Бүгінде экологиялық жағдайға назар аударатын болсақ, табиғатқа тигізіп жатқан зиянымыз аз емес. Қазіргі күні Жер-Анаға келтірілген әр зиян мен залал заң жүзінде жазаланады. Мәселен мұндай бұзушылықтардың қатарында заңсыз ағаш кесу фактісі аса жиі кездеседі. Ондай оғаштық жасағандарға заң жүзінде бекітілген айыппұл да бар.
Бір өкініштісі, жылдар бойы жайқалып өскен ағашты санаулы сәтте сұлата салып жүре беретіндердің саны елімізде әлі де көп. Оның негізгі себебі ретінде азаматтардың заңға қатысты білімінің аздығын айтуға болар еді. Себебі, елімізде табиғат заңнамаларын бұзғаны үшін қолданылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар. Бұл ретте біз заңсыз ағаш кесу мәселесіне тоқталайық деп отырмыз. Әрине, білмегеннің айыбы жоқ. Алайда заңсыз ағаш кескендерге қатысты жауапкершілікті біле жүргендеріңіз құба-құп болары анық.
Табиғат байлығымызды қорғап тұрған Қазақстан Конституциясының 340-бабы бар. Онда ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау мәселесі қарастырылған. Үй маңындағы, саяжай мен бау-бақша учаскелеріндегі ағаштар мен бұталардан басқа, орман қорына кірмейтін ағаштар мен бұталарды заңсыз кескен немесе зақымдаған, сол сияқты орман дақылдарын, орман тұқымбақтары мен плантация көшеттерді, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман, өскіндерді не қолдан отырғызылған екпелерді жойған немесе зақымдаған адамға екі жүз айлык есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына небір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не алпыс тəулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады.
Орман қорына кіретін ағаштарды жəне бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау бойынша үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз кырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не жетпіс бес тəулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген: бірнеше рет, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, ірі залал келтіре отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған іс-əрекеттерге байланысты белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге коғамдық жұмыстарға тартылады, не тоқсан тəулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады.
Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-əрекеттер үшін екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Ертеңгі ұрпаққа тартымды табиғат пен саялы ағаш қалдыру аманаты – бүгінгі буынның мойнында тұрғанын ұмытпайық. Орманымыз сиреп, көрікті мекеніміз күйреп кетпес үшін де барымызды салуымыз қажет. Ол үшін көрсе көз қызығатын байлығымызды аяқасты етпеу, бекітілген заңнан аттамау маңызды. Себебі, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Осыны естен шығармайық.
Самат ҚАБДЫҒАЛИЕВ,
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орманшысының көмекшісі