Биылғы суға шомылу маусымында балалар өлімі тіркелмеді, - деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордада шомылу маусымы бойынша қорытынды шығарылды. Брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, биыл кешенді шаралардың арқасында адам өлімі 28 пайызға, ал балалар өлімі 100 пайызға төмендеді. ТЖ департаментінің күшімен қаланың алты тұрғыны құтқарылды.
"Рейдтік іс-шараларға оқушыларды, студенттерді және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмылдырып, қала әкімдігі Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жұмыс жүргізді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын карантин шараларын ескере отырып, қаланың су айдындарына 60 қоғамдық құтқарушылардан тұратын 11 топ кезекшілікке шықты. Сондай-ақ күн сайын рейдтік іс-шараларға жеке құрамның 80 адамы келіп, барлық 23 учаске бойынша рейдтер жүргізді. Еріктілердің көмегін тағы да атап өткім келеді. Бізбен бірге "Жас Отан", "Астана Жастары" және "Еріктілер лигасынан" еріктілер жұмыс істеді. Олардың көмегімен біз 25 бірлескен рейд өткізіп, 750 адамды қамтыдық", – деді брифинг барысында Бауыржан Сыздықов.
Оның мәліметінше, биыл Нұр-Сұлтанда бес адам суға кетті. Олардың көпшілігі белгіленбеген жерлерде шомылды. Статистикаға сәйкес, бұл судағы барлық өлімнің ең көп таралған себебі. Сондай-ақ мас күйінде шомылу да аса қауіпті.
Егер өткен жылмен салыстырғанда суға шомылу маусымында өлім-жітім саны азайса, онда шомылу орындарында жүріс-тұрыс ережелерін бұзушылар саны төрт есеге жуық өсті. 2019 жазында 31 адамға айыппұл салынды, осы маусымда-114.Спикер 1 қыркүйектен бастап елорданың барлық су қоймаларында шомылуға тыйым салынғанын еске салды, өйткені судың температурасы 18 градустан төмен болуы дене құрысуы мен өлімге себепші мүмкін.