Жақында Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Асқар Мамин "Өскемен - Талдықорған" автокөлік жолындағы құрылыс барысы мен "Үшарал - Достық" күре жолы құрылысының жобасымен танысқан болатын, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Сапар барысында Үкімет Басшысы салынып жатқан көлік инфрақұрылымның сапасына қатысты сын-ескертпе айтып, "Өскемен - Талдықорған" жолының жыл соңына дейін іске қосылатынын мәлімдеді. Яғни, республикалық маңызы бар күре жолдағы жұмыс қарқыны үдей түспек.
"Қайта жаңғырту жұмыстары көлік қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, елді мекендер мен жолға жақын аумақтардың экологиялық жағдайын жақсартады, сол сияқты жаңа жұмыс орындарын аша отырып, жол бойындағы көрсетілетін қызметті дамытуға ықпал етпек. Жолдың жалпы ұзындығы 768 шақырым болатын бөлігіндегі қозғалысты осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр", - деді өз сөзінде Премьер-Министр Асқар Мамин.
Ал Алматы облысының аумағындағы стратегиялық маңызы бар автожолдың пайдалануға берілуі өңірдегі көлік қатынасын да жаңа сатыға көтеретіні анық. Өйткені, қазір аймақтың шығысында орналасқан аудандармен арадағы барыс-келіс сын көтермейді. Әсіресе, облыс орталығынан шалғайда жатқан Алакөл ауданы, Сарқан ауданы мен Ақсу ауданының тұрғындары үшін қалаға қатынау қиын болып отыр. Сондай-ақ, күре жол құрылысының аяқталуы аймақтағы ішкі жолдардың жағдайына жіті назар аудару қажеттігін де күн тәртібіне шығаратыны анық. Жалпы, Жетісу жолдарының сапасы еліміздің көп өңіріне қарағанда көш ілгері. Яғни, ішкі қатынасты жақсартуға облыс тарапынан жіті көңіл бөлініп отыр.
Биылдыққа жергілікті маңыздағы жолдардың сапасын жақсарту үшін 556 жоба жүзеге асыруы керек. Осы мақсатқа 62,7 млрдтеңге қарастырылған екен. Оның ішінде республикалық бюджеттен 12,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 49,8 млрд теңге жолсапасын жақсартуға бағытталуда. Қаржы көзі "Нұрлы жол" бағдарламасы мен "Ауыл - ел бесігі" жобасы бойынша және "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы аясында бөлініп отыр. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы шеңберінде игерілуде.
Осы жерде аймақтағы жол сапасының жақсаруына "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының оң әсері тиіп отырғанын айту керек. Биыл осы бағдарлама бойынша жергілікті маңыздағы автокөлік жолының 326,3 шақырымын қайта жаңғырту мен құрылысын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 29 шақырымды қайта жаңғыртуға 4 634,3 млн теңге, соның ішінде Балқаш көліне дейінгі 19 шақырым автожолға 4 010,0 млн теңге, 4 км автожол мен 12 көпірді күрделі жөндеуге 1 799,6 млн теңге, 293,3 км жолды орташа жөндеуден өткізуге 8 881,1 млн теңге бағытталған. Жалпы Алматы облысында 2025 жылға дейін "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 188,7 км жолға құрылыс пен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, 120,2 км жол мен 16 көпірді күрделі жөндеу, облыстық маңыздағы 1 480 км автокөлік жолына орташа жөндеу жүргізу көзделген. Бұған кететін қаржы көлемі 148 511,9 млн теңге шамасында екен.
Жергілікті жолдарды жаңғырту мен қайта салу дегенде Жетісуда басталған екі ірі жобаны сөз етпей кетуге болмас. Мәселен, Алматы қаласы маңындағы үлкен айналма жолдың құрылысы үшін 51 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған. Жоба бойынша ұзындығы 36,4 шақырым болатын ішкі жолдар салынып, облыстың Іле, Талғар, Қарасай аудандары аумағында жаңа қозғалыс кешендері іске қосылуы тиіс. Ал Талдықорғаннан Балқаш көліне дейінгі 75 шақырым жолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін ауылдар арасындағы көлік қатынасының сапасы артып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуеті артады деген сенім бар. Қазір жол құрылысына 18 млрд теңге бөлінген.
Жалпы, атқарылған шаралардың нәтижесінде облыстың ішкі жолдарының сапасы 99 пайызға дейін «жақсы және қанағаттанарлық» жағдайына жетеді деген болжам бар. Жол сапасы демекші, Индустрия және инновациялық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Жол активтері ұлттық сапа орталығы еліміздегі жол құрылысы, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарына сараптама жасайтыны белгілі. Осы орталықтың Алматы облысындағы филиалының мамандары жылдың алты айында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 3732 инспекциялық тексеру, ал жергілікті жол желісіне 1915 тексеру жасапты. Нәтижесінде мамандар жол салуда жіберген 3,9 мың олқылықты анықтаған.
"Биыл "Нұрлы жол" бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған жаңа кезеңі басталды. Жоспар бойынша елімізде 9,8 мың шақырымға жететін автокөлік жолына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жыл соңына дейін 2,6 мың шақырым жолды халық игілігіне тапсыру міндеті тұр. Ал "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыға Алматы облысынан 18 жоба енгізілді. Қазірдің өзінде 5 бағыттағы жол құрылысының қарқыны айтарлықтай. Бұлардың қатарында "Талдықорған – Өскемен", "Күрті – Бурылбайтал", "Ұзынағаш – Отар", "Қапшағай – Күрті", "Үшарал – Достық" автожолдары бар", - дейді "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқаушы Ғалия Асанова.