Тоқсаныншы жылдың басы ма, әлде сексен тоғызыншы жылдың аяқ кезі ме екен, Моңғолиядағы қазақтар тұратын Баян-Өлгей аймағында шығатын «Жаңа өмір» деген қазақ тіліндегі газеттің моңғолша қосымшасында «Хараал ерөлөөр солигдох нь ч бий» деген шағын мақала шықты.
Бірақ осы шап-шағын мақаланың әсері керемет болды. Себебі қырық жылдай уақыт бойы Қытайда да, Моңғолияда да «банды, қарақшы» деп айыпталып, қара халыққа солай насихатталған Оспан Исламұлы туралы алғаш рет нақты шындықтың баспасөзде шығуы «коммунистік идеологияға» уланған елдің санасын селк еткізіп, ақиқат көзін ашып жібергендей еді.
Өйткені бұл Кеңес елінде басталған «жариялылық» атты баспасөз еркіндігі Моңғолияда да «ил тод байдал» деген атпен әсер ете бастаған кез болатын. Бұған дейін елдегі коммунистік баспасөзде ел ішіндегі шындық та, өткен шақтағы тарихи оқиғалар да жазылмайтын-ды. Қызыл партияның жиналыстары мен қияли жоспарларының өмірден алшақ қасаң қағидалары ғана басылым бетін толтыратын-ды. Соған әбден еті үйренген халыққа мына мақаланың мазмұны ашық күні жай түскендей әсер еткені анық.
Мақаланың авторы сол кездегі армия офицері, қазіргі белгілі қаламгер ақын Сұраған Рахметұлы еді. Мақаланың тақырыбын сөзбе-сөз аударсақ «Қарғыстың алғысқа айналатын кезі келді» дейді. Ал мазмұны әрине, «Банды деп жүргеніміз батыр болып шықты» дегенге саяды. Расында, Шығыс Түркістан өңіріндегі қазақтардың атамекені саналатын Алтай, Іле, Тарбағатайды дүр сілкіндірген «ұлт азаттық көтерілістің қолбасшысы» Оспан батыр туралы қырық жыл бойы ауызға алынбаған ақиқат алғаш рет сөйтіп көпшілікке жария болды.
Ал ондай көтерілістің шығу себебі сол кездегі Шыңжанға өкімін жүргізуші Шың Сый Сай тікелей Сталиннің тапсырмасы бойынша сондағы қазақтың ел бастаған ақсүйектерін құрылтай болады деген аярлықпен Үрімжіге шақырып алып, түгел түрмеге қамап, жазықсыз жазалай бастауынан туындайды. Оның арам пиғылында бассыз қалған елге Қазақстандағы қазақтарға жасалған «геноцидті» жасамақ жоспар жатқаны анық болатын. Алайда бұған дейін де Манчжурия билігіне сырттай бағынышты болып, ішкі билігін сақтаған, намысы мен ділін, дінін таптатпаған шығыс қазақтары бұндай өктемдікке көне салмады.
Шығыс қазағының рухани көсемі Ақыт қажыдан бастап, хан тұқымы Жанымхандармен қостап жүздеген жақсы-жайсаң ұсталып кетсе де, артында солардың оң қолы секілді ақылы мен алғырлығы сай ел азаматтары да аз емес еді.
Солардың бірегейлері Ақтеке би, Ноғайбай сынды ел ағалары алғаш рет қарулы көтерілісті бастап кетті. Қазақ жұртын «жабайы» санайтын Шың Сый Сай қатты састы, «келісімге келу» деген аяр-қулыққа көшті. Бірақ дұшпан мен досты айыра білетін дана көкірек көшпенді жұрты өліспей-беріспейтін шақтың туғанын, аумалы-төкпелі кезеңнің келгенін нақты білгендіктен, «Оспан батырдың көтерілісі» жалғасып, қазақ жадынан өшпейтін әйгілі ерлік тарихы басталған-ды.
