оқытылған. Полиция департаменті мен волонтерлік ұйымдармен бірігіп қоғамдық орындардағы жүріс-тұрыс және су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзушыларды анықтау бойынша бірлескен рейдтер мен патрульдеу жүргізілген.
"1 маусымнан бастап 33 мың рейд және патрульдеу жүргізілді, 6 355 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, «Қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу» ӘҚБК 440-бабы және «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» 364-бабы бойынша 14 млн. астам теңге айыппұл салынды. Рейд іс-шаралары барысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары бойынша халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, үгіт-насихаттау өнімдері (парақшалар, жаднамалар) таратылады. Барлығы 499 564 мың өнім таратылды", - делінген хабарламада.