Өткен сенбі күні өңір басшысы Б.Сапарбаевтың бастамасымен Өскеменде тұңғыш рет балық жәрмеңкесі болып өтті. Онда Тарбағатай, Күршім, Көкпекті аудандары мен Өскемен қаласының балықшылары әкелген ондаған тонна көксерке, сазан, алабұғы, карп, шортан сияқты өзендер мен көлдердің өнімі қала тұрғындарына сатылды. Балықтың бағасы сауда орындары мен базардағы бағаға қарағанда 20-30 пайыз арзан болғандықтан бірнеше сағатта сатылып кетті.
Өткен сенбі күні өңір басшысы Б.Сапарбаевтың бастамасымен Өскеменде тұңғыш рет балық жәрмеңкесі болып өтті. Онда Тарбағатай, Күршім, Көкпекті аудандары мен Өскемен қаласының балықшылары әкелген ондаған тонна көксерке, сазан, алабұғы, карп, шортан сияқты өзендер мен көлдердің өнімі қала тұрғындарына сатылды. Балықтың бағасы сауда орындары мен базардағы бағаға қарағанда 20-30 пайыз арзан болғандықтан бірнеше сағатта сатылып кетті.Мәселен, сазан 350-400, көксерке 300-350, шортан 250 теңгеден болды. Сонымен бірге, балықтың икрасына деген сұраныс та жоғары болды.
Балық жәрмеңкесіне өңір басшысы Б.Сапарбаев, Ресейдің Алтай өлкесінің губернаторы А.Б.Карлин бастаған іскер топ өкілдері қатысып, жағымды жаңалықты өздерінде қолданатынын айтты. Екі ел арасында сауда-саттықтың дамып келе жатқаны белгілі, Қазақстанның тағы бір байлығы балық өнімдерін сатып алудан ұтпасақ, ұтылмаймыз, деді ресейлік қонақтар.
Республика алаңындағы балық жәрмеңкесінде Алтайдың балы, көкөніс, басқа да азық-түлік саудаланды. Жыл басынан бері өңірдің барлық аудандары мен қалалары өз өнімдерін қалалықтарға арзан бағамен сатып, тұрғындардың алғысына ие болуда. Алдағы уақытта да балық жәрмеңкесі тұрақты өтіп тұрмақ, дейді облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов. Бәрекелді, дейміз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
Суретте: Өскемендегі балық жәрмеңкесі.
Суретті түсірген автор.