Бір өкініштісі, осы даңқты көтеріліс туралы Кеңес өкіметінің боданында қалған Қазақстандағы қалың қазақ жұрты ұзақ жыл бойы хабарсыз жатты. Алпысыншы жылдары Қытай шекарасынан асып, өз еліне оралған жүз мыңдаған саналы қазақ бұл туралы тіс жармай, бүкіл сырды ішіне сақтайтын.
Бір қызығы, Оспан батыр туралы Моңғолия қазақтары жақсы білетін еді. Жақсы білетін дегенде кейінгі «социалистік» буын өкілдері «банды, қарақшы» деп, бұрынғы ескі көз адамдар «хас батыр» деп білсе де іштей тынатыны белгілі жайт қой.
Моңғолияда жетпісінші жылдары «Хил дээр» («Шекарадағы шайқас») деген көркем фильм отандық кино өндірісінен экранға шыққан болатын. Әрине, көркем фильмде шекаралық соғыста қаза тапқан моңғолиялық шекарашылар Тэгшээ, Даваажав секілді әскерлердің ерліктері насихатталғаны белгілі. Алайда бұл фильмде Оспан батыр туралы бірнеше эпизодтың шындық бойынша көрініс табуы көрерменнің есінде қалғаны анық.
Оспан батыр өз соғыс тәсілінде ақ боз атымен жаудан қашқан болып көрініс жасаған сайын, артынан қуа атқандарды алдау үшін ат бауырына түсіп кетеді екен, қуғыншылар оқ тиді деп мәз болып қала береді, міне әлгі кинода осы көрініс жақсы шыққан еді. Екіншісі, Оспан батыр өзінің қосынынан он есе көп қытай әскері қоршауға алмақ болып ұмтылғанда, елу әскері елу жаққа сай-салаға бытырай қашып, қайсысын қуарын білмей топтана аңырып қалған жау тобына қайта қоршай шабуыл жасап, құралайды көзге ататын дала қырандары ат үстінде шауып келе жатып, әрбірі оншақты жау әскерін көзді ашып-жұмғанша жалманынан түсіріп, бүтін отрядты қырғындап кете барады...
Ал Қазақстандағы қазақ жұртының Оспан батырдан хабардар болуы тек қана тәуелсіздік кезеңі басталған тоқсаныншы жылдардан кейін ғана мүмкін болды. Тоқсаныншы жылдың ортасында «Жұлдыз» журналына жазушы Сейітхан Әбілқасымұлының «Оспан батыр» атты романы жарияланды. Журналдың қалың оқырманы және қазақтың қаламгер қауымы да осы роман арқылы алғаш рет Оспан батыр туралы нақты мағұлмат алғаны даусыз (кейін «Ана тілі» баспасынан 2001 жылы жеке кітап болып шықты).
Сейітхан Әбілқасымұлы Қытайдағы «мәдени төңкеріс» нәубетінен қудаланып, жетпісінші жылдары Моңғолияға шекара арқылы қашып өткен адам. Сол елдің астанасы Ұланбатыр қаласында жиырма жылдай тұрғанда «Хар шуурга» («Қара боран») атты роман жазып, моңғолиялық оқырмандарға танымал болды.
Ал марқұм жазушының «Оспан батыр» туралы романының жөні тіпті бөлек десе де болады. Өйткені Оспанның қосынында болып, талай соғысты бірге бастан кешкен сарбаздармен Секең жігіт шағында бетпе-бет кезігіп, жанды оқиғаларды жадында сол қалпы сақтағаны роман оқиғасынан анық көрінеді. Оспанның қандыкөйлек достары Ырысхан, Сүлеймен, Бүркітбай, Жылқайдар, Қапас, Қабай, Әселбай, Мұса, Келес, Жәмшитхан, Тоқтаған, Зенков, Рахадыл... бастаған адал, ержүрек сарбаздарымен бірге он жыл бойы алпауыт жаумен қайыспай соғысқан ерлік жолы бұл романда жанды күйінде шынайы кестеленген. Оспан батыр өзінен он, жүз есе көп қаруы сай жазалаушы армиямен қалай тең дәрежеде соғыса алғандығының талай құпиялары ашылады.
