Егер ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын тұтастай айтсақ, сірә, осылай деуге болатын шығар. Қоғамның алпыс екі тамырын талдап, танытып айтқан Мемлекет басшысы әуелі халықтың жағдайына деген өркениетті өнегенің өрелі өлшемін, сағы сынбайтын саясаткерліктің ұзағынан сүйіндірер ұстанымын, еңсесі биік елдің көсегесін көгертуді көксейтін мемлекеттік тұлғаның ту жықпайтын тұғырынан көрінді.
Егер Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Қазақстанды құрса, Қасым-Жомарт Тоқаев осының ертеңгі күніне елдің көшін шашпай-төкпей тұтас күйінде бастап алып баруға барын салуда. Халықтың ой-санасын оятып, әділдік пен адалдыққа, жанкешті еңбекке бетбұрыс жасауды жаңа тұрпатпен қолға алды. Мемлекет басшысының Жолдауынан осыны аңғарамыз.
Иә, қазір оңай тиіп жатқан жоқ. Төтеннен төніп келген індеттен әлем халқы теңселіп қалды. Оның емі табылар. Ал төтеннен емес, адамдардың денінде пайда болған және етек ала бастаған жемқорлықтың арнайы дәрісі жоқ. Әуелі мынаны айтсақ. Жолдауда қазіргі жағдайымыздың бәрі айтылды. Бәрі таразыланды, танымдық тұрғыда тамыры тарқатылды. Бұл елдің ес жиюына зор әсер етті. Еңсесін көтеруге тікелей ықпал жасады.
Мен Мемлекет басшысының Жолдауындағы жемқорлық індетке қөзқарасына ерекше тоқталғым келеді. Құлқынның құлына айналып, ашкөзденген адамдардың ішкі ниет, пейілінің диагнозын қалай қоюға болады? Лауазымдағылардың арасындағы тойымсыздық бұл жай ғана қылмыс емес, бұл – ұлтқа ұят келтіретін қасірет. Өз халқының табанақы, маңдай теріне аяусыз қол салғандардың халық пен Құдайдың қарғысына ұшырайтыны бір басқа. Ол ұрпақтың намысына тиетін арсыз құбылыс. Мұндай жағдайда Мемлекет басшысы ондайлармен ешуақытта қолтықтасып кете алмайды.
Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын ескертуі шексіз байып, қалың бұқараға шекесінен қарап жүрген топқа соққы болып тиіп жатқанын бұқара біліп отыр. Мемлекеттік мүддедегі кесімді кемел сөз бен ұстаным кезекті реформаның пәрменін ұқтырды. Қоғамдағы жаңа бір саналық қозғалыстан хабар беретін бұл саяси оқиға бәріміздің көзімізді ашты. Ең бастысы бұл құнды құжат Президенттің о бастағы ұстанымы – қоғамның беті боялмаған шындығы. Келер күндерімізге қақтырмай-соқтырмай алып баратын айбынды жол осы.
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері