• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қыркүйек, 2020

Жиын-терін аяқталуға жақын

250 рет
көрсетілді

Биыл Ақтөбе облысының шаруалары 445 мың гектар жерге дәнді дақыл, 46 мың 200 гектарға майлы дақыл, 104 мың гектарға жоңышқа, жүгері, арпа сияқты мал азығын, 3310 гектарға көкөніс отырғызды. Көктемдегі көлік қозғалысының шектеулеріне қарамастан, ауылшаруашылық құрылымдарының техникасына кідіріс болған жоқ әрі шаруа қожалықтары арзан жанар-жағармаймен қамтамасыз етілді. Соның нәтижесінде қыркүйектің соңғы аптасында жиын-терін жұмыстары аяқталмақ.

Биылғы бидай түсімі – әр гектардан 9,5-10 центнер. Жиналған астық жалпы сы­йымдылығы 500 мың тонна болатын жеті элеваторда сақталады. Екі элеватор – Ақтөбе қаласында, қалғандары Алға, Мәртөк, Қарғалы, Қобда, Хромтау аудандарының ор­талықтарында орналасқан. Одан өзге елді мекендерде шаруа қожалықтарының астық сақтайтын 180 қоймасы бар.

Ақтөбелік шаруа қожа­лықтары әзірге астық сатуға онша ықыласты емес. Өйткені әлемдегі бидай бағасы қысқа таяу күрт көтеріледі дегенді естіген соң шаруалар сақтауға мүмкіндік болса, бидайды қамбада ұстай тұруды тиім­дірек санайды. Бұл үшін дән­ді дақылдарды шірітпей ұзақ­мерзімді сақтауға лайық қам­балар желісін жаңарту, астық өнімдерін өңдейтін кәсіп­орын­дар желісін көбейту – өңірлердегі мақсатты жо­балар­дың біріне айналуы тиіс.

Биыл республикалық бюд­жеттен облысқа 19 млрд теңге субсидия бөлінді. Мем­лекеттік қолдауға қол жеткізген Мәртөк, Қарғалы аудандарының диқан­дары өңірде бұрын-соңды өсір­меген бұршақ тұқымдас майлы дақылдарды өсіріп, жоғары агротехникалық шаралардың нәтижесінде мол өнім жинап, бұршақ пен жоңышқа экс­портының тиімді жолдарын ойластырып жатыр. Мал азығы дақылдарынан жоғары өнім алуға биыл 10 600 гектар суармалы жерді қосымша айналымға енгізу мүмкіндік берді. 2021 жылы суармалы жер көлемі 40,8 мың гектарға ұлғайтылып, қараусыз қалған бұрынғы су тоғандары қалпына келтірілмек. Бұл үшін қыста қар тоқтату, көктемде еріген қар суын ұстап шағын су тоған­дарына жинау жүйелі іске асырылуы керек.

 

Ақтөбе облысы