Көтерілісшілердің ең негізгі қаруы қолындағы бесатар мылтықтары болса да, одан да артық қаруы иесінің ыңғайын қалт жібермей танып, шұғыл қимыл жасауға шебер астындағы ақылды жарау аттары екенін айтпауға болмайды. Алайда одан да артық қару-тәсілдері көтерілісші ерлердің жер жағдайын жіті білетін, соған сай лезде көз жаздырып не тап беріп бас салатын көшпенді ұрпақтарына ғана тән алғыр қимылдары еді. Бірақ одан да артық қару-тәсілдері діні мен ділін қорғауда, халқы үшін жанын құрбан етуден тайынбайтын кез келген сәтте, бетпе-бет ұрыста арыстандай ақырып тап беретін батырлығы еді.
Кітапта жоғарыдағы фильмде қысқаша сөз етіп кеткен, көшпенділерге ғана тән шайқас тәсілдері тамаша баяндалады. Мәселен, арнайы жоспармен кәсіби әскер басшылары басқарып келе жатқан ауқымды жаудың қарсы алдынан қазақтар тобы кездейсоқ ұшырасып қалған секілді көрініс жасайды. Содан тау жастана бөктерге қарай асығыс қашып, өздері қоршауға түсіп қалғандай әсер қалдырып, сөйтіп жауды алдандырады. Содан, алдын ала келісіп қойған бәрі жақсы білетін жасырын тау сілемдері мен кезеңдерден лезде асып, екі топқа бөлінеді де, бірі өздерін қуған жаудың артынан тап бергенде, келесі тобы қолайлы тұрғыны иеленіп тосып отырады. Ең әуелі басқа әскерлерден киім киісі бөлек көрінетін әскер басшысын дәлдеп атып, басқарушысыз қалып есі шыға ұйлыққан жазалаушы қосынды бір-бірден қадай атқылап лезде ұйқы-тұйқысын шығарады. Осылайша, өздері аз шығынмен жеңіске жеткен кездері өте көп.
Көтерілістің алғашқы жылдарының бірінде Шын Сый Сай көтерілісшілерді бас көтертпей тас-талқан етемін деген дәмемен арнайы маманданған атты әскер полкін Көктоғай өңірінде қорғаныста жатқан Оспанның қару-жарағы әлсіз, саны аз қосынына арнайы жібереді.
Екі-үш күнгі атыста біраз сарбазы шығын болған Оспан келген жаудың қатерлі екенін біле қояды. Сондықтан дереу басқа тәсіл қолданып, Ышқынты деген оңаша биік шоқыға қарай бір топ сарбазын тұрғыны иеленбекші болып жүргендей етіп әдейі жібереді. Аңдып жатқан жаудың атты әскері оларды түре қуып, қашқандар шоқы басына жеткенде әскерінің көптігімен қазақтарды төмен қуып түсіріп өздері ең биік қолайлы тұрғыны иемдендік деп мәз болады.
Енді көтерілісшілер шабуыл жасаса болды, оқ бүріккіш қарумен баудай түсіріп түгел құртамыз деп ойлайды. Оспан батырдың да көздеген мақсаты осы еді. Дереу полктің төменде күзетте қалған аз әскерін жау-жаламға келтірмей жайпап тастайды да, қалдырған ат-көлігі мен азығын иемденіп үлгереді. Енді өздері әлгі шоқының етегін түгел қоршап, үн-түнсіз жатып алады. Полк генералы сонда ғана алданғанын біледі, шоқы басында бес күн бойы қоршауда аштық пен шөлде қалған әскерлер Бала Ертіс өзені жақтағы ашық қалған кетікпен шұбырып түсе бастағанда, етекте аңдып жатқан мергендер ілініп-салынып шаршаған әскерді баудай түсіреді. Тірі қалғандары Ертіс өзеніне тоғытылады. Оспан бұл жолы жазалаушы полктің әскербасын өз қолымен өлтірген. Бұл ерекше жеңіс көтерілісшілерді одан әрі рухтандырса, жауды мүлде састырған еді.
