Мемлекет басшысының Парламент палаталарының біріккен отырысында жариялаған Жолдауын мұқият тыңдадым. Биыл оны қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар азаматтар және бизнес өкілдері аса қызығушылықпен күтті. Олар Жолдауды өмірдегі өзекті сұрақтардың жауабын естіп, алдағы уақытта бизнес қалай жұмыс істейтінін, экономикалық және әлеуметтік күрделі мәселелерді шешу жолында мемлекет қандай саясат жүргізетінін білу үшін күткен еді.
Бұл – заңдылық. Себебі пандемияға байланысты карантин кезінде біздің отандық бизнес айтарлықтай шығынға батты: тәуелсіз зерттеулердің деректеріне қарағанда, кәсіпкерлік субъектілерінің 80%-ы табысын төмендетіп алған. Оның ішінде әрбір алтыншы кәсіпкер табысының 80%-ына дейін жоғалтса, 50%-ы тіпті де түсімсіз қалған екен.
Ел Президентінің пандемия кезінде Ұлттық банктің несиелендіру, бизнесті мемлекетке және квазимемлекеттік секторға қарайтын ғимараттарды жалға алу ақысынан жылдың соңына дейін босату сынды шұғыл қабылданған шараларын жыл аяғына дейін сақтау жөніндегі ұсынысын өте маңызды деп санаймын. Салықты дифференциациялау, салықты әкімшіліктендіруді оңайлату тұрғысынан Салық кодексін қайта қарау туралы шешімді дер кезінде қабылданды деуге болады. Кәсіпкерлер шығынын төмендету тұрғысынан алғанда, жылдың соңына дейін еңбекақы төлеу қоры бойынша бюджеттік емес қорларға төлемді жылдың соңына дейін болдырмау жөніндегі шешім де құптауға тұрарлық. Сондай-ақ пандемия кезінде мейлінше зиян шеккен шағын және орта бизнеске арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендетудің де оң шешім болғанын айта кету ләзім.
Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін қолдау саясатының жалғасын тапқанын да атап өткім келеді. Неге десеңіз, экономиканың бұл секторы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша аса зор миссияны атқарып қоймай, дәл қазіргі қалыптасқан жағдайда банкротқа ұшыраған және жабылып қалған кәсіпорындардың босап қалған еңбек ресурсына қатысты жұмыспен қамту мәселесін шеше отырып, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс, көлік және басқа салаларды дамыту үшін жағдай туғызып, бүкіл экономикамыздың өзіндік драйвері бола алады.
Инвестициялық бағдарламаларды, жоғары технологиялық өндірісті, көліктік-транзиттік секторды, ақша-несие саясатын дамытуға бағытталған осы және басқа да бірқатар шаралар құқық қолдану практикасына сай жағдайда, яғни мемлекеттік органдардың іркіліссіз, артық бюрократиясыз, сыбайлас жемқорлық сұлбасынсыз тиімді жұмыс істеген жағдайында ғана жүзеге асады.
Әріптестерім үшін бизнестің және барлық тұрғындардың мүддесі үшін қазіргі заңнаманы жетілдіру бойынша жұмысқа, сонымен бірге, мемлекет тарапынан қолға алынбақ жүйелік іс-шараларға мониторинг және қоғамдық бақылау жасауға белсенді түрде қатысуды маңызды деп санаймын. Сонда ғана 2025 жылы шағын және орта бизнестің үлесінде төрт миллионға жуық адамды жұмыспен қамти отырып, еліміздің ІЖӨ-нің 35%-ына жеткізу жөніндегі өр мақсатты міндет арман болып қалмай, шынайы жүзеге асады деп сенімді түрде айтуға болады.
Гүлнәр ҚҰРБАНБАЕВА,
Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті
ҚАРАҒАНДЫ