• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Әдебиет 09 Қыркүйек, 2020

«Неге біз осы?»...

27220 рет
көрсетілді

Оралхан Бөкей шығармашылығына асау да албырт һәм мөлдір сезімдер шарпысқан романтизм мен сергек максимализм тән. Оның қаламынан туған тірі бейнелер арманшыл, тәуекелшіл қасиеттері басым жас оқырмандардың жадында ұзақ сақталатынына сенімдіміз. Жазушының жан нұры төгілген шығармалары жап-жасыл жастық аралының жарасымды бір бөлшегіндей. Өз басымызға солай.

Оралхан Бөкей десе жан са­райымызға сәулелі, мөлдір се­зімдерді сіңірген жазушы елес­тейді. Ол туған жерін – Ал­тайды асқан құштарлықпен, аңсарлы сағынышпен төгілте суреттеді. Оның негізгі кейіпкерлері де өз туған жерінің адамдары. Өзі анық білетін, жан дү­ние­­сімен түсінетін, әр әре­дікте түнде түсінде көріп, күн­діз ойында әлдилейтін, шын өмір­дегі артықшылығы мен кем-кетігі тоқайласқан кәдімгі өз жер­лестері. Шын өмір мен шы­­ғармашылықтың ара-жігін асқан шеберлікпен әдіптеп, шы­ғармашылық атты жұмбақ, рухани әлемді таза, асқақ күйінде сақтауға ұмтылған жазушы өз кейіпкерлері арқылы оқыр­манның жүрегінде аяу­шылық, мейірім, махаббат сезімдерін оятуды мақсат еткендей.

«Неге біз осы?» деп бастала­тын лекциясын оқи беретін Тағанды білетін оқырман оны әлі ұмытқан жоқ. Өйткені ол тек Тағанның көңіліндегі сұрақ емес. Ол сұрақты ақыл-есі бүтін, бүгіні мен ертеңіне елеңдейтін, қоғамдасып өмір сүрудің барлық мақсат-міндетін, одан туындайтын талаптар мен шарттарды, жетістіктер мен кемшіліктерді жақсы білетін кез келген жұмыр басты пенде өзіне қоя алады. «Неге мен осы?» демейді. «Неге біз осы?» дегеннен бастайды... «Меннен» гөрі «біз» ма­ңыздырақ. «Біздің» инерциясы жоғары. Шындаса, «Біздің» қолынан келмейтін дүние жоқ. Бірақ сол «Біздің» надандықтың, қа­раңғылықтың құрсауынан шыға алмауы, ашкөздікпен өлер­менденуі, бір-біріне деген қа­тыгездігі, қызғанышпен, кекпен қарулануы жарықты, биікті, тазалық пен адалдықты ту еткен жандарды өмірден түңілдіретіні де өтірік емес.

«Атау кередегі» басты кейіп­кер «Неге біз осының» авто­ры. «Неге біз осы?» деп қамы­рық­­ты күйге түскен, ойлай бе­ріп ой түбіне батқан, қияли Та­ған осы шығармадағы барлық кейіп­керді біріктіріп тұрған негізгі ұстын. Шын мәнінде өз басының қамын ойлап, байлыққа жету үшін сонау Америкадан будан араларды алдыртып, ба­ғып жүрген өзімшіл, сараң, қаты­гез Ерік те, өмірінің соңғы күн­дері туған жерге табан тіреу­ді армандап қана жатқан Нүрке кемпір де, күйеуі бар болса да жалғыздықтан жапа шегіп, оның қамқорлығы мен мейіріміне бөлене алмаған Айна да қандай болсын, әйтеуір бір өзгерісті іштен күтіп жүргендері анық еді. Бір кездегі елді аузына қаратқан шешен де білімді аспиранттың қаңғып қалғаны, бір жұтым арақ үшін кісі есігінде жүруге арланбай, Ерікпен бірге оның үйіне баруға келісім беруі соқталы сюжет. Осы арқылы шығарма шымырланады, оқиға қоюланады.

«Неге біз осы?» қоғамдық өмір­­дің негізгі сұрағы. Таған бұл арқылы өзі өмір сүрген қо­ғам­ның барлық кемшіліктерін қол­мен қойғандай ғып тізіп бе­реді. «Шала-жансар жасалған оқу­лыққа сендік, шала сауат­тыларға сендік, шабына от түссе де айтайық: Өкімет басында отыр­ғандардың бар-барлығына сен­дік, ал олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болды. Міне, сондықтан да ха­лық адасты, қайсысының қай сөзіне сенерін білмей сенделді, олардың біріне-бірі жала жауа қуып, бірін-бірі жоққа шы­ғаратын теңіз толқыны секілді айбынынан сескенді, не айтса да құлдық деді, кім айдаса да жүрдік деді, қытықтаса – күлді, шымшыса – жылады, онда да көз жасын жасырып тұншыға жылады, маңдайынан сипаса қуанды, жат десе – жатты, тұр десе – тұрды, осылайша цирктегі үйретінді аңдардай адамдар да таяқтың күші, тәттінің дәміне үйренді, үйретті...» дейді Таған. Сол жой­қын мемлекеттік құ­рылым шындық іздеген, әсіресе, 1930-1940 жылдардың шындығын ізде­ген Тағанды адам қалпынан шығарып жібере жаздады. Дис­сертациясын қорғатпады, жұ­мыстан қуды, КГБ-ны соңына салып қойды. Ақырында барар жер, басар тауы қалмаған Таған он шақты жылдың ішінде маскүнем атанды. Бозала таңнан «Неге біз осы?» деп сұңқылдайтын әдет тапты. Таған – Кеңес өкіметі тұ­сында шындыққа ұмтылған, сол үшін жазаланған, қуғынға ұшыраған, тағдырының тас-талқаны шыққан адамдардың жиынтық бейнесі. Оның іздегені тек қана шындық емес. Ол адамға тән асыл қасиеттердің бәрінің жоқ­таушысы. Бірақ «Біздің» рухы қалғып кеткен. «Біз» ұй­қылы-ояу, тек бүгінмен өмір сү­реді, қоғамдасып өмір сүрудің негізгі мақсатын түсінбейді. «Біз» жүйенің де құлы, құлқынның да құлы... Бұл шындық Таған сияқты жаны нәзік, білім мен парасат тең біткен адамдардың жанын жасытатыны анық.

«Атау кередегі» жағымсыз образ – Ерік. Өйткені ол өзі өсір­ген будан аралардан айны­майды. Оның өзі де будан тұқым... Әкесі қазақ, анасы орыс Еріктің ұлты жоқ. Ол үшін салт-дәстүр, тіл мен дін деген түк те емес. Ол ешкімнен жәбір көрмесе де адамдар арасынан қашады. Ауыл­дастарын үнемі жазғырып жүреді. Барлық мақсаты – көп дүние жинау. Ауру шешесі мен жарынан басқа ешкімі жоқ жал­ғыз жігіттің дүние жинаудағы мақ­саты да айқын емес. Шығарма соңында сонаға айналып, ұшып кететін Ерік – ұлтсызданудың, мәң­гүрттіктің символы. Оған бәрібір. Ол «Неге біз осы?» деп жаны күймейді. Өмірлік сұ­рақтар қойып, оған жауап та із­демейді. Бірақ Таған сияқты адам­дардың энергетикасы оның әл­сіз жан дүниесін күйретіп жі­бер­геніне таңғалуға да болмайды.

«Атау кере» романы қо­ғам­дық өмірдің қым-қуыт сауалдарына түрлі әдістермен жауап бере отырып, барлығынан айрылсаң да, адами қасиеттерді жоғалтпау туралы ой тастайтын күрделі роман. Мұнда негізгі кейіпкерлер көп те емес. Бар-жоғы жиырма шақты кейіпкер болуы мүмкін. Бірақ ешқайсысы бір-бірін қайталамайды. Түрлі мінез, түрлі тағдыр. Соның ішінде басты кейіпкерлер «Неге біз осы?» деп әлеуметтік сауал қойып, оған өзі жауап беретін Таған мен қатыгез, дүние­қо­ңыз Ерік бей­нелерінің ерек­шеліктерін ғана сөз еттік.