Міне, мұндай біріне-бірі ұқсамайтын ұрыс тәсілдері кітаптың басынан аяғына дейін сериалдай көз алдыңыздан өтеді.
Осындай қаншама отрядтарынан айырылған қытайдың әскери басшылары тығырыққа тірелді. Өздері «жабайы қарақшы, банды» деп атаған адамдардың алғыр ақылына, алдырмас тәсіліне, қайсар ерлігіне еріксіз тәнті болады, енді шын келісімге келуге ұмтылды, жауынгер қазақтарды өз әскерінің көптігімен, өкіметінің күштілігімен жеңе алмайтынына көздері жетеді.
Міне, бұл Оспан батырдың шын жеңісі еді. Он жылға жалғасқан ұлт азаттық көтеріліс шығыс қазақтарының даңқын дүниежүзіне жайды әрі жас баладан қарапайым халыққа дейін намысын таптатпайтын ерлікке тәрбиелеп, елдің рухын асқақтатты.
Бұл аралықта өзінің жауыздығымен дүниенің үрейін ұшырған Коминтерннің басшысы Сталиннің өзі Оспан батырды оңай бағындыру үшін қазақтың өз ішінен тағайындалған генерал Дәлелхан Сүгірбайұлы арқылы тіл табысуды қолға алған «Шығыс Түркістан Республикасы» дейтін аса күрделі тарихи оқиғалар да өтіп жатты...
Алтай елінің шығысында жатқан тәуелсіз ел болып саналатын Моңғолияның сол кездегі атақты маршалы Чойбалсан арнайы келіп, Оспан батырмен ресми келісімдер жүргізіп, тең дәрежелі дипломатиялық қатынас жасауының өзі әлем тарихындағы атақты көтерілісшілерден де кей жағдайда қазақ көтерілісшілерінің ерекше болғанын көрсететін сирек оқиға десек, артық айтқандық емес.
Оспан батыр алты аласы, бес бересі жоқ қазақ жерін басып алған басқыншылармен ғана соғысып қойған жоқ, дінсіз қызыл коммунистердің зорлығына бас имей, асыл дінін де қорғап, бұл дүниедегі кез келген пенделердің жете бермейтін ең биік шейіт дәрежесінде бақиға аттанды.
Жауы да оның рухының биіктігін іштей мойындап, ұрпағына да, артында аман қалған қандыкөйлек сарбаздарына да өктемдік жасауға батылы бармады. Оларға тиіспеді, келісімге келді. Міне, бұл Оспан батырдың көздеген мақсатына жеткендігі еді.
Артында аман қалған адал халқы Оспанды өз жүректеріне жерледі, асыл бейнесін, даңқты ерлігін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа қаншама дастан, жыр, әңгіме, зерттеулермен жеткізді.
Бодандық қамытынан жаңа шығып, құлдық құлықтан енді-енді арыла бастаған қазақ деген жанкешті халық – біз өз асылдарымызды шын танитын күнге жетсек, халқының азаттығы үшін жанын пида еткен Исатай-Махамбет, Кенесары және большевик қырғынында халқын қорғап, кеңестік идеологияның кесірінен аты ел есінен әдейі ұмыттырылып, белгісіз қалған қаншама батырлар мен Алаш арыстары сынды қаһармандардың қатарында Оспан батырдың да тұруға тиісті екенін білер едік.
Абай МАУҚАРАҰЛЫ,
жазушы-журналист