Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деп атап өтіпті. Жалпы алғанда қазақтың жылқытану ілімінің негізінде атбегілік өнері тұр. Яғни, атбегілік дегеніміз – халқымыздың генеологиялық жадысының туындысы.
Аталарымыз жылқы түлігін қолға үйретіп, бастықтырған ықылым заманнан бастап – атты баптау, оны сынау, бәйгеге қосу, әрі жауынгерлік өнерге үйрету ісіне қатты мән берген. Әрі бұл ілімді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мұрагерлік ретінде үйретіп отырған.
Атбегілік өнер атты сынау мен баптаудан тұрады. Яғни, аттың сынын білген адам оны баптай да алады. Тіпті ерте заманда өмір сүрген атақты сыншылар тірі жылқыны былай қойып, далада жатқан қу сүйекке қарап-ақ сын-сипатын айтатын болған.
Мысалы, сонау бағзыда атақты Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып анадай жерде жатқан аттың қу басын көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін ат қой бұл. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар» депті.
Жалпы, қазақ даласында ізі қалған атбегілік өнердің танымал өкілдері – жоғарыдағы Толыбай сыншыдан бастап, бертінде Бөкей Ордасында өмір сүрген әйгілі Ауқатым және шеркеш Айдабол сыншылар, Жәңгір ханның жылқы тұқымын асылдандыру ісімен айналысқан аты мәшһүр сыншы төре Абылғазылардың еңбегін ел біледі.
Бөкей Ордасы жерінде өмір сүрген екінші бір атбегі Шоқай Шөңкейұлының сыншылығы жайлы орыс зерттеушісі А.Келлер көлемді еңбек жазып қалдырған. Ал Атырау аймағында өмір сүрген Дүйсенғали сыншы, шежіре жазушы Сәбит Мұқановтың шығармаларында аты аталатын атақты Киікбай сыншы (Ақан серінің Құлагерін сынаған) жайлы көркем әдебиеттерде үзіп-жұлып айтылады.
Халқымыздың сыншылық дәстүрі Кеңес Одағы кезінде де үзілмей жалғасып отырған. Мысалы, ұлытаулық Тай Тілегенов сыншы, жаңарқалық Мұса сыншы, Сарысу бойында өмір сүрген қалмақ Көбен сыншы, оңтүстік өңірде Мақұлбек Шерімұлы, жетісулық ағайынды сыншылар Олжабай мен Бектібай, қытай-моңғол елдерінде өмір сүріп жатқан қазақтар арасынан шыққан Күңгейбай, Қалқабай, Түркістан сияқты сыншылардың артында қалдырған мұралары баршылық.
Ал атбегілік өнердің екінші бір қыры – ат баптау ісімен ел арасына танымал болған атбегілер – керекулік Бежу, жетісулық Бақай, сіргелі Меңдеке, сағыздық Тіней Талпақ, Үстіртте өмір сүрген Мықырбай атбегі, осылардың ізін жалғап Кеңес Одағы кезінде атбегілікпен айналысқан атақты «Құланқара», «Бұланқара» атты сәйгүліктер мен «Желмая» атты жорғаны баптаған Бошай Кітапбаевтың тәжірибесі өз алдына бір төбе.
Қазіргі таңда атамұрамызды ұрпақ жалғастырып дамытып келе жатқан ат бапкерлері – созақтық Файзолла Ормызов, тараздық Нұрдәулет Әлібекұлы, жетісулық Нәркен Қалибек, ағадырлық Жолдыбай Кенжеғұлов, алтайлық Еркін Темірбайұлы, моңғолиялық Қадыл Айдаубайұлы сынды тұлғалар бар.
Атбегілік өнер тек қазақ халқына ғана тән деу – артық айтқандық. Бұл мұра қырғыз, моңғол, алтай, хақас сияқты көшпелілерге де ортақ дүние. Бұлардың атбегілік өнерлерінде аса айырмашылық жоқ.
Мысалы, Ішкі Моңғолдың Хөленбұйыр өңірін мекен еткен көшпелі тайпаларының нояны Пуребжаб 1874 жылдары жазып қалдырған «Құпияның құпиясы, көненің көнесі жайлы ілім» атты атбегілік туралы құнды ілімінде жылқының түбір сипатына терең тоқталады. Ол дегеніміз – жылқының табиғи жаратылысын тану ілімі. Яғни, жылқының табиғи бейімділігін тап басу арқылы қолданыс қажеттілігін анықтау. Ол үшін жүйріктің бітім-болмысын – жан-жануар, аң-құстың жақсы сипаттарына салғастыра отырып зерттеген. Мысалы, әскери қолбасшы әрі атбегі Семен Михайлович Буденный (1883-1973) жүйрік жылқыны сынағанда: қоян, түлкі, есек сипаттарына қатты мән беретіні жайлы дерек бар. Маршалдың айтуы бойынша: қоян сипатты жүйріктің белгісі – тыз етпе ұшқыр, аяғы жеңіл әрі жүрісі ұтымды болады десе, түлкі сипатты жүйрік – денесі жинақы, ықшам әрі атқан оқтай тік жүреді, құйрығы түлкінің құйрығындай бір тегіс, жіңішке, сұлу көрінеді. Ал есек сипатты жүйрік – төрт аяғын тең басады (төрт аяғын тең басатын хайуан есек қана). Яки, төрт аяқты тең басу дегеніміз – төрт тұяқтың дұрыс бітімі. Өйткені, табаны «қазтабандап» жерге тимейтін дөп-дөңгелек қобы тұяқ есекте ғана бар. Тұяғы осылай біткен жылқы ақсамайды һәм жасқанбай басады...
Сол себепті, жылқы түлігін қолданушы қауым ерте кезден бастап оның түбір сипатына қатты мән берген. Ал байырғы көшпелілер үшін жылқының жаратылысын (түбір сипатын) аңдау әсіресе, жауынгерлік іске аса қажет болған. Атап айтқанда: арыстан, бұлан сипатты жылқыларды найзагер жауынгерлер мініп шеп бұзатын болса, марал, қоян, түлкі сипатты жүйріктерді хабар алмасу ісінде және садақшылар мінері анық. Өйткені, мұндай сипатты жылқылар қозғалыс кезінде ентігін тез басатындықтан садақшылар үшін өте қолайлы. Ал бөкен, елік, құлан сипатты жылқыларды қылышкерлер мен жеңіл маневр жасауға ыңғайлы қанжар және айбалтамен қаруланған жауынгерлер мінетін болған